Тарихы сан қатпарлы Қапал ауданы тарқап, аумағы мен ауылдары Ақсу және Ескелді аудандарына бөлініп кеткелі де ширек ғасыр өтті.
Қоңырдағы қоңыртөбел тірлік
773
оқылды

Соншама уақыт өтсе де, сол кезден қалған, әлі күнге шешімін күткен шетін мәселелер жетіп артылады. Кейбір елді мекендердің өзі Ескелдіде қалса, шаруашылық жерлерінің, оның ішінде жайылым, шабындықтарының, қыстаулықтарының Ақсу ауданының қарамағындағы аумақта қалғаны да сол түйінді тұстардың бірі.

Осылайша, жылдар бойы шөре-шөре күй кешіп, мәселелерін шешу үшін жүздеген шақырым қашықтықтағы аудан орталықтарына сабылатын қарапайым халық заманында отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы өргізіп, мыңдаған гектар егін өсірген ауылдарының ертеңіне алаңдаулы. Қытаймен екі арадағы шекарадағы жұмаққа бергісіз жерлерге орналасқан кейбір елді мекеннің біразы тарқап та кеткен, енді бірінің тағдыры қыл үстінде тұр. Соның бірі – біздің газетте жағдайы бірнеше мәрте қозғалған Ақтөбе ауылы. Бірақ бұл жолғы әңгіме тым шалғайда орналаспаған, бүгінде Ескелді ауданына қарайтын, қазаққа Сайын Мұратбековтей қоңыр мінезді жазушыны, Ғали Ормановтай ойы орамды ақынды, Қажыбек Бекбосыновтай халқы қадірлеген әншіні, сазгер Мэлс Керейбаев сияқты қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды тарту еткен Қоңыр ауылы туралы болмақ.
 
Біз Сайын ағамыздың «Жабайы ал­ма», «Дос іздеп жүрмін», «Менің қарын­дасым» және тағы да басқа кітаптарын жастанып оқып, сондағы адал да аңғал, арманшыл кейіпкерлерге еліктеп өстік. Сондықтан да болар, Қоңыр ауылын көру арман болатын. Журналистік қызметтің арқасында ол да орындалды. Бірнеше мәрте жолымыз түсті. Осыдан 20 жыл бұрын ауылдағы кітапхананың жағдайына байланысты мәселеге орай барып, күрделі мәселенің күрмеуін тарқатқандай болған­быз. Одан соң да жолға, ауызсуға, жерге және тағы басқа да әлеуметті әлекке салған жағдайларға қатысты бірнеше рет жол түскен. Алайда соңғы барғанымызда жазы хан жайлауға бергісіз, қысы да жұрт­қа қолайлы, көрікті жерге қоныстанған елге елеулі елді мекеннің бүгінгі жағдайы, қазаққа әдебиет пен мәдениеттің небір марқасқаларын тарту еткен берекелі ауылдың дәл қазіргі кездегі қоңыртөбел тірлігі көңілге көлеңке түсірді, іштей қын­жылтты.

Қоңыр ауылы орналасқан аймақтың жазы қоңыр салқын, қысы жайлы. Жері түгін тартса, майы шығатындай құйқалы. Ауылдағы қариялардың айтуынша, тоқы­рау жылдарында да тоза қоймаған құтты қоныстың күйі аудан тарқағаннан кейін-ақ қаша бастаған. Заманында 300-ден астам отбасы мекен етіп, жұртының мерейі тасып тұрған елді мекенде қазір 200-ге жетер-жетпес үй қалыпты. Барлық тұрмыстық, руханияттық жағдайларға қол­жетімді еткен кеңестік кездегі инфра­құрылымдық нысандардың жұрнағы ғана қалған.

 

