Ниет білдірушілер 12 шілдеге дейін өтінім қалдыруы керек.
Атырауда көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі адамдардың кәсіп бастауына арналған ерекше жоба іске қосылды
1,267
оқылды

Ол үшін үміткерлер қолөнер немесе көкөніс өсіруді үйретуге арналған курстарға қатысуы тиіс. Жаңа істі үйреніп, әрі бизнесті бастауға мүмкіндік алу үшін ниет білдірушілер 12 шілдеге дейін orleproject.kz/ сайтында өтінім қалдыруы тиіс. 

«Жоба барысында қатысушылар тәжірибелі фермерлердің жетекшілігімен өз үйлерінде көкөністер мен жидектерді өсіруді, ал қолөнершілер киіз басуды үйренеді. Кейін олар өздерінің шағын бизнесін ашып, оны дамытуға инвестиция ала алады. Жобаға 18 бен 45 жас аралығындағы әлеуметтік осал топтағы жастар, әйелдер мен ерлер қатыса алады: көпбалалы отбасылар, балаларын жалғыз тәрбиелейтін ата-аналар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейтін ата-аналар, шет елдерден келген қандастар, сондай-ақ, табысы төмен азаматтар қатыса алады», – дейді жоба менеджері Ақмарал Қарлыбаева. 

Еске сала кетелік, 2021 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Orle» жобасы аясында Батыс Қазақстан және Атырау облыстары бойынша 118 адам оқытылды. Нәтижесінде 32 қатысушы шағын грант алып, көкөніс өсіру және қолөнер саласында бизнес ашты.

Баян Жанұзақова