Мәжіліс депутаттарына арналған «Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу саясаты бойынша диалог және COP-28» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
«AMANAT» партиясы экология саласындағы кез келген жобаны қолдауға дайын – Елнұр Бейсенбаев
868
оқылды

Бүгін елордада Мәжіліс депутаттарына арналған «Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу саясаты бойынша диалог және COP-28» тақырыбында семинар-тренинг өтті. «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы бастамашы болған іс-шараға «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы қолдау көрсетті.

Сөз басында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда экология мәселесі ушығып тұрған ірі өндірістік кәсіпорындар бар екенін атап өтті.

«Қазақстан негізінен шикізаттық мемлекет саналатындықтан, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мәселесі біз үшін өте маңызды. Бүгінде қуатты тиімді пайдалану мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Осы орайда, «AMANAT» партиясы экология саласындағы кез келген жобаны қолдауға дайын. Тіпті, сайлауалды бағдарламамызда осы экология мәселесіне жеке тарау арналды. Зиянды шығарындылардың 45-60%-ы ірі кәсіпорындарға тиесілі. Сондықтан, осы және өзге де экологиялық мәселелерді біртіндеп шешу қажет», – деді ол.

Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин климаттың өзгеруі мен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу Қазақстан үшін ғана емес, жаһан жұртшылығы үшін маңызды мәселе екенін атап өтті.

«1800 жылдан бүгінге дейін Жер шарының температурасы 1,1 градусқа жоғарылады. Өкінішке қарай, бұл мәселе Қазақстанды да айналып өткен жоқ. 1936 жылдан бері елімізде әр 10 жыл сайын температура 0,36 градусқа көтеріліп келеді. Бұл үрдіс бүкіл әлемде байқалуда. Алайда еліміздегі температура әлемдегі орташа температура деңгейінен әлдеқайда жоғары. Дүниежүзілік банктің есебі бойынша, 2050 жылға қарай климаттың өзгеруі себебінен 200 млн-ға жуық адам баспанасыз қалуы мүмкін. Температураның жоғарылауы түптеп келгенде апаттық дауыл, қуаңшылық, су ресурстарының азаюы, теңіз деңгейінің көтерілуі, биоалуандықтың кемуі сынды мәселеге алып келеді. Мәселен, кейінгі 5 жылда елімізде қуаңшылық өте жоғары деңгейге жетті. Маңғыстау, Қызылорда, Атырау облыстарында жаңбыр жаумаған жылдар болды. Мұның бәрі ел экономикасына, өмір сүру жағдайымызға әсер етіп отыр», – деді депутат.

Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис Янкаускас заманауи әрі экологиялық тұрғыда таза технологияларды қолдану халықаралық инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыра түсеріне назар аударды.

Семинар барысында Еуропа қайта құру және даму банкінің, Еуропалық орман институтының «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының сарапшылары сөз сөйледі.

*Conference of the Parties (COP 28) – Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының конференциясы немесе 2023 жылдың 30 қарашасы мен 12 желтоқсаны аралығында Дубай, БАӘ-де өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі COP 28 деп аталатын конференциясы.