Бүгінде бір емес, бірнеше жоғары оқу орнының дипломы бар жастар жетерлік.
Жастар саясаты ауылға жетті ме?
1,085
оқылды

 Тіпті, шетел асып, оқу бітір­ген жас мамандар қатары да жыл са­нап толығып келеді. Алайда бұл көр­­сеткіш елдегі әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайға айтарлықтай әсер етіп жатқаны байқалмайды. Шындығы сол, жастардың жемісті жұмысы ерік­тілер қатысатын түрлі жиында ғана көзге көрінеді. Ал қазір жас­тардың арасында шекара сыртынан жұмыс іздеп кеткендер көп. Елде қалғандардың өзі алған  білімін кәсіп дөңгелетуге арнаудың орнына жалдамалы жұмыс­қа жем қылып отырғаны жасырын емес.

Соңғы жылдарда Жастар және отбасы істері комитеті елдегі жастар және отбасы мәселелері бойынша ҮЕҰ-мен бірге мем­лекеттік, жастар және отбасы саясаты са­ласында түсіндіру жұмыстарын, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды бірлесе жүзеге асырады. Ал жастар ресурстық орталықтарын құру, олардың қызметін қамтамасыз ету және үйлестіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Сондай-ақ былтырдан бастап Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттік гранттарды беру үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру саласындағы Оператордың конкурс өткізуі арқылы өтеