Назар Роллан өзі осы жерде әкімшілік құқықбұзушылық үшін 2 рет қамауда болғанын айтады.
«Мен онда болдым, ешкімге тілемеймін»: Төреғали Төреәлі абақтыда қалай күн кешіп жатқаны белгілі болды
44,713
оқылды

Алматылық блогер әнші Төреғали Төреәлі жатқан изолятордағы жағдай туралы айтып берді, – деп хабарлады Tengri Life.

Назар Роллан өзі осы жерде әкімшілік құқықбұзушылық үшін 2 рет қамауда болғанын айтады.  

«Әкімшілік соттан алып келген бетте жеке камераға қамайды. Сосын ұсталғандарды жағдайға байланысты камераларға бөліп отырғызады. Мен болған кезде 7-8 адамнан отырдық. Телефон, аяқкиімнің жібін тәркілейді, толық тексеріп шығады», – деп еске алады блогер.

Сондай-ақ ол абақтыдағы жағдайды баяндап берді.

«Арнайы абақты мен изолятордағы жағдай бірдей деп естідім. Екеуінде де сондай төсектер, камералар бірдей. Жалғыз айтатын нәрсе, арнайы абақтыда адамдарды ұрып-соқпайды, қатыгездік жоқ», – дейді Назар Роллан.

Айтуынша, абақтыда «вип-камералар» жоқ.

«Таңертең 8-де оятады, сапқа тұрғызады, камераны тексереді.  Сосын таңғы ас беріледі. Таңертең 1 сағат және кешке 1 сағат серуендеуге болады. Торда ары-бары жүресің, іші өте кішкентай. Үш рет тамақтандырады. Мейрамханадағыдай болмаса да жеуге болады», – дейді жас жігіт.

Бос уақытта қамауға алынғандар шахмат ойнап, кітап оқиды.

Назар Роллан абақтыда отырғанда өзіне қатысты қорытынды шығарғанын айтады.

«Мен ол үшін жауап бере алмаймын (Төреғали Төреәліні айтады). Мен онда 2 рет болдым. Шынымды айтсам, көп нәрсені түсіндім. Ешкімнің басына бермесін деп тілеймін, бірақ бұл жақсы сабақ болды. Болашағыңды ойласаң, құқыққа қайшы дүниелерге жол бермеу керек екенін түсінеді екенсің», – дейді Назар Роллан.

Фото:instagram @nazarrollan, @toregalitoreali