Қазақстан мен Люксембургтің Сыртқы істер министрлері екі ел азаматтары үшін виза режимін жеңілдету мәселесін талқылады.
Қазақстан мен Люксембург тұрақты әуе тасымалы жөніндегі меморандумға қол қойды
1,180
оқылды

Келісімге сәйкес елорда арқылы апта сайын транзиттік авиарейстердің санын үш есеге арттыру жоспарланған, – деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Ведомство басшысы Марат Қарабаев бұған дейін тек чартерлік рейстер ғана болғанын, енді тұрақты әуе тасымалдары жолға қойылатынын атап өтті.

«Бұрын Люксембургтен орындалатын рейстер аптасына 7 рет болса, енді осы меморандум арқылы олардың саны 21-ге дейін ұлғаяды. Бұл негізгі келісім. Франция мен Финляндиядан кейін Люксембург «ашық аспан» ережелері аясында біз  ашықтықтың 5-ші деңгейіне қол жеткізіп отырған үшінші ел», – деді министр.

Келісім Қазақстанның авиация саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, елімізді Еуропа мен Оңтүстік-шығыс Азия арасындағы кеңістіктегі негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады.

«Жаңа транзиттік рейстерді тарту қазақстандық авиаторлардың кәсіби құзыреттерін арттыруға септігін тигізеді. Бұдан басқа, бұл кәсіпкерлерге де жаңа мүмкіндіктер береді. Қазақстанның нарығы сұранысқа ие тауарлармен қамтылады. Сондай-ақ Астана арқылы Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қажетті өнімдер жеткізіледі», – деді М.Қарабаев.

Cargolux компаниясының Астанаға алғашқы рейсі 1 мамырда жасалды. Қазір ол елордалық әуежай арқылы Люксембургті Қытай және Жапониямен байланыстырып, аптасына 7 рейс орындап келеді. Үкіметаралық келісім шеңберінде алдағы уақытта екіжақты тұрақты жүк рейстерін аптасына 42-ге дейін ұлғайту көзделген.

«Біз осы меморандумды жасасуды жөн көрдік. Өйткені Қазақстанның астанасындағы әуежай арқылы өтетін жүк рейстерінің жиілігін арттырамыз. Болашақта бұл Еуропа мен Азияны байланыстырып, Астана әуежайы арқылы жеткізілетін жүк тасымалы көлемінің артуына әсер етеді үміттенеміз», – деді Cargolux авиакомпаниясының президенті Ричард Форсон.

Cargolux Airlines International S. A. 1970 жылы Люксембургте құрылған. Бұл Еуропадағы ең ірі жүк тасымалдаушы операторлардың бірі саналады. Компанияның иелегінде Boeing 747 ұшағының 30 данасы бар және әлем бойынша 50-ден астам бағытқа рейс орындап келеді. Сондай-ақ Cargolux Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мүшесі.

Астана әуежайының стратегиялық даму жоспарына сәйкес сауда-логистикалық хаб құру бағдарламасы жүзеге асырылуда.