Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қор­жы­ны тағы бір жаңа туындымен то­лықты.
Жошы хан жайлы жаңа дастан
1,115
оқылды

Бұл жолғы қойылымның ішкі мазмұны, сыртқы көрінісі де ерекше. Алтын орданың бастауы болған Жошы ұлысының қалып­тасуы жайлы сөз етеді. Осы арқылы қалың көрер­менге қазақ елі тарихының ерте замандардан бастау алғанын дәлел­дейді.

Кетбұға бидің Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының қазасын естірткені туралы аңызды білмейтін қазақ жоқ. Қаһарлы хан «Ақсақ құлан» күйі арқылы ұлының өлімін естірткені үшін домбыраның көмейіне қорғасын құйғызады. Сондықтан да тарихи қойылымның шымылдығы қоңыр домбыраның үнімен ашылды. Ары қарайғы сюжет қиян-кескі ұрыс сахнасына ойысады. Жүздеген соғыста қол бастап, Шыңғыс ханның сенімінен шыққан Жошы бұл жолғы шайқасты қан төкпей, шаһарды жермен-жексен етпей алуды көздейді. Бірақ барлығын білектің күшімен шешіп үйренген бауырлары Шағатай мен Үгедейдің шыдамы жетпейді. Осылайша, Жошыға көнбей, Ұлы жасақ заңына сай әрекет етеді. Қойылымда «әділдік» принципі көбірек сөз болады. Осы уақытқа дейін жолында тұрған жанның қанын төгіп, ешкімді аямай келген қолбасшы Жошының бойында үрей пайда болады. Ол ұрпақтарының келешегі үшін уайымдай бастайды. Ақыры әкесіне ішіндегісін бүкпей айтып, жорық­тың шегін сұрайды:

– Бәрін бір қалыпқа салам деп жүргенде түркі баласы өзі жұтылып, өзегінен айырылып қалмай ма? Осыншама жорықтың шегі болуы керек қой? Егер жер бетінде тіршілік тоқта­майтын болса, соғыс та тоқтамайды. Себебі әр заманның өз Шыңғыс ханы болады, – дейді Жошы. Ал Шыңғыс хан алған бетінен қайтпай:

– Бір билікке бағынғанда ғана жер бетінде тыныштық орнайды. Қателесесің, Жошы. Шыңғыс хан дүниеде жалғыз. Ол енді қайта тумайды. Адамдар тығырыққа тірелген уақытта оны іздейтін болады. Бірақ ол кезде Шыңғыс хан қол жетпейтін алыста болады, – дейді.

Осындай диалогтер арқылы автор спек­такльде әке мен бала сабақтастығын да ұштас­тыра білген. Айта кету керек, «Жошы хан» тарихи драмасының авторы – Думан Рамазан. Белгілі жазушы бұған дейін «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек хандар» пьесаларын жазып, әдеби қауымның ыстық ықыласына ие болған еді. Ал қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Автор мен режиссердің тандемі тарихи сананы қайта жаңғыртуға, көркемөнерді бүгінгі ұрпақ санасына жеткізуге өлшеусіз үлес қосады. Сон­дай-ақ спектакльге ерекше реңк беріп, шы­ғарманың маз­мұнын аша түскен оның музы­касы. Әуен­дерді композитор, этномузыкант, Қазақ­стан Республикасының мәдениет қайрат­кері Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқым­бетов жазған. Қойылымның суретшісі ретінде Ерлан Тұяқов арнайы шақырылса, хореографы – Салтанат Сұңғат, сахна сайысын Абылай Салимханов қойды. Жалпы, шығармашылық топ аянып қалмаған. Сахнаға эскалатор жүргізілген, фон 3D графикамен әрленген, тіпті қағанның айбарын көрсететін тақ та ерекше әрленген. Кезінде осындай соңғы үлгідегі техникаларды пайдалану үшін театрлар қыруар қаржыға шетелден режиссер алдыратын еді. Ал «Жошы ханда» өзіміздің режиссерлер мен мамандар қалыптасқан стереотипті бұзып, қазақ театрының мүмкіндіктерін тағы бір рет паш етті.

Шыңғыс ханды Жанқалдыбек Төлен­баев шынайы сомдаған. Бұған дейінгі спектакльдерде Шыңғыс ханды тек қаты­гез жағынан көрсек, бұл жолы қарттықтың қайнарына жетіп, кемелденген әке образында көбірек танимыз. Қойылымда Шыңғыс хан ұлдары арасындағы алауыздықты шешіп, сыртқы жаулардың қитұрқы ойларының жүзеге асуына жол бермеуге тырысады. Шыңғыс ханның өз қарамағындағы жерлерін төрт ұлына беріп, ұлыстарға бөлу сахнасы арқылы оның көре­гендігі мен сарабдал саясат­кер­лігі байқалады. Заңғар таулардан асып, терең теңіздерді кешіп, таралғы созылған­ша, үзеңгі қажалғанша тыным таппай, қаншама халықты қарамағына қаратып, бір ұлысқа ұйыстырған хан әке мен оғлан Жошының ел билеу жөніндегі ой ерек­шеліктері, талғам-түйсіктері бой көрсетеді.

Кей сәттерде әке шешіміне қатысты өз пікірін ашық айтатын Жошы оғлан бейнесі бүгінгі Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының ежелгі шарт-талаптарын негіздеуші ұлы тұлға Жошы хан бейнесіне дейін көтеріледі. Жошы өз иелігіне берілген Ертіс өзенінен Орал тауына, оңтүстіктен Каспий теңізі мен Арал теңізіне дейінгі жерлер, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасыннан Бұлғардың шетіне дейінгі Қып­шақтың кең даласын зор мәртебе тұтады. Ұлы дала кіндігі Ұлытауда Жошы ордасы тігіледі. Спек­такльде Жошы хан рөлін театр­дың жас актері Қайыр­жан Садықов сомдайды. Динамикаға құрылған драмада хан ордасын­дағы алауыздықтар мен көре­ал­мау­шылықтар да көрініс тапқан. Айталық, бақсы Көкеш пен Қағанның сүйікті тоқалы Құлқа тақтан дәмеленіп, Жошы мен бауырлары ара­сына от салады. Жошының көзін құрту үшін бақсы Құлқаға у береді. Оны ханша көйлегіне жасы­рады. Алайда спектакль барысында у ішіп уланған ешкімді көрмедік. Соңында сол удың ханның қолына қалай жеткені де ашылмай қалды. Дегенмен түркі баласын бір тудың астына жинап, артынан ерген елдің тыныштығы мен біртұтастығын ойлаған оғлан бейнесі бүгінгі қазақ теа­трына қосылған жаңа тұлға болды. Шың­ғыс ханнан кейін қаны түркі баласына бір шаңырақтың астына бас қосқызып, бір қазаннан дәм татқызған, тағдырын бір қазыққа байлаған Жошы өмірі – елдің елдігін, ділдің бастауын көрсететін құнды­лық.

 

Көктем ҚАРҚЫН