Теміртау қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Жемқорлықпен күрес тоқтамайды
1,450
оқылды

 

Теміртау қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында Қарағанды облысындағы жер беру, құрылыс салуда кеткен олқылықтар ғана емес алдағы қысқа дайындық туралы сөз болды.

Кеңес мүшелері қатысқан отырысқа Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов, «AMANAT» партиясының жергілікті мүшелері және де басқа жауапты тұлғалар қатысты. Жиынға мәжіліс депутаттары мен аудан әкімдері онлайн түрде қосылды.

Жиынды басқарып отырған «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров:

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылу энергетикасы саласындағы мәселелерді, соның ішінде жылу энергетика саласындағы протекционизмге және жемқорлыққа алып келетін әртүрлі айла-тәсілдерді жою жөнінде тапсырма берген болатын. «AMANAT» партиясының төрағасы, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың басқаруымен Мәжілісте Қазақстандағы жалпы жылу энергетика саласындағы мәселелер қарастырылды. Өздеріңізге белгілі елімізде жаз қысқа, тез өте шығады. Сондықтан, «біз алдағы жылыту маусымына Қазақстандағы әр аймағындағы жылу энергетикасының дайындығы қалай, үлгере ме? Қандай мәселе бар?» деген сұрақпен шықтық.

 

Протекционизм мен коррупция мәселелері тек қана мемлекетте емес сонымен қатар жеке кәсіпорындарда да бар. Осы мәселелерді шешпейтін болсақ, біздің елімізде Әділетті және жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес. Қарағанды облысы еліміз үшін экономикалық, әлеуметтік және рухани жағынан өте маңызды өңір. Аймақтағы өзекті деген мәселелерге «AMANAT» партиясы назар аударады. Мәжіліс трибунасында Карметкомбинаттың жұмыскерлерінің, осы комбинаттың мердігерлер мәселесін көп көтереміз. Бірақ, дегенменде бұл мәселелер шешімін таппайды. Бүгінгі таңда инвестордың қазақстандық жұмыскерлерді, кәсіпорындарды белгілі дәрежеге көтеруге деген пейілі жоқ,  – деді.

Сонымен қатар, Ерлан Бияхметұлы Астанадан келген делегация Теміртау қаласындағы 1 ГРЭС-ке кіріп шыққанына тоқталды. Көзкөргендей, бұл жылу беретін орталықтың жағдайы өте мүшкіл. 1942 жылы салынып, жұмысын бастағаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Кеңес төрағасының орынбасары  Дидар Смағұлов аталған кеңестің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес кеңес мүшелері мен Қарағанды облыстық филиалы, облыстық прокуратура қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобының 12-20 маусым аралығында 2020-2022 жылдар және биылғы жылдың 5 айындағы  сыбайлас жемқорлыққа қатысты зертеуіне тоқталды.

Төраға орынбасарының айтуынша облыс бойынша  өткен 2 жарым жылда 123 жемқорлық қылмысы бойынша іс тіркелген.

– Оның негізгісі –  пара алу, бюджет қаражатын ұрлау және қызметін асыра пайдалану. Сыбайлас жемқорлық ішкі істер және жергілікті басқару органдарында басым.

Тексеріс барысында бірқатар аудан мен қалалардағы арнайы комиссиялардың дұрыс жұмыс істемейтіні анықталды.

Қарағанды қаласында құрылыс, коммуналдық шаруашылық, жер қатынастарына анализ жасалғанда бірнеше жемқорлыққа апаратын фактілер анықталды. Қалада бірнеше тұрғын үйді заңсыз салған. Алдағы уақытта бұл үлескерлерді тығырыққа тіреуі мүмкін. Мысалы, «Бәйтерек» ТК-тің құрылыс салуға рұқсаты болмаған. Бірақ, әлеуметтік желі арқылы пәтер сатамыз деген жарнама беріп қойған, –  деп атап өтті Дидар Смағұлов.

Сонымен қатар, Қарағандыдағы Степной көшесінде салынған  5 қабатты үйді архитектура бөлімі бірде-бір құжаты болмаса да пайдалануға қол қойған. Жерді пайдалануға беру кезінде де бірнеше заңбұзушылық болған.

Жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан бақта да бағаны қолдан көтеру анықталған. Әр орындыққа 323 мың теңге бөлген. Интернетте бұл бұйымды 70-170 мың алуға болса, қоқыс жәшігіне – 21 мың теңге жұмсаған. Ал, бұл қалдық салғыш 9-16 мың теңге ғана тұрады. Яғни, бағаны екі есе көтеріп жіберген. Мұндай бағаны негізсіз көтеру Шахтинск қаласында да болған.

– Осындай заңбұшылықтардың жолын кесуіміз керек, – дейді төраға орынбасары.

Жиынға қатысқан Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев сыбайлас жемқорлықтың еліміздің дамуына кедергі келтіретіне тоқталып өтті.

– Көрсетілген кемшіліктер бойынша жұмыстар істелінеді. Заңсыз құрылыс, үлескерлік және басқа мәселелер бойынша ешбір жұмыс жасалмай жатыр деп айта алмаймын. Бәрі біздің қадағалауымызда. Бірнеше заңсыз құрылыс жүргізушілерге сот арқылы айыппұл салынды. Бұрын айыппұл 1 милион теңге ғана болса, енді 10 миллион теңге. Бұл әр кәсіпкерді ойландырады. Құрылыс жүргізушілер есеп беріп отырады, – деді облыс әкімі.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының мердігерлер алдыңдағы 10 миллиард теңге қарызы туралы өңір басшысы: «Бұл мәселені бізде қарастырудамыз. Алдағы уақытта да бақылауымызда болады. Комиссияға нәтижесі туралы жазбаша жауап береміз», – деді.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Неге, сіздерде жемқорлыққа қарсы пікір, ұсыныс, аудан мен қалаларда комиссия жұмысын реттейтін ережелер жоқ? Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, комиссияда талқылаған тиімді болар ма еді?» деген пікірін білдірді.

Кеңес отырысында  Теміртау, Балқаш қалаларында жылыту маусымына дайындық туралы да сөз қозғалды. Жауапты тұлғалар кеңес мүшелерін «Қыста тұрғындар тоңбайды. Жылу болады» деп сендірді.

Бұл айтылған мәселелердің орындалуы туралы қыркүйек айында онлайн жиын өткізілетіні жиын барысында айтылды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

AIQYN газеті