Қазақстанда күріш егістігі жылдар бойы қысқарып келеді.
Күріш үшін күрес
1,591
оқылды

Себебі елді қуаңшылық басып жатыр. Салдарынан күріш бағасы жыл сайын аспандап барады: биылғы жыл басынан күріш елімізде ең көп қымбаттаған азық-түлік түрлерінің үштігіне енді. Бұлай бара берсе, жуық жылдары бұл өнім бұқараға қолжетімсіз болып қалуы мүмкін. Бұған жеткізбеу үшін Үкімет қандай шаралар қабылдауда?
 

Үкімет өз «форвардын» анықтады

Қазақстандағы мына парадоксқа қараңыз: күріш бағасы жыл санап өсуде, бірақ республикада күріш тапшылығы жоқ. Қазақ тағамтану академиясы әзірлеген нормаға сәйкес, халқымыздың күрішке деген жыл сайынғы қажеттілігі бір адамға шаққанда 8,5 келіні құрайды. Ұлттық ста­тистика бюросының дерегінше, Қазақ­станда сәбилерді қоса алғанда, 19 миллион 854 мыңнан астам азамат бар. Яғни, күрішке деген зәрулік 168 миллион келіден 168 мың тоннадан ғана асады.

Шынында, қазақстандықтар күрішті, палауды ғалымдар белгілеген нормадан көп, шектен тыс артық жейді. Нәтижесінде, әр адам жыл бойы күріштің кем дегенде 10,5 келісін тұтынады. Бұған елімізде тұра­тын және күн сайын тамақ ішетін жүздеген мың мигрантты, релоканттарды және туристерді қосуға болады. Соның өзінде әрі кеткенде Қазақстан жыл бойы 200 мың тоннадай ғана күріш тұтынады.

Бірақ соның өзінде Қазақстан күрішпен өз нарығын толық қамтып отыр. Қызыл­орда облысының деректері бойынша, 2022 жылы тек осы өңірдің диқандары 444,6 мың тонна күріш жинады. Жалпы алғанда, елімізде былтыр қамбаға 480 мың тонна күріш құйыл­ған.  

Бұған қоса, ел осы өнімнен тарықпауы үшін Үкімет оның экспортын квоталауға көшті: оны сыртқа сатқысы келетін егін­шілер мен трейдерлер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешен­дегі мемлекеттік инспекция комитетінен күріш экспортына фитосанитариялық сертифи­каттар алуы шарт.

Соған қарамастан, бұл дақылға қатысты ахуал бұқараны да, билікті де алаңдатуын жалғастырды. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев­тің айтуынша, маусымдағы жағдай бо­йын­ша жыл басынан бері әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы орта есеппен 4,2%-ға өсті. Одан да көп қымбат­шылық басқан өңірлер жетерлік. 2023 жылы бұл көрсеткіш бойынша ан­тилидерлердің көшін Астана (6,1%), Шығыс Қазақстан облысы (5,3%) және Жетісу облысы (5,3%) бастады. Ал өнім түрлері бойынша пияз, қырыққабат, күріш және сәбіз бағалары барынша қымбаттады.

Содан осы өткен демалыста, сенбіде Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұман­ғарин Астанадағы Үкімет үйіне жауапты тұлғаларды жинады. Оның төра­ғалығымен өткен кеңесте өңірлердің азық-түлік ба­ға­сын тұрақтандыру шаралары қаралды. Әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­циялардың бас­шылары, Ұлытау облысы­ның басшылы­ғы есеп берді. Күн тәртібіне шығарылған бас­ты мәселе – Қызылорда облысындағы күріш жәрмеңкесіне дайын­дық барысы бол­ды. Үкімет басшысының орынбасары әкім­дерге биылғы жаңа егінді тұрақтандыру қор­­ларына уақытылы сатып алуды тапсырды.