– Қоңыр – тарихы терең ауыл. ХІХ ғасырда Қапал мен Талдықорғанның арасын байланыстырған пошта бекетінің бірі осы жерде орналасыпты. Қазақтың әйгілі тарихшысы, жиһанкез Шоқан Уәли­ханов Ыстықкөл сапарында Қоңыр­дың іргесіндегі Көкжазыққа киіз үй тіктіріп, демалып аттанған. Кеңестер Одағы кезіне де ризамыз. Ауылымыз адам танымастай өзгеріп, өркендеген болатын. Сүт фермасы, механикаландырылған техникалық стансасы, мектеп-интернат, сауда орталығы, емхана, кеңшар кеңсесі, диірмен, қырман, басқа да халыққа қыз­мет көрсететін нысандарда жұмыс қайнап жататын. Шаруашылықта 70 мың бас қой, мың тұяқ жылқы, бірнеше мың бас ірі қара жаз жайлауда, қыс қыстауда бағы­лып-қағылатын. Қысылып-қымтырыл­майтынбыз. Жазда Бала Қорадан Түйтеге дейінгі шұрайлы алқапты жайлап, қыста Молалы (қазір Ақсу ауданына қарасты) жақтағы құм арасын қыстап, малымызды жұтатпайтынбыз. 1969 жылғы қыста көр­ші кеңшарлардың малшылары ақ таяғын ұстап қалғанда қоңырлықтар жемшөп, азық-түлікпен көмектескені есімде. Мек­тебіміз, Мәдениет үйіміз қандай еді! Қазақтың небір бұлбұл үнді әншілерінің концертін тамашалайтынбыз. Аудан тарқаған соң соның бәрі біртіндеп тұра­лап, ақыры құрып тынды, – дейді ауыл­дық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исламғали Дәрменбеков.
Дегенмен ауызды құр шөппен сүртіп, қара аспанды суға алдыра берген де жөн емес. Ауылдың әкімі қолдан келген жұмыстар атқарылып жатқанын, ауылдың бүгіні бекем, ертеңі жарқын болуы жо­лында барлық мүмкіндік қарастырылып, тиісті деңгейде қолдаулар көрсетіліп отырғанын айтады.

– Еңбек жолымды осы ауылда бастап, елмен бірге барлығын бастан өткеріп келемін. Жұрт сенім артып, 2017 жылы ауыл әкімі болып тағайындалған едім, 2021 жылы қайта сайландым. Осы жыл­дар барысында қолымнан келгенін іс­теуге тырысқанымды жерлестерім жақсы біледі. Бірақ қол қысқа, кейбір шаруаларға шаманың келмейтіні де рас. Ақын Сара ауылынан Қоңырға дейінгі жол асфальт­талды, ауылға кіреберіске қар тосатын тосалғылар жасалды, округке қарасты Көктөбе, Қоңыр ауылдарына ауызсу тартылды, Қоңырдағы 2 көшеге жарық шам орнатылды. Көктөбе ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүр­гізіп, оның бір бөлігін қысқы спорт түрін өркендететін лагерьге айналдырмақпыз. Ауылымыз қысқы спорт түрін өркендетуге өте ыңғайлы жерде орналасқан. Сон­дықтан бұл лагерьде облыстың түкпір-түкпірінен жиналған жастар қысқы спорт түрлерінен жаттығатын болады. Бұл бір жағынан жастарды спортқа бейімдесе, екінші жағынан ауылға жас мамандардың тұрақтауына ықпал етеді деп ойлаймын. Жастар тұрақтаса, жаңа отбасылар кө­бейіп, дүниеге келетін сәбилер есебінен халық саны да артады. Ауылда балалардың ойын алаңы салынды. Мал басы өсіп, егіс алқабының аумағы артып келеді. Амбу­латориямыз заманға сай жаңғыртылып, екі жыл бұрын ағымдағы жөндеу жұмысы істеліп, емдеу мекемесі қажетті заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықтал­ды. Мамандармен қамтылды. Дәрі-дәрмек жеткілікті, бір санитарлық көлік бар, – дейді ауыл әкімі Арай Құлахметов.

Бір әттеген-айы, ауылда Мәдениет үйі жоқ деуге болады. Қараусыз қалып, то­зығы жеткен, қабырғасы қаусап, аңғал-саң­ғалы шыққан есік пен терезесі үңірей­ген бұрынғы руханият ордасы бүгінде ауылдың көркін бұзып тұр.
– Қоңыр ауылы – қазақ мәдениеті мен өнері, әдебиетінде ерекше орны бар қаламгерлер Ғали Орманов пен Сайын Мұратбеков, Қазақстанның Халық әртісі Қажыбек Бекбосынов, сазгер Мэлс Керейбаев сияқты тұлғалар туған елді мекен. Мұндағы мәдениет үйі 1971 жылы қолданысқа берілген. «Жетісу толқын­дары» фольклорлық-этнографиялық ансамбль бірінші рет осынау сұрқы қашқан Мәдениет үйінде құрылған» дегенге бүгінде басқаны айтпағанда, өзі­міз де әрең сенеміз. Бір кездері облысты дүрілдеткен «Қырықбаевтар отбасылық ансамблін» үлкендер әлі ұмыта қойған жоқ. Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева апаларымыздың өнерін қазір тозығы жетіп, топырағы шыққан нысанда отырып тамашалап едік. 300 адамдық залы, киім-кешек ілетін орны, әр бөлмеде шығармашылық топ, кітапхана, тағы да басқа қызмет кабинеттері жұртқа қызмет көрсететін, – деп өткенді өкінішпен еске алады ауыл тұрғыны Қанат Қүдербаев.

