Қажылыққа барамын деп қаржысынан айырылғандар далада қалды.
Қажыларға қиянат жасаған туристік компания туралы ҚМДБ ресми мәлімдеме жасады
5,102
оқылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы мәселе туралы ресми мәлімет таратты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook-та жазба жариялады. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұған дейін Zam-Zam Qazaqstan (заңды атауы – Zam Zam store) компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, сондықтан аталған фирманың қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялаған болатын. Сонымен қатар мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген. 

Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерінен әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген Zam-Zam Qazaqstan компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беру тиіс деп санаймыз. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар «мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады» деп жала жабуын доғармай, енді ҚМДБ «жалған қажылық квоталарын» жасады деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып жатыр. 

Діни басқармаға жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан «Жалған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа апарған Zam-Zam Qazaqstan директоры мен басқа да жауапты өкілдерін неге құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара қолданбайды?» деген сұрақтар мен шығымдар толассыз келіп түсуде. 

Құқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапқа тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенеміз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге салады. 

Сонымен қатар «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жапқан Zam-Zam Qazaqstan (Zam Zam store) компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінімізді жеткіземіз. Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады.