Әлеуметтік төлемдерді 14,5%-ға арттыру көзделіп отыр.
Шілдеден бастап көпбалалы аналардың жәрдемақысы өседі
3,411
оқылды

Биыл шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау күшейтіледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде 1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша төлемдер 14,5%-ға арттырылады.

Сондай-ақ 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке (25 530 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) дейін көтеріледі.

Осылайша, 1 шілдеден бастап төмендегі жәрдемақылар өседі:

  • Мүгедектік бойынша;
  • Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;
  • Арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;
  • Мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
  • Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • Саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • Қазақстан алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы.

Осылайша, жоғарыда аталған жәрдемақы түрлерін 2022 жылмен салыстырғанда 23%-ға ұлғайту қамтамасыз етіледі (Биыл 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға өсуді ескеріп). Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд теңге бөлінді.

Бұдан басқа, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақыларды 14,5%-ға арттыру көзделген:

  • Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;
  • Мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).

Бүгінде бұл жәрдемақылардың мөлшері - 56 794 теңге. Әлеуметтік кодекс күшіне енгенде бұл жәрдемақы 65 мың 313 теңге болады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 6,4 млрд теңге бөлінді.

Әлеуметтік кодексте сондай-ақ «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған әйелдерге төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.

Қазір 6, 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алса, енді биыл 1 шілдесінен бастап «Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградтталған көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке (25 530 теңге, 1 АЕК – 3450 теңге) дейін өседі.