Үлкен ауылдың руханият ордасы болған мәдениет үйі жекешелендіру жылдарында жекеменшікке өтіп, біраз жыл қараусыз қалған. Бірер жыл бұрын ауылдан шыққан меценат азаматтар тозығы жеткен клубты сатып алып, оны ауылдық әкімдіктің балансына өткізіпті. Бірақ әбден бүлінген, тозғын-тонауы жеткен үлкен нысанды қайта жөндеуден өткізу үшін аз қаржы кетпейтіні анық­талып, оны бюджеттен қаржыландыру мүмкін емесі алға шығады. «Ескіні жөн­десең, есің шығады» дегенді ескерген ауыл ақсақалдары мен атқамінер аза­маттар аудан, облыс басшыларына ұсы­ныс айтып жүріп, биыл ауылдан жаңа модульдік мәдениет үйі салынуына қол жеткізген сыңайлы.
– Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде Қоңыр ауылындағы мәдениет үйінің жағдайын айтып, ұсынысымызды ортаға салып едік. Өңір басшысы оны мұқият тыңдап, дұрыс шешім қабылдады. Алдағы кезде құны 159 млн теңгеге бағаланған 140 орын­­ды модульдік мәдениет үйі салына­тынын айтты. Қазір жер телімі алынып, тиісті құжаттары рәсімделіп, керекті қар­жысы қарастырылуда, – дейді ауыл әкімі.

Қоңырдағы келесі күрделі мәселенің бірі – ауылішілік жолдардың мүлде сын көтермейтіні. Елді мекенде 9 көше бар. Бірақ олардың асфальт жабындысы жаңартылмағалы жарты ғасырдан асқан. Ойдым-ойдым, шұрық тесік. Былтыр бір көшеге асфальт төсеу жұмысын бастаған мердігер – «Жаңа жол» ЖШС өзінің мойнына алған міндетті толық атқар­мапты. Ақыры тапсырыс беруші Ескелді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапсыз мердігерді сотқа берген. Сот «Мердігер биыл жол құрылысының қалған бөлігін толық бітіреді» деп шешім шығарғанымен, мердігер мыңқ етер емес. Биыл ауылдағы тағы бірнеше көшені асфальттау жөнін­дегі ұсыныс аудан тарапынан мақұл­данбапты. Соған қарағанда, Қоңырдағы жолды бүтіндеудің жыры біразға дейін біте қоймайтындай.

Ауылдағы тұрғындар тарапынан тү­сінбестік тудырған кезекті нысан – құ­рылысы өткен жылы бітуге тиісті бол­ған спорт алаңы. Орталықтағы атшап­тырым алаңқайдың бір шетіне жайғасқан нысан тұрғындардың бос уақытында демалатын, жастардың денешынық­тырумен шұғыл­данатын орнына айналуы тиіс еді. Бірақ салынған кезден бастап сал­ғырттыққа тап болып, алғашқы кез­ден-ақ сиқы кет­кен спорт алаңының қазіргі күйіне қара­ғанда, ол пайдалануға мүлде жарамсыз. Осылайша, мемлекеттің миллиондары кезекті рет құрдымға кет­кен. Әр жерге қадай салған жаттығуға арналған құрал-жабдықтардың сапасы сын көтермейді. Жұмыс талапқа сай орындалмағандықтан, ауыл әкімдігі оны қабылдаудан бас тартыпты. Басқасын айтпағанда, спорт алаңын қоршаған темір тордың сапасыз материалдан жа­сал­ғаны көзге бірден ұрады. Сүйенсең, құлай кетері сөзсіз. Онымен са­лыс­тырғанда, 1969 жылы салынған мектептің қоршауы әлі сыр бермеген. Мердігер компания спорт алаңының жұмысын биыл толық бітіріп беруге уәде етіпті. Бірақ өткен жылы игерілмеген қаржы аудандық бюджетке қайтарылғандықтан, бұл жобаның соңы да сиырқұйымшаққа салынып, сабыл­тары айдан анық.

