Отандық баспа нарығының ға­сыр­ға жуық тарихы бар.
Баспа нарығының бағыты қандай?
1,277
оқылды

Алайда еліміздегі кітап сөрелеріндегі басылымдардың басым көпшілігін шетелдік өнімдер құрайды. Тек соңғы жылдары ғана қазақ тіліндегі кітаптар саны артып келеді. Әлемдік әдебиеттің ең үздік үлгілерін аударып, басумен айна­лыса­тындардың басым бөлігі тәуелсіз баспагерлер. Жалпы, баспа нарығына қандай реформалар қажет?
 
Жақында Түркістан төрінде өткен алқалы жиында баяндама жасаған Ұлттық құрылтай мүшесі Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі кітап нарығын реттеуді ұсынды. Мәжіліс депутатының айтуынша, тәуелсіз баспагерлер өздерінің басып шығарған кітаптарын қалада ғана болмаса, ауылды жерде өткізе алмайды. Себебі сатылым нүктелері заңмен бекітілмеген. Соның сал­дарынан ауыл балаларының шетел жазу­шыларының озық шығармаларымен танысып, сусындап өсуіне мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан Ұлттық құрылтай мүшесі тәуелсіз баспагерлерге субсидия беруді заңмен бекіту қажет екенін айтады.
– Мемлекет басшысы соңғы 3 жылда қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапа­сының алшақтығын азайтуға байлансты міндет қойды. Сол міндетті орындауда осы кітап нарығын реттеу, әлемдегі ең үздік балалар әдебиетін ауылдарға дейін жеткізу. Ауыл баласына қолжетімді етуде біз тәуел­сіз баспагерлерге субцидия бөлу, оларға жеңілдетілген несиелер қарастыру және салықта жеңілдік қарастыру қажет деп ойлаймыз. Үкіметпен бұл мәселені аяғына дейін жүзеге асыруға әзірміз, – деді Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Бүгінде қазақстандық баспалар мен баспаханалардың көпшілігі Астана мен Алматы қалаларында орналасқан. Кітап палатасында тіркелген мыңнан астам баспаның барлығы бірдей кітап шығарумен айналыспайды. Отандық нарықта санаулы баспалардың ғана өнімдері сұранысқа ие. Ал кітап нарығының 90 пайызға жуығын шетелде шыққан өнімдер құрайды.
– Идеология жұмысындағы басты ба­ғыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақ­стан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітап­тардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды, – деп атап өтті Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы.

Ауыл-аймақта кітап дүкендері жоқ

Еліміздегі баспа нарығының дамы­мауына саладағы бәселестіктің аздығы да себеп болып отыр. Себебі әлі күнге дейін көптеген ірі баспа тек мемлекеттік тапсырыспен күн көреді. Дизайны бірдей, аудитория сұранысын зерттемей басылған кітаптар шалғайдағы кітапханалардың сөресінде шаң басқан күйі тұрады.
– Ең бірінші, қоғамда жас ұрпақтың кітап оқу мәдениетін қайта қалып­тас­тыруымыз қажет. Өйткені балалар кітап оқымай кетті. Мектептерге барсаңыз да іліп алар кітап жоқ. Кітап сататын дүкен­дерде 90 пайыз кітап орысша. Басқа елдің баспалары біздің нарықты иемденіп алған. Сондықтан баспа нарығына бірінші талап керек. Ең болмаса сатылатын кітаптардың 50 пайызы қазақ тілінде болса. Сосын отандық кітаптарды салықтан босату қажет. Ешкімнен көмек сұрамай шамасына қарай кітап шығарып жүрген баспагерлерге жеңілдетілген несие қажет. Шығарып жатқан кітаптарымызды кітапханалар сатып алса. Әлі көптеген кітапханалар біздің кітаптарды ала алмай отыр. Себебі ол жердегі жүйе түсініксіз. Бәрі бізден тегін кітап сұрайды. Бірақ біз бәріне бірдей тегін кітап таратып отыра алмаймыз. Сондықтан оқырмандардың қалауына қарай әр кітапхана өз еркімен кітап сатып алса, – дейді Steppe and World баспа үйінің басшысы Раиса Қадыр.
Баспагердің пікірінше, көп адамдар баспа тек мемлекеттің тапсырысымен күн көреді деп ойлайды. Бірақ Steppe and World баспа үйі мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істемеген.
– Мемлекет кітап шығаруға шығарма­шылық еркіндік берсе. Ауыл-аймақтағы, ірі қалалардағы кітапханалар өз таңдау­ларымен қалаған баспаларынан кітап сатып алуы қажет. Құжат бойынша өтірік кітап сатып алатындар өте көп. Ол кітап­тардың кітапханада бар-жоғын да ешкім білмейді. Ешкім мониторинг жасап жат­қан жоқ. Сондықтан баспаны қолдаудың тағы бір жолы кітапханадағы кітап сатып алу жүйесін реттеу, – дейді Раиса Қадыр.
Бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Мұқаба» баспасы мен үш жылдан бері оқырманның сұранысына ие болған «Қасым» баспа үйі де бірде-бір рет мемлекеттен тапсырыс алмапты. Соған қарамастан баспаның шығаратын әрбір кітабы оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп үлгерген. «Мұқаба» баспасының директоры Арман Әлменбеттің айтуынша, осыдан бес жыл бұрын ірі кітап дүкен­дерінде қазақша кітаптар жоқтың қасы еді. Қазір көбейіп келе жатыр.
– Кітап басу ісіне ешқандай кедергі жоқ. Тек оқырмандардың аздығы мен халықтың басым бөлігінің қазақша кітап оқымайтыны ғана кедергі. Сонымен қатар аз оқырман еліміздің әртүрлі тер­ри­тория­сында орналасқан. Сол жағынан оларға санаулы кітапты жеткізу қиынға соғады, – дейді Арман Әлменбет.
Шыны керек, шалғайдағы аудандарда әлі күнге дейін кітап дүкендері жоқ. Қарапайым халық шетелдік шығарма­лардың қазақша аударылғанын естісе де, қолы жетпей қиналып отыр. Се­бебі мұндай кітаптар аудандық кітапханаларға жетпейді. Осы мәселені шешу үшін облыс, аудан әкімдеріне кітап сататын дүкендер желісін дамытуға арнайы тапсырма беріліп, электронды, аудио кітаптар нарығына да көңіл бөлінуі қажет. Айталық, жақында Талдықорған қаласында кітап дүңгіршектері пайда болып, оқырманның тағы бір сұранысы орындалды.


