Бұл облыста жыл басынан тәркіленген марихуананың екінші аса ірі партиясы.
Петропавлдық азаматтың үйінен 113 келі марихуана тәркіленді
1,001
оқылды

Петропавлда полицейлер қала тұрғынының жертөлесінен 113 кг марихуана тауып, тәркіледі.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавлдың 36 және 48 жастағы екі тұрғынын ұстады. Олардың біреуінің Гоголь көшесінде орналасқан үйінің жертөлесінен полицейлер 4 қап өсімдіктектес затты тәркіледі. Сараптама көрсеткендей, бұл жалпы салмағы 113 кг асатын кептірілген марихуана болып шықты.

Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Сату мақсатында аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен біреуі қамауға алынды, екіншісіне қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Тергеу жүріп жатыр, полиция қызметкерлері ірі көлемдегі есірткінің қайдан келгенін анықтамақ.

«Бұл облыста жыл басынан тәркіленген марихуананың екінші аса ірі партиясы. Теориялық тұрғыдан алғанда, тәркіленген бұл есірткі Петропавлдың барлық тұрғындарын нашақорлыққа тарту үшін жеткілікті. Естеріңізге сала кетейік, аса ірі мөлшерде есірткі сатқаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Жыл басынан бері облыс полицейлері 600 кг-нан астам түрлі есірткі, оның ішінде 1 кг-нан астам синтетикалық есірткі тәркіледі.

 

Фото: polisia.kz