Елді мекендегі еңселі мектептің жағ­дайы да мәз емес. Сырттан келген жан­ның көзі бірден тозығы жеткен сыртқы қабырғалары мен бояуы оңып кеткен шатырға түседі. Ғимараттың іші де қарық болып тұрған жоқ. Жарты ғасырдан астам жөндеу көрмеген білім шаңырағы әбден тозып біткен. Өткен ғасырдан қалған есік-терезелердің жыртық-тесігінен жел аңырайды. Ашып-жабудың өзі мұң. Жазғы жағдайы осындай болғанда, қа­қаған қыстағы оқушылардың қалтырауын көзге елестетудің өзі қиын. Жауынға қам­сау бола алмаған шатырдан өткен ылғалдан сарғайып кеткен төбе, аттап қалсаң шаңы бұрқ ете қалатын ағаш еден. Осындай мүлде жайсыз орында оқып жатқан оқушылар мен оларға білім беріп жүрген мұғалімдердің шыдамдылығына еріксіз тәнті боласың.

Мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасалып, білім шаңырағын заманауи қалыпқа келтіруге керекті қаражат есеп­теліп, аудан әкімдігіне ұсыныс жасал­ғанына бірнеше жыл болыпты. Өкінішке қарай, жыл сайын ауданның жоспарына кірмей қалады екен. Сонымен бірге ауыл­дық округтегі тірліктің тірегі, тұр­ғын­дардың түрлі мәселемен жүгінер орны болып саналатын ауыл әкімдігі орналас­қан ғимараттың сыртқы келбеті де кісіні өзінен кері итеретіндей екені көңілге кірбің түсіреді. Екі қабатты ғимаратта ауыл әкімдігінің қызмет­керлері, кітап­ханашылар, пошта қызметі, мал дәрігері мамандары, тағы да басқа халыққа қыз­мет көрсететін қызметкерлер сығылысып, орналасқан. Ауыл әкімі екі жыл бойы жүгіріп жүріп, ғимаратты ауыл әкімдігінің балансына өткізіп алыпты. Алдын ала болжам бойынша оны күрделі жөндеуден өткізу үшін 208 млн теңге қажет екен.

Қоңырдағы 200 шаруа қожалығының қарамағында егін және мал шаруашы­лығымен айналысатын 49 мың гектар жер бар. Алайда мал басы жыл сайын өсе­тіндіктен, тұрғындарға жайылым, жай­лаулық, күзеулік, қыстаулық жердің тапшылығы өзектене түскен. Елді мекен кезінде Қапал ауданының құрамында болғанда қыстауы да, жайлауы да соған қарайтын. Кейін Ескелді ауданының құрамына өткенде шаруашылықтар мен тұрғындардың жайлаулық және қыс­таулық жері Ақсу ауданының аумағында қалып қойыпты.

Ауыл тұрғындарының қолындағы малын жаюға 3 600 гектар жер қарасты­рылған. Соған қарамастан жайлау мен қыстау жетіспейді. Биыл аудан әкімдігі тарапынан Қоңыр ауылдық округінің шаруа қожалықтарына Шажа өзені бойынан 900 гектар жайылым бөлініпті. Бірақ оған ұсақ мал барғанымен, жылқы мен ірі қара малына жарамайды. Кезінде Қоңырға қарасты болған, бүгінде Қапал орман шаруашылығы мекемесінің қа­рауындағы Қора жайлауынан ірі қара малға жайлаулық жер берілсе, біраз қиындық еңсерілер еді.

Кезінде бір ауданда болған, кейіннен Қапал тарқатылып, екі ауданға бөлін­генде, елді мекені мен ауылшаруашылық мақсатындағы жерлері екі жаққа қарап кеткен ауылдардың жерге қатысты мәсе­лесі Ақсу мен Ескелді аудандары арасын­да шешімін табуға тиісті. Мәселен, Қоңыр ауылына тіркелген шаруа қожа­лық­тарының малы Ақсу ауданының аумағында қыстайды. Игерілмей жатқан жерлерді түгендеу барысында бұл жағдай күн тәртібіне шығып, облыс деңгейіне дейін көтерілді. Сондықтан әр тарап бірлесе отырып, бұл мәселені де түбегейлі реттегені жөн. Болмаса ауыл арасында, ағайын ішінде келіспеушіліктер асқына берері анық.


Болат Абаған,
Жетісу облысы

фото:7-su.kz