Әлеуметтік желіде танымал әнші Мейрамбек Бесбаевтың тыңдарманға пранк жасаған бейнежазбасы тарап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұпыны киінген Мейрамбек Бесбаев пранк жасады
5,929
оқылды

Видеодан сақал-мұрт жабыстырып, бас киімді басып киген көзілдірікті ер адамның белгісіз жігіттің өнерін тамашалап отырғанын көруге болады. Бірде жұпыны киінген ер азамат жақындап, домбыра шертпек болып жігітке өтініш жасайды. Өнерпаз “Ойнай аласың ба? Ойнасын ба?” деп жан-жағындағы адамдарға бір қарап, рұқсатын береді. Алғашқыда домбыраны алғаш көргендей мұқият зерттеген жасыл жейдедегі азамат “Адай” күйін нақышына келтіріп орындады. Белгісіз ер азаматтың орындауына тамсанған өнер сүйер қауым қол шапалақтап, өнерпазға қошемет көрсетті.

Бірде ер адам бетіндегі жасанды сақал-мұрты мен шашын алып, көзілдірігі мен бас киімін шешті. Жиналған жұрт өнер көрсеткен сүйікті әншісі Мейрамбек Бесбаев екенін көргенде таңғалғанын жасырмады.

Тыңдарманын таңғалдырған өнер иесі көпшілікті домбыра күніне орай іс-шараның қонағы болуға шақырды.

Желі қолданушылары бейнежазбаның астына түрлі пікір қалдырып, тіпті Мейрамбекті португалдық футболист Криштиану Роналдуға ұқсатып жатты.

“Әншілер халықпен осылай тығыз араласып тұрса нұр үстіне нұр болар еді”, “Роналдудан қайталады», “Мейрамбек ағамыз мықты”, “Бір ән айтып жібергенде тамаша болар еді”, “Роналду екен деп қалдым”, – деп жазды желідегілер.