«AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің кезекті отырысында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
«AMANAT» партиясында ауыл тұрғындарының өнімін сертификаттау жұмысын жеңілдету ұсынылды
748
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітілген еді. Ауыл тұрғындары жылдық 2,5% жеңілдікпен қарыз алу, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек ала алады. Осы бағдарлама аясында «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мәселесіне басымдық бергенін атап өтті.

«Жалпы, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл қадам ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында да ауылдың және ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға ерекше назар аударылды. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың табысын арттыру мақсатында қолға алынды», – деді ол.

Биыл «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатты 17 мыңға жуық шағын несие беруге жұмсау жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Кеңес мүшелеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов айтты.

«Микрокредиттерді жергілікті атқарушы органдар сенім білдірілген агент арқылы, яғни әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылына 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейінгі мерзімге (мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін) береді. Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін – 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңгеге, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін – 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңгеге дейін микрокредит ұсынылады. Бүгінде жалпы сомасы 49,97 млрд теңгеге 8846 өтінім қабылданды. Оның ішінде 8,3 млрд теңгеге 1679 өтінім мақұлданды», – деді ол.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев мал өсіретін шаруашылықтарға несие бермес бұрын төрт түліктің азығы мен жайылымның жеткілікті болуы мәселесін шешу қажет екеніне назар аударды. Сондай-ақ, ол ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне жеке тоқталды.

«Түркістан облысындағы Ленгер қаласында 2 мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Тұрғындар бал, сүт және ет өндіреді. Алайда лицензия мен өзге де құжаттардың болмауына байланысты олардың тауары дүкенге қабылданбайды. Амалы құрыған кәсіпкерлер өнімін  базарда саудалайды. Тұрғындар азық-түлік қана емес, сапасы жоғары тоқыма және т.б. тауар түрлерін өндіруді үйренді. Ауыл тұрғындарының өнімін сертификаттау жұмысын оңайландыру керек», – деді партия Хатшысы.

Аталған жоба осыдан төрт жыл бұрын Жамбыл облысында қанатқақты режимде жүзеге асырыла бастаған еді. Осы өңірдегі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Оспановтың айтуынша, 2019 жылы мал шаруашылығын дамыту үшін 2,5 мыңнан астам несие беріліп, шаруалар жалпы сомасы 6,4 млрд теңгеден астам қаражатқа 45 мыңнан астам мал басын сатып алды. Бұл ретте, Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев тек отандық төрт түлікті сатып алуға тырысу керек екенін атап өтті. Себебі республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат шетелге кетпей, ел экономикасына серпін беруі тиіс.

Өз кезегінде, Кеңес мүшесі, Агроөнеркәсіптік кешен кредиттік серіктестіктер қауымдастығының төрағасы Альмира Сағатова кооперативтерге несие беру тәртібін қайта қарауды ұсынды.

«Біз бұл 27,6 млн теңгені несиенің орнына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жарғылық капиталдың жарнасы ретінде беруді ұсынамыз. Кооператив құру кезінде шаруалар мұқтаждықты сезінеді. Олардың материалдық-техникалық базасы әлсіз. Ал бұл қайтарымы бар жарна болады. Осылайша, 5-7 жылдан кейін кооператив иелері бұл үлесті ӘКК-ден сатып алады», – деді ол.

Жиын барысында Ақтөбе, Түркістан және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары да сөз сөйледі.

Айта кетейік, былтыр аманаттықтар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 40 күндік ақпараттық марафон өткізді. Мобильді топтар еліміздегі 179 ауданға қарасты 425 ауыл мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамти отырып кездесу өткізді. Жеңілдікпен берілетін қарызды рәсімдегісі келетін отандастарымыз өзі тұрып жатқан өңірдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына немесе kezekte.kz порталына жүгіне алады.

Жиын қорытындысында Нұржан Әшімбетов мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатарынан жұмыс тобын құруды, цифрландырудың қосымша элементтерін енгізу бойынша өңірлерге арналған ұсынымдар әзірлеуді ұсынды. Кеңес төрағасы ауыл тұрғындарының өнімін дайындау мен сатуға, сондай-ақ тиімді ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға ерекше назар аударуды тапсырды.