Шикізат шеттен келеді

Бүгінде қазақстандық баспагерлер үшін шикізат мәселесі өзекті болып отыр. Себебі қағаз негізінен Ресей мен Қытайдан тасымалданатындықтан, баспахана шығындары, кітап бағасы қымбаттай түседі. Арман Әлменбеттің пікірінше, соңғы уақытта баспахана шығыны үш есеге дейін өскен. Мұның сыртында логистикалық, кедендік шығындар бар. Ал бұған дейін ең сапалы қағаздар Ресей арқылы Финляндиядан да жеткізілетін. Қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты баспагерлер амалсыз ресейлік өнімдерді тұтынуға мәжбүр. Сапасы жағынан бұл өнімдер Финляндиядан тасымалданатын қағаздан әлдеқайда төмен.
– Соңғы бес жылдың ішінде қағаз, сия сияқты шикізат үш есе қымбаттады. Бұған инфляция да әсер етті. Кітапты шығару шығындары артты. Ол қымбаттады екен деп кітаптың бағасын қымбаттатсақ, оқырмандар кітап алмай қояды. Шикізат­тың барлығы Қытайдан, Ресейден, Финляндиядан келеді. Бірақ Финляндия қағаздарын Ресейге беруден бастартты. Сол себепті қазіргі кітаптар тек Қытай мен Ресейдің қағаздарынан шығарылып жатыр, – дейді «Мұқаба» баспасының директоры.
Шикізаттың шеттен келетінін Раиса Қадыр да растады. Оның айтуынша, пандемия кезінде де мұндай жағдай қай­таланыпты.
– Біз баспа үйі болғандықтан бізде бас­пахана жоқ. Көбі баспа үйін баспа­ханамен шатастырады. Баспаханасы бар, толық жасақталған баспа үйіне айналу үшін үлкен қаражат керек. Жалпы, пан­демия кезінде геосаяси қақтығыстар тұсында баспаханалар шикізаттан қина­лып қалды. Қағаз тапшылығы пайда болды. Қазақстанда ғана емес, дүние­жүзінде де осындай проблема орын алды. Шетелдегі серіктестеріміз де қағаз­дың қатты қымбаттап кеткенін айтты. Тек Браз­иялияда ғана қағаз қымбаттаған     жоқ, – дейді Steppe and World баспа үйінің басшысы.
Оның пікірінше, әрбір баспа үйі өнді­ріс­тік процеспен айналысады. Авторлар­мен жұмыс, аударма, редактура, коррек­тура, беттеу, кітап етіп басып шығару деген сияқты тоқтаусыз қызметтер атқарады. Осы жұмыстың ең маңызды бөлігі – кітапты сату. Кітапты сату үшін баспаға жарнама керек. – Біз тек қана тауар емес, рухани құндылықтарды жеткізушіміз. Ірі кітап дүкендері қалыптасып қалған қоғам­дағы стереотип бойынша оқырмандарды тек орыс тілінде кітап оқиды деп санайды. Бұл – қате ұғым. Біз осы стереотипті бұзып келеміз. Тікелей ағылшын тілінен, фран­цуз, неміс тілінен қазақшаға аудара­мыз. Сол кезде шығарманың мазмұны мен ма­ғынасы оқырманға анық жетеді, – дейді Раиса Қадыр.
Ал баспагер Арман Әлменбет мемлекет кітап шығарып беруге емес, сатылған кітаптарға қолдау көрсетсе дейді.
– Үкіметтің «мемлекеттік маңызы бар кітаптарды басу» деген бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама сатылмайтын, маңызы бар кітаптарға арналуы керек. Ал сатылатын кітаптарға қолдау көрсету үшін әрбір сатылған кітапқа субсидия берсе. Мысалы, дүкендер кітаптарды сатып, түскен та­бысты түгел баспаға аударса, өздері пайда таппай қалады. Сондықтан кітап дүкен­деріне түсетін пайданы мемлекет берсе. Мәселен, дүкен бізден кітапты 2 600 тең­геге алса, үстіне 1 400 теңге қосып сатады. Сондықтан дүкен 4 мың теңгені түгел баспаға берсе. Ал дүкенге 1 400 теңгені мемлекет төлесе,– дейді «Мұқаба» баспа­сының директоры.
Иә, кітап – идеологиялық қару. Енде­ше рухани кемелденген орта қалыптас­тырудың басты жолы – баспа нарығын реформалау. Ол үшін нарыққа арнайы бағдарлама енгізіп, шағын баспа үйлеріне қолдау көрсетсек абзал.

Көктем ҚАРҚЫН