«AMANAT» партиясы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасындағы «AMANAT» – 2023 ме­диасыйлығы» республикалық бай­қауының қорытындысын жария­лады.
«AMANAT» – 2023 медиасыйлығы»  кімдерге бұйырды?
600
оқылды

Бүгінде еліміздегі БАҚ қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған беделді іс-шаралардың бірі – «AMANAT» медиа-сыйлығы» осымен қатарынан он төртінші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында конкурсты өткізу тәртібі мен ережесі айтарлықтай жетілдіріліп, аталымдар мен арнайы сыйлықтар қатары толықты. Отандық медиасалада қызмет етіп жүрген 150-ден астам адам байқау жеңімпазы атанып үлгерді.

Биыл байқауға 300-ден аса адамнан   2 мың жұмыс келіп түсті. Оның басым көп­шілігін (60%) аймақтағы ақпарат сала­сының өкілдері жолдады. Айта кетейік, биылғы байқауға YouTube жобалар да қабылданды. Осылайша, 7 номинация мен 3 арнайы сыйлық бойынша жеңім­паз­дар анықталды.

Салтанатты рәсімді ашқан «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, бұл журналистердің ғана мерекесі емес, халықтық мейрам екенін атап өтті.

«Қоғам сапалы, шынайы және танымдық дүниелерді оқығысы келеді. Мұндай ақпаратты тек нақты дерек пен дәйекке сүйенетін журналист қана ұсына алады. Ол – сөздің қуаты мен қадірін білетін, жауапкершілігі жоғары, кәсібіне адал нағыз маман. БАҚ-тың басты мис­сия­сы да – осы. Сіздердің мақала­лары­ңыз бен сюжеттеріңіз қоғамды ұдайы алға жетелеп отыратын, ел дамуына ықпал ететін құндылықтарды дәріптейді. Бұл – патриотизм, адал еңбек, бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білімге құштарлық, туған жері мен төл мәде­ниетіне деген сүйіспеншілік. «AMANAT» партиясының байқауы осындай журна­листік жұмыстарды қолдауға бағыт­талған», – деді партия Төрағасы.

Байқауда «Алаш қозғалысы бойынша үздік материал» номинациясында жеңім­паз атанған «Жетісу» телеарнасының продюсері Гүлжан Қызайбаева репрессия тақырыбында жасаған зерттеу мате­риалы­ның жоғары бағаланғанына риза­шылығын жеткізді.

«Арнамызда «Архивтегі ақиқат» деген бағдарлама бар. Онда архивтерді ақтарып, көп ізденіспен жасалған зерттеу мате­риалдары жарық көреді. Сол жұмысы­мызды байқауға ұсынып, оны қазылар алқасы жүлдеге лайық деп таныған екен. Жалпы телеарнада жалғыз шауып бәйге ала алмайсың. Сондықтан бұл «Жетісу» арнасындағы барша әріптесімнің жетістігі деп білемін», – деді ол.

Ал «Еңбек адамы туралы үздік мате­риал» номинациясын жеңіп алған Қой­лы­бай Асанов осы тақырыпта 30 жылдан астам уақыттан бері қалам тербеп келе жатқанын жеткізді.

«Адал еңбек пен маңдай тер егемен еліміздің іргесін нығайтып, тәуелсіздігімді баянды етеді. Өзім қойшының баласы­мын. Сондықтан болар, еңбек адамының кісілік келбетін, өнегелі өмір жолын бір кісідей білемін. Сол сарыжайлау, кең далада еркін ғұмыр кешкен, көненің көзін көрген тұлғалы адамдарды наси­хаттау менің қаламгерлік мұратым деп ойлаймын. Еңбегімді бағалаған бар­шаңыз­ға алғысым шексіз», – деді Қ.Асанов.

Сонымен, байқау комиссияның ше­шімі­мен «AMANAT» – 2023 медиасый­лы­ғының» жеңімпазы болып:
«Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» номинациясы бойынша «Ас­тана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай;
«Еңбек адамы туралы үздік материал» номинациясы бойынша Қазақстан Жур­налистер одағының мүшесі Қойлыбай Асанов;   
«Аймақ туралы ең үздік материал» номинациясы бойынша Қазақ радиосы­ның жүргізуші-редакторы Альмира Елімсарина және «Informburo.kz» порта­лының шолушысы Оксана Трофимова;
«Рухани-мәдени даму туралы үздік материал» номинациясы бойынша Шал­қар радиосы, Алматы студиясының ре­дак­­тор-жүргізушісі Жанар Оразым­бетова;   
«Жастар туралы үздік материал» но­минациясы бойынша «КТК» телеар­насы­ның редактор-жүргізушісі Әйгерім Ас­қар­қызы мен «31 арна» жаңалықтар қыз­метінің аймақтағы тілшілер редак­торы Айдана Шібікеева;   
«Алаш қозғалысы бойынша үздік материал» номинациясы бойынша «Же­тісу» телеарнасының продюсер-журна­лисі   Гүлжан Қызайбаева;     
«Азаматтық борыш туралы үздік мате­риал» номинациясы бойынша «NUR.KZ» ақпараттық порталының тілшісі Юлия Абрамова және «Литер» респуб­ликалық қоғамдық-саяси газеті ақпарат бөлімінің меңгерушісі Темірлан Құспаев марапатталды.
Ал Мағжан Жұмабаев атындағы «Сөз зергері» сыйлығы Egemen Qazaqstan газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байәділге бұйырды.
Шерхан Мұртаза және Камал Смайы­лов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлы­ғын Jibek joly телеарнасының бағдарлама авторы-жүргізушісі Жанар Байсеміз бен «Астана» телеарнасының Қостанайдағы меншікті тілшісі Заңғар Санай иеленді.     «Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығын Qasqa Jol YouTube арнасының автор-жүргізушісі Абай Тленшиев және Turkistan TV телеарнасының басқарушы директоры Тельман Бейсенов алды.