Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
Енді Кіші Талдыкөл маңына үй салуға рұқсат берілмейді
1,452
оқылды

Алдағы уақытта Үлкен Талдыкөлдің көлемі 5 есе ұлғаяды, ал Кіші Талдыкөл маңына үй салуға рұқсат берілмейді.

«1990-шы жылдары Үлкен Талдыкөлде 50 млн текше метр су болатын. 2000-шы жылдары 10 млн болды. Ал қазір 1 млн текше метрден аз.

2015 жылдан бастап кәріз арқылы Талдыкөлге баратын суды тазартып, оны Есіл өзеніне жібергенбіз. Енді министрлікпен келісіп, ол суды Үлкен Талдыкөлге бағыттайтын болдық. 2 апта болды суды сол жаққа жіберіп жатырмыз. Үлкен Талдыкөлдің көлемін 5 есе көбейтеміз», - деді Жеңіс Қасымбек бүгін Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингіде.

Астана әкімінің айтуынша, Үлкен Талдыкөлдің көлемін ұлғайтуға 1,5-2 жыл уақыт кетеді.

«Ал Кіші Талдыкөлге келсек, онда бірнеше кіші өзен болатын. 9,3,7-ші учаскелер бойынша қазір жұмыстарды атқарамыз және оларды сақтап қаламыз. Саябақ салынуы тиіс учаске – 5-ші. Оның жобасы қазір әзір емес, әлі дайындалып жатыр. Бұл мәселені қаланың тұрғындарымен ақылдасу керек. Бірақ ол жерде жаңа құрылыс болмайды. Бұған дейін салынып қойған үйлерде адамдар тұрады, бұған ештеңе істей алмаймыз», - деп мәлім етті Жеңіс Қасымбек.