11 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлер итпен іздеп тапқан 11 адамды тергеп жатыр
17,047
оқылды

Қылмыстық топ мессенджер арқылы Астана, Көкшетау және Қарағандыда есірткі өткізу арнасын жолға қойған. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін полицейлер "Сұңқар" және жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімшелерімен бірлесіп, биыл сәуір айында құрықтады. Үш қалада 11 күдікті ұсталған болатын.

Тоғыз мекенжай бойынша иттің көмегімен тінту жүргізілді. Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың әрбір қатысушысы есірткіні буып-түю, сақтау, тасымалдау, тарату, топтың ақшалай кірістері мен шығындарын бақылау сияқты нақты рөлдерді орындағаны дәлелденді. 

Осылайша, бірі әр қалада есірткінің аса ірі партиясын сақтауға және тасымалдауға жауапты болды. Ал екіншісі қаржылық кірістер мен шығындарды бақылау үшін топтың мүшелеріне «жалақы» төлеумен, жол-жөнекей қолды болған есірткі үшін айыппұлдар салумен айналысқан. Енді бірі есірткі сатылатын интернет-арналардың жұмысын қамтамасыз еткен.

Сондай-ақ ол жаңа клиенттерді белсенді түрде тартумен айналысып, онлайн-конкурстар, ұтыс ойындары мен акциялар өткізген. Топ мүшелерінің бірі – кәмелетке толмаған колледждің 2-курс студенті. Заңсыз айналымнан үш келі есірткі тәркіленді. Қылмыстық іске заттай дәлел ретінде ұлттық және шетел валютасындағы қаражат, қылмыстық әрекетке пайдаланылған ұялы телефондар, ноутбуктер, SIM-карталар қоса тіркелді. Есірткі сататын үш интернет-дүкеннің жұмысы тоқтатылды. 

«Ұйымдастырушыға және есірткі бизнесіне қатысушыларға аса ірі мөлшерде есірткінің заңсыз айналымынан басқа ҚР ҚК-нің 262-бабы («Ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және қатысу») бойынша айып тағылып отыр. Мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді», – деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.

Фото: yandex.kz