Соңғы жылдары экологиялық ахуалды бастан кешіп жатқан Арал өңірі жұртшылығының жайы күллі адамзатты алаңдатып тұр.
Жасанды жаңбыр: Жаһандық жылынудың шешімі ме?
1,323
оқылды

Бұл аздай жылыну процесі мен қуаңшылықтың әсері көптеген халықаралық ұйым­ның басты мәселесіне айналды.

Әлемдік жылынудың әсерінен орман­дардың жаппай өртке орануы, қуаңшы­лықтан көк шықпай, төрт түліктің қы­рылуы көпті алаңдатып тұрғаны жасырын емес. Қайбір жылдары ел аумағындағы қуаңшылықтан төрт түлікке азық табыл­май, жаппай қырылған. Әсіресе, Арал өңірінде экологиялық ахуалдың ушығуы шұғыл шараларды қолға алу қажеттігін аңғартады. Бұған қоса, соңғы күндері Абай облысындағы төтенше жағдай да біраз мәселенің басын ашып көрсеткендей болды.

Жалпы, ғалымдар ғаламшар жылыну процесін бастан өткеріп жатқанын айтып, жиі дабыл қаға бастады. Негізінен, бірнеше ондаған жыл бойы Арал теңізінің құрғау мәселесі елдің және аймақтың ахуалын ушықтырып, оны сақтап қалуға ғылыми тұрғыда халықаралық ұйымдар бас қатырып отыр. Соның негізінде қан­шама күш-жігер сарп етіліп, ауқымды жұ­мыстар жүргізілді. Алайда көңіл көн­шітерлік нәтижелермен қуана алмай отырмыз.
Соның бірі – Біріккен Араб Әмірлігі Абу-Даби қаласындағы халықаралық климат өзгерту технологиялары мекемесі жасанды жаңбыр жауғызудың тың жоба­сын ұсынды. Бұл жайында Арал өңірінде өткен экономикалық форумда алғаш мәлім болған еді.

Осы жасанды жаңбыр жауғызу жоба­сын ұсынып отырған Абу-Дабидегі атал­мыш мекеме басшысы Алтай Айнабекпен байланысып, жаңа технологияның жай-жапсарын сұрап көрдік.

«Біз қазір жаңа климаттық сынақпен, яғни ғаламшарымыздың климатына антропогендік әсер ету құбылысымен бетпе-бет келіп отырмыз. Жер бетінің температурасы әлдеқашан көтерілді. Бүгінде бұл құбылыс ешкімге құпия емес. Тіпті, барлық ел Париж келісімін сөзсіз орындаса да, ғаламдық жылыну процесінің шешімін табу оңай болмасы белгілі. Сондықтан әлем елдерін, оның ішінде Орталық Азияны құрғақ аймаққа айналу қаупінен сақтап қалудың жолдары ойлантады. Өйткені жылыну процесі мен құрғақшылық, температураның көтерілуі, булану көрсеткішінің жоғарылауы, жердің тозуы құрғақшылықтың жиілеуіне әкеп соқтырады», – деді бізге климаттық технологиялар саласындағы халықаралық эксперт Алтай Айнабекұлы.

Оның айтуынша, Орталық Азиядағы халық санының өсуі мен су ресурстарын ұтымсыз пайдалану су тапшылығы мәселесін шиеленістіреді. Бұдан азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдер де күшейе түспек.

Бүгінде көптеген елдер мен әртүрлі деңгейдегі ұйымдар су ресурстарын кө­бейтуге, сақтауға және ұтымды пайдалануға көп көңіл бөліп отыр. Жасыратыны жоқ, қазір сумен жабдықтау жүйелері адам­дардың қажеттіліктері мен қоршаған ортаны сақтауды толық қамтамасыз ете алмайды. Бұл орайда сумен жабдықтау жобалары құнының артуы, су ресурс­тарының жеткіліксіздігі сынды мәселелер туындайды. Осы орайда жаһандық жы­лынуға төтеп берудегі әрекетіміз қандай болмақ деген сауалдың тууы заңды.

«Бүгінде сумен қамтамасыз етудің дәс­түрлі әдістері атмосфералық су ресурс­тарымен қамтамасыз етудің инновациялық әдістерімен алмастырылып жатыр. Біздің планетамыздың атмосферасында судың бу түріндегі мөлшері шамамен 10 триллион тоннаға жуықтайды. Бұл – жер бетінің әрбір гектарында орта есеппен 200 тон­надан астам су бар деген сөз. Жер бетіндегі жауын-шашынның таралуы біркелкі емес. Бір жыл ішінде жер бетіне жауын-шашын түрінде 500 мың текше километрден артық түседі. Бірақ оның тек 21 пайызға жуығы құрлыққа, қалғаны дүниежүзілік мұхитқа құйылады. Соған орай Арал теңізіндегі жауын-шашын мөлшерін арттыру жоба­сын жүзеге асыру үшін біздің компания тарапынан Clear Sky Manager New Generation жүйесін пай­далану ұсынылады. Бұл қазіргі заманның негізгі климаттық тәуекелдерін азайтуға мүм­кіндік беретін ауа райын басқарудың кешенді шешімі болып саналады. Яғни, құрғақшылықпен, шөлейттенумен, қа­лыптан тыс жылумен, шаң-құмды дауыл­дармен, орман және дала өрттерімен, су тасқындарымен, ауаның ластануымен және басқа да ауа райы ауытқуларынан туындайтын келеңсіздіктерді еңсеруге жол ашады», – деп түсіндірді халықаралық сарапшы.

Соған орай сарапшы өзі ұсынған қауіпсіз технологияның тиімділігін алға тартады. Бұл аймақтағы экологиялық апаттың салдарын жоюға және азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Арал теңізі аймағын және су ресурстарын ұлғайту және температураны төмендету арқылы климаттың бірқалыпты өзгеруін қамтама­сыз етуді көздейтінін жеткізді.

Бұл жүйе климат пен экологиялық қауіпсіздік қағидатын қамтамасыз ететінін айтады. Сонымен қатар қоршаған ортаға және байланыс құралдарының жұмысына кедергі туғызбайтынын, адам денсаулы­ғына қауіпті электромагниттік немесе бас­қа сәулеленуді тудырмайтынын мәлім­деп отыр.

Маманның айтуынша, жобаның сапалы орындалуын қадағалау, ауа райын басқару технологияларын құру, жетілдіру және қолдану жұмыстары қатаң бақылауда болады. Оны 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті мамандар, ғалымдар, аэро­логтер, метеорологтер және климаттың өзгеруі технологиялары саласындағы жетекші сарапшылар командасы қам­тамасыз етеді.

Халықаралық сарапшының сөзіне сүйенсек, ауа райын басқару жүйесін 5-10 жыл бойы пайдалану су ресурстарының тапшылығы мен жаһандық жылынумен байланысты туындайтын салдарды еңсеріп қана қоймай, жергілікті климатты өз­гертуге мүмкіндік береді екен. Нақты айт­қанда, жауын-шашын деңгейінің жылдық мөлшері орташа есеппен 30 пайызға және одан да көп артуына, ыстық мезгілде температураны белгілі мөлшерде төмендетіп, электр энергиясын тұтынуды 8 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өсімдік жамыл­ғысының ұлғаюына және шаң-құмды дауылдардың себептерін жоюға, жерасты суларының мөлшерін көтеруге, Арал теңізінің деңгейін ұстап тұруға және арттыруға, адамның ыстық мезгілде жұ­мыс істеу қабілетін көтеруге көмектеседі. Сол сияқты тұздану, жоғары температура және басқа да келеңсіздіктерге байланысты туындайтын аурулардың санын азайтуға, аймақтағы ауыл шаруашылығы саласын дамыту мүмкіндігі және адамның эмо­ционалдық фонына оң әсер ету секілді бірқатар мәселенің оңтайлы шешілуіне жол ашады деп топшылайды.

«Бұл технология Арал өңірі ғана емес, тұтас еліміздегі жаһандық жылыну салда­ры­нан туындайтын құрғақшылықты ең­серуге мүмкіндік береді. Бір ғана мысал айт­сам, мұндай жүйені қолданысқа енгіз­бесек, бо­лашақта Арал аумағында егілген сек­сеуіл­дердің жаппай жойылуы, өңірде адамның өмір сүру мүмкіндігінің төмен­деу қаупі басым. Әзірше шетелдік донор­лардан қаржы іздеп жатырмыз. Қажетті қаржы көздері шешімін тапса, Аралдың және еліміздегі аридтік аймақтардың мәселесін шешуге болады», – деп түсін­дірді ол.

Биыл мамыр айында Қазақстан Рес­публикасындағы Аралды құтқару қорының дирекциясы, Өзбекстандағы осындай тектес ұйым мен климаттың өзгеруі тех­нологияларының халықаралық орталығы арасында үшжақты меморандумға қол қойылыпты. Соған орай келешекте жо­баны екі кезең бойынша жүзеге асыруды ұсынып отыр.
Жалпы, халықаралық сарапшы бұл жобаны жүзеге асыру Аралды құтқару бойынша жүргізіліп жатқан және жос­парланған жұмыстарға айтарлықтай оң ықпал ететініне жеткізді. Сонымен қатар жаһандық жылынуға қарсы күрестің бұл түрі – Арал өңірі тұрғындарының әл-ауқа­тын арттырып, денсаулығын нығайтуға да ықпал ететініне нық сенім білдірді.


Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы

фото: aikyn.kz