Сақтансаң – өрттен сақтан!

Абай облысындағы орман өрті та­лайды терең ойға қалдырғаны жа­сырын емес.

Ал он бес адамның қа­засы қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырып, саладағы біраз былық пен сұмдықтың бетін ашты. Әрине, апат айтып келмейтіні белгілі. Алай­да құрылымдық мекемелердің дер кезінде қабылдамаған шараларының кесірінен орманшылар көз жұмып, ажал оты ауыздықталмай кеткенін арнайы мамандар да мойындады. Абай өңіріндегі қайғылы жағдай өз­гелерге сабақ болды ма? Аптап ыс­тық­тың күн санап күшейіп келе жат­қа­нын ескерсек, орман өрті кез кел­ген аймақта күн-түн демей тұ­тануы бек мүмкін. Бұған жамбылдық сала мамандары дайын ба?

Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі дең­гейін арттыру мақсатында облыс әкімді­гінің қаулысы қабылданып, бірлескен алдын алу жоспары бекітіліпті. Нәтиже­сінде, облыс аумағының ғарыштық мо­нтронингін жүргізуге биыл бюджеттен 8 млн 830 мың теңге бөлінген.

 – Биыл 1 мамырдан бастап орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері күніне 3 рет облыстың 3,048 млн гектар мемлекеттік орман қоры аумағын «Қаза­виа­орманқорғау» РМҚК авиатехника­сымен ұшу арқылы әуеден күзету жүргізуде. «Қазавиақұтқару» АҚ авиатехникасымен облыс аумағындағы өрт қауіпті учаскелерді аралап шығу және олардың өртке қарсы жағдайына мониторинг жүргізу үшін облыс әкімдігімен биыл 47 млн 478 мың теңге бөлініп, ол 48 ұшу сағатын құрады.

Мемлекеттік орман қорының мате­риал­дық-техникалық базасын нығайту мақсатында қазынадан 280 млн теңге қаралып, оған 10 дана трактор, 12 дана өртті сөндіруге қажетті техника, сондай-ақ 10 мотопомпа алынуда.

Жалпы, «Ормандар мен жануарлар дү­ниесін қорғау жөніндегі» барлық меке­мелерде 1-үлгідегі 15 орман өрт сөндіру стансасы құрылып отыр. Олар 135 штат­тық бірлікпен, 18 өрт сөндіру автомобиль­дерімен, 36 трактор, 174 аспалы өрт сөн­діргіш, 24 мотопомпа және 246 радиостан­салармен жасақталған, – дейді Мем­ле­кет­тік өрт бақылау басқармасының бас­тығы Жомарт Сәдірмеков.

Былтыр өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес, үш шалғай елді мекенде өрт сөндіру бекеттері құрылғанынан ел хабардар. Енді биыл Жамбыл, Талас және Қордай аудандарында 3 өрт бекетін құру жоспарлануда.

Тағы бір айта кетерлігі, облыстың ауыл­дық округтерінде жеке құрамы 2 128 адам­нан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құра­лым­дар жасақталған. Олар 508 трактор, 49 су тасушы техника, 88 өрт сөндіру мото­помпа және 175 ранецті өрт сөндіргішпен қамтамасыз етілген.

Жол қызметтерінің жұмыс жоспарына сәйкес, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар 1 237 шақырым автожолдардың 1 074 шақырым қашықтықта, облыстық маңызы бар 1 943 шақырым автожолдардың 712 шақырым қашықтықта және 840 шақырым темір жолдың 104 шақырым қашықтығында орман екпе ағаштары бар жерлерде өртке қарсы жырту жұмысы 30 мамырға дейін толықтай аяқталған.

Әрине, мұндай сақтық шаралары көңіл қуантады. Статистика да «сұлу» сөйлеп тұр. Алайда 2021 жылы 15,3 гектар жерде дала өрті тіркеліп, шығын 2 миллион теңгені құраса, былтыр 407 гектар жерде жану және 162 гектар жерде орман өрті болған. Ал жыл басынан бері 406 гектар орман өртке оранып отыр. Мамандар өрт фактілерінің денінде адами факторлардың әсері бо­латынын алға тартуда.

– Бақылаусыз ауылшаруашылық қалдықтарын өртеуді алдын алу мақсатында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімдері, жергілікті полиция қызметі және жергілікті атқарушы органдардың жеке құрамы күшімен жалпы саны 82 адамнан тұратын 16 бірлескен мобильді топ құрылды. Аталған мобильді топтар тәртіп бұзушы­ларды анықтау және алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында 333 рейдтер жүргізді. Рейд барысында ҚР «Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы» Кодексінің 336 бабы бойынша 90 бұзушылық анықталды. Нәтижесінде, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 52 жағдайда ескерту берілсе, 38 азаматқа 810 750 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазір тұр­ғындарға орман алқабын қасақана өртеу дерегі бойынша ауыр жаза қаралаты­ны қатаң ескертілуде, – дейді Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Жомарт Сағатбекұлы.

Жалпы, бүгінде Жамбыл облысында 4 миллион гектардан астам орман алқабы бар. Ондағы қауіпсіздікті 15 мекемедегі 933 маман күзетуде. Алайда айлықтары 70 мың теңгеден сәл асатындықтан, орманшылар өз күндерін әзер көріп жүр деуге болады.

– Орманшыларға айлық жалақылары еңбек өтілдеріне байланысты белгіленеді. Орта есеппен олар қазір 120-130 мың теңге алып жүр. Десе де, биыл 1 шілдеден бастап орманшылардың айлық жалақысы 100 пайыз өседі деп күтілуде. Сол кезде салаға ағылатын жас мамандардың да қарасы қалың болады деген үміт басым, –- дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Нартай Егембердиев.

Жасыратыны жоқ, бүгінде орман саласында еңбек етіп жүрген мамандардың көпшілігінің жасы зейнетке келіп қалған. Немесе орманшының рөлін малшы, қорықшының рөлін аңшы сомдап жүрген кезең. Олай дейтініміз – бейнеті көп, алайда жалақысы аз жұмысқа жастар барғысы келмейді. Содан амал жоқ, орман шаруашылығы мекемелері қолда бар ресурсты пайдаланып не болмаса ерікті­лердің көмегіне жүгінуде.

Сөзімізді статистикалық мәліметпен тұздықтасақ, дәл қазір еліміз бойынша 123 орманшы жетіспейді. Жамбыл облысында 7 маманның қажеттілігі қағаз жүзінде көрсетілген. Ал Қазақстанда 9 университет орманшы мамандығын оқытатын болса, Әулиеата өңірінде бұл бағытта тек екі кол­ледж шәкірт тәрбиелеуде. Оның бірі – Құлан агро-техникалық колледжі болса, екіншісі – Тараз инновациялық көпсалалы колледжі. Алайда материалдық базасы мен әлеуеті жоғары саналған Тараз инновация­лық колледжінің өзін былтыр небары 25 маман тәмамдап шыққан. Олардың өзі орман шаруашылығы саласына қызметке тұрды деп айта алмайсың.

Әлбетте, Абай облысындағы жағдайдан кейін «орманшы» деген мамандықтың барын, олардың қызметінің қаншалықты ауыр екенін түйсіне бастағандаймыз. Мұны Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова да мойындап, орманшылардың айлық жалақысы еселеп өсіп, 2027 жылы материалдық базасы 100 пайызға жаңаратынын жеткізді. Әрине, мұндай ақпар қуантады. Алайда орманшы мамандығына көңіл бөлу үшін 15 адамның қазасы қажет болғаны өкінішті. Жауапты министрлік осы бір реттік қолдаудан кейін орманшы мамандығын тағы жылы жауып қойып, «есегім судан өткеннің» керін келтірмейді деп сенеміз.


Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы

фото: sputnik.kz