ЖИ модельдері бірнеше тілдегі контентпен жұмыс істейтін журналистерге мәтінді аударуға көмектесе алады.
Журналист ЖИ-ге есе жібермейді
576
оқылды

Жуырда британиялық The Guardian газетінің хабарлауынша,    Гер­ма­ниядағы Bild таблоидын   шы­ғаратын Axel Springer ком-паниясы менеджер, сайт редак-торы, кор­ректор, хатшы және фо-торедак­тордан тұратын 200 шақты маман­ды жұмыстан шығарып, олардың орнын жасанды интел­лек­тімен алмастыру туралы ше-шім қа­был­даған. Ұйымның бас директоры Матиас Дёпфнернің сөзінше, ChatGPT секілді жасанды интел­лект құрал­дары тәуелсіз журна­лис­­тика­ны бұрын-соңды болмаған сапалы дең­гейге жеткізе алады екен. Дәл қазір ChatGPT-дің бұған қабілеті қанша­лықты же­те­тінін білмек бо­лып, біз оған бір­неше сұрақ қойып көрдік.

Сауалдарымызға барынша толыққанды жауап алу үшін сұхбатымызды ChatGPT-дің «ана тілі» – ағылшынша жүргіздік. «Сен журналистерді қаншалықты алмас­тыра аласың?» деген сұрағымызға жасан­ды интеллект жап-жақсы ой айтты: «Жасанды интеллектінің тілдік моделі ретінде ақпарат беру, жазбаша кон­тент жасау немесе зерттеуге көмектесу сияқ­ты кейбір журналистік істерде қол ұшын бере аламын. Алайда мені журна­лис­­терді алмастыратын емес, қайта олар­дың мүмкіндігін арттыратын құрал ре­тінде қарастырған дұрыс.
– Журналистикаға сыни ойлау, зерт-теу жүргізу машығы, этикалық шешім қа­был­дау, сондай-ақ адами тұрғыдан пайым­дау секілді құнды дүниелер керек. Бұлар мен тәрізді жасанды интеллект модельдерінде жоқ. Жасанды интеллект кейбір қайталанатын істерді автомати­зациялап, процестерді оңтайландыра алғанымен, журналистерде өзіне тән көз­қарас, интуиция және контекстік тү­сі­нік бар. Олар сұхбат жүргізу, қарым-қа­тынас құру және күрделі этикалық және құқықтық пайымдар жасау қабілетіне ие, ал оны жасанды интеллект модельдері қайталай алмайды», – делінген ChatGPT жауабында.
Ал оны біздер, яғни журналистер өз жұмысымызда дәлірек қандай бағыттарда пайдалана аламыз? Бұл сұрағымызға жауап­ты ChatGPT жіктеп тұрып ұсынды: «Мен секілді жасанды интеллектінің тілдік модельдері журналистерге бірнеше жолмен көмектесе алады:
Зерттеу: Мен әртүрлі дереккөзден ақ­паратты тез жинай аламын, бұл журна­листерге уақыт үнемдеуге және өз ма­те­риал­дарына сәйкес ақпаратқа қол жет­кізуге мүмкіндік береді.
Фактчек: Журналистер жасанды интеллект модельдерін фактілерді вери­фикация жасауға, аргументке қарама-қарсы ақпарат табуға және потенциалды жалған ақпаратты анықтауға пайдалана алады.
Контент жасау: Жасанды интеллект материалдың нобайын жасауға тақырып қоюға көмектесіп, мақалаға балама ра­курстар ұсына алады.
Тіл жағынан көмек: ЖИ модельдері бірнеше тілдегі контентпен жұмыс істейтін журналистерге мәтінді аударуға көмектесе алады.
Деректерді талдау: ЖИ үлкен дерек­терді өңдеуге және талдауға, паттерндерді, трендтерді немесе корреляцияларды анық­тауға қол ұшын бере алады.
Аудиториямен байланыс: Ол ауди­торияның бейімділігі, ыңғайы, қандай тақырыптарды немесе форматты көбірек ұнататыны жайлы ақпаратты ұсына ала­ды».
Жақын болашақта журналистикада пайда болатын трендтер жайлы сұрағы­мызға ChatGPT-дің берген жауабы мына­­дай:
«Дата журналистика: Үлкен дерек­тердің қолжетімділігі артып, дата-талдау техникалары күрделенген сайын дата журналистика дами түседі. Журналистер дата визуализацияны, статистикалық талдауды, сондай-ақ интерактивті құрал­дарды қолданатын болады.
Жасанды интеллект араласқан жур­налистика: ЖИ технологиялары журна­листік жұмыс процесіне еніп, зерттеу жүргізуге, фактілерді етксеруге, контент жасауға көмектесетін болады.
Коллаборативті журналистика: Жур­налистердің бір-бірімен және алуан сала эксперттерімен коллаборациясы артып келеді. Коллаборативті қарым-қатынас, трансшекаралық зерттеулер және крауд­сорсингтік платформалар журна­листерге ресурстарды біріктіруге, тәжі­рибе ал­масуға және жаһандық проб­лемаларды бірігіп шешуге көмектеседі.
Иммерсивті сторителлинг: виртуалды шындық (VR), толықтырылған шындық (AR) және басқа да иммерсивті техно­логиялар хикаяларды баяндаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынуда. Журналис­тер оқырманды хикаяның қақ ортасына апаратындай иммерсивті тәжірибелер жасай алады».
ChatGPT ұсына алатын ақпараттың өзін материалға таңдап-талғамай, тексер­мей пайдалана беру қауіпті. Мұны ЖИ-нің өзі де «мойындады»:
«Мен дәл және қажетті ақпаратты ұсынуды көздегеніммен, ЖИ тілдік модулі ретінде өзім үйретілген мәтін­дердегі ақпаратқа негізделген жауаптарды ғана беремін. Мен дәл қазіргі уақыттағы ақпаратқа қол жеткізе алмаймын немесе менде фактілерді тәуелсіз түрде вери­фикация жасау қабілеті жоқ. сондықтан мен ұсынған ақпарат әрқашан жаңа немесе дұрыс болмауы мүмкін».
Бұл жауабынан соң, оның «білімі» қашан жаңартылғанын білгіміз келді. Өзінің жазуынша, ол 2021 жылғы қыр­күйекке дейінгі ақпараттан ғана хабардар:
«Менің мақсатым – қолданыста бар біліміме сүйене отырып жалпы ақпарат беру. Бірақ мен интернетке немесе дәл қазіргі уақыттағы деректерге тікелей қол жеткізе алмаймын. Мұндай шешім құпиялылықты, қауіпсіздікті және ұсынылған ақпараттың тұтастығын сақтау үшін таңдалған. Бұрыннан қолданыстағы ақпаратқа ғана сүйену арқы­лы дәл қазіргі уақыт режиміндегі ақпаратта бар потенциалды бұрмалау­шылықтар мен олқылықтардан аулақ болуға болады. Сонымен қатар бұл амал модельді интернеттегі жалған ақпаратты қасақана насихаттау мен таратудан сақ­тайды».
Журналистердің ең негізгі қаруы – ақпараттың жаңалығы екенін ескерсек, демек әзірге журналистердің ChatGPT-ден көрер пайдасы көп деуге келмейді. Сондай-ақ интернеттегі қазақтілді кон­тенттің тым аздығы және олардың сапа­сының төмендігі кесірінен әсіресе қазақ­тілді медиа мамандарының ЖИ тілдік моделімен қоян-қолтық жұмыс істеп кете қоюы неғайбыл.

 

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