Осы мақсатта қымбатшылық қысқан Қазақстан алғаш рет күрішке де форвардтық сатып алу тетігін іске қосыпты. Мемлекет ди­­қандардан тіпті егін шықпай тұрып, бо­лашақ өнімді алдын ала сатып алады. Бұл да парадокс: бұрын Үкімет Қазақ­стан өзін толық қамтамасыз ете алмайтын өнім­дерді ғана форвардтық, алдын ала сатып алатын. Ал күрішпен ел, әлгінде айтылған­дай, өзін артығымен қамтиды.
Тұтастай алғанда, белгіленген барлық өнімді форвардтық сатып алуға мемлекет 21 млрд теңге бөлді. Мұның сыртында диқан­дарға тағы 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредиттеу бағытталды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың айтуынша, күзгі егін жинау науқанын қаржыландыру жұмыс­тары жалғасуда. Үлгілік қағидалар шең­берінде форвардтық шарттар жасасу үшін ӘМАТ тізімі кеңейтілген. Соның ішінде күріш өндіру үшін форвардтық қаржы­лан­дыру енгізілді. Осылайша, енді әкім­діктерге күзгі егіннің шикізатын, соның ішінде күрішті қазірден сатып алу үшін өңдеуші кәсіпорын­дарды, аграршыларды бюджет есебінен форвардтық қаржылан­дыру мүмкіндігі берілді. Бұл үшін Е.Тасжүреков атап өт­кендей, өңірлер осы тауар бойынша өз қажеттілігінің көлемін растауы қажет.

Кеңесте айтылғандай, алдағы сенбіге, 24 маусымға Қызылорда облысында үлкен күріш жәрмеңкесі жоспарланған. Оны өткізуге дайындық барысын Үкіметтің өзі бақылауда ұстап отыр. Бұл жәрмеңкеге күзгі егін жинау науқанына орай фор­вардтық шарттар жасасу үшін республи­каның бүкіл өңірінің барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және күріш пен әлеуметтік өнімдердің ірі өндірушілері қатысады.


Өзекті саясаттан неге бас тартылды?

Күріш бағасының үздіксіз өсуіне қатысты жағдай Үкіметте бұдан бұрын да бөлек талқыланған. Мысалы, биылғы мамыр айында өңірлер арасында бұл өнім Ұлытау, Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарында қатты қымбатта­ғаны жария етілді. Қызылорда облысы әкімдігінің мә­ліметінше, 380 теңге бағамен 6 мың тонна өнім сатып алынып, қор да­йын­далды. Мамырда Қызылорда өңірінің өндіру­шілерінен 7 облыс 1021 тонна күріш сатып алды. Салыстырар болса, 2022 жылы күріштің 1 келісінің көтерме бағасы нарықта орта есеппен 325 теңге тұрды.
Ал базарда, мысалы, елорда дүкен­дерінде, бөлшек саудада оның бағасы 707 теңгеге дейін жетті. Бүгінде орта есеппен 530 теңгеге дейін түсті. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, күріш бағасы Оралда – 652 теңге, Атырауда – 638 теңгеге дейін барыпты.

Халықаралық және отандық ғалымдар биыл да Қазақстанның судан тарығуы мүм­кін екенін ескертті. «Қазгидромет» бірнеше облыста қуаңшылық болуы ықтимал деп болжады. Дәл осы жағдайда билік елдегі суды көп қажет ететін дақыл­дардың егіс ауданын азайтуға мәжбүр. Тиісінше, бірнеше жылдан бері күріш егілетін алқаптар саны қарқынды түрде азайтылып келді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшылары өздері бастап, оң­түстік облыстарды аралап, аграршыларды күріш егуден бас тартуға, басқа дақылдарға көшуге үгіттеді. Бұл жұмыс нәтижесін берді: күріш өсетін алқаптардың ауқымы 2017 жылғы 104,5 мың гектардан 2022 жылы 87,9 мың гектарға дейін кеміді.

Бүгінде күріш күн тәртібіндегі трендке айналғандықтан, билік күрішке қатысты бұл сарабдал саясатын да өзгертіпті. Ауыл ша­руа­шылығы министрі Ербол Қара­шөкеев­тің айтуынша, жалпы алғанда, 2023 жылы 23,4 миллион гектар жерге дән себілді. Бұл 2022 жылғы ауқымнан 68,6 мың гектарға көп. Биылғы көктемгі егіс жұмыс­тары таяуда, маусым айының басында ғана аяқталды.

Соның ішінде бұрынғы саясат аясында су ресурстарын көп шығындайтын мақта осы жылы тек 111,4 мың гектарға ғана егіл­ді: сөйтіп, 2022 жылдағыдан тағы шамамен 15 мың гектарға азайтылды. Ал күріш 97,3 мың гектар алаңға өсірі­леді. Бұл тіпті жоспардағы көрсеткіштен 2,3 мың гектарға артық. Салыстыру үшін айтсақ, 2022 жылы күріш 87,9 мың гектарға ғана егілген еді.

Қазақстанда күрішті негізінен Қызыл­орда облысы өндіреді: жалпы көлемдегі еншісі – 89,4%. Оны сонымен қатар Түркістан, Алматы, Жетісу облыстары да өсіреді.
    

Қазақ күріші сыраға айналды

Министр Е.Қарашөкеев ылғалды көп қажет ететін дақылдарды суаруға биыл су жетпей қалуы мүмкін екенін, салдарынан су тапшылығы қаупі барын мәлімдеді. Бірақ биліктің бар назары – күріште. Оны өндіру арттырылады. Сон­дықтан АШМ басшысы Экология және та­биғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлей­меновадан Қызылорда және Түркістан облыстарын су ресурстарының қажетті көлемімен қамту үшін уақтылы шаралар қабылдауды өтінді.

Соңғы кездері өзі де билік пен халық назарына ілігіп тұрған Зүлфия ханымның бұл міндетті қаншалықты толымды орын­дай алатыны әзірге белгісіз. Егер ол Ауыл шаруа­шылығы министрінің өтінішін аяқасты етсе не күрішті аймақты сумен жете жабдықтай алмаса, алда елде «ақмар­жан дағдарысы» туындауы әбден мүмкін. Өйткені қазақстан­дық күрішті көрші Ресей қаптатып, қап-қаппен тасып әкетіп жатыр.

Президент Үкімет алдына биыл ин­фляция деңгейін 2 есеге төмендету мін­детін қойды. Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Арман Шаққалиев осы мақсатта ӘМАТ баға­сының өсуіне барынша әсер ететін азық-түлік тауар­ларының тізімі жасалғанын айтты. Оған күріш, сиыр еті, күнбағыс майы, сары май, қант және кө­көністер жатады. Яғни, Үкімет дәл осы өнім­дерді өндірушілерді қолдауға бағыт­талған жаңа тәсілді әзірледі.

Бірінші вице-министр бүгінде бұл тауар­лардың 78 негізгі өндірушісі анықтал­ғанын хабарлады. Жаңа алгоритм аясында олар шығарған әрбір тауарға – өндіру мен сақтау­д­ан бастап сатуға дейін қолдау көрсетілуі тиіс.

«Қолдау шаралары өндірістің ерек­шеліктеріне және кәсіпорындардың өзекті әрі түйткілді мәселелеріне байланысты ерекшеленеді. Тауарлардың көкөніс то­бының бағасы ӘКК форвардтық шарт­тарын жасау арқылы реттелетін болады. Бұл орайда барлық жұмысты өңірлік ӘКК, «Азық-түлік корпорациясы» және олардың серіктестері­нің қызметін қамтитын арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Өнімді қадағалайтын бұл жүйе бағаны тұрақтандыру жұмыстарының «электронды айнасына» айналады», – деді А.Шаққалиев.

Атап өтер жайт, санкция астындағы Ресей қазақстандық күрішті жеу сыртында, оның жармасынан сыра қайнатады. Сол­түстік көршіде сыра тұтынысы былтыр екі еседей өскен: әрбір Ресей Федерациясы тұрғыны жылына 52,2 литрін ішеді. Қалай болғанда, РФ қазақтың «ақмаржанының» басты импорттаушысы болып отыр. Был­тыр солтүстік көрші шетелге шығарылған қазақ күрішінің жартысын (48,6%) немесе 52,7 мың тоннасын сатып алды. Тағы 21,7%-ын Тәжікстан, 7,8%-ын – Түрік­менстан, 6,9%-ын – Украина, 2,2%-ын – Өзбекстан тасы­ды. Ендеше ел қаржы­сына арзандатылған, субсидиялан­ған күріштің шетелге кетіп қалуына жол бер­меу де проблема болмақ.

Айхан ШӘРІП

фото: nysana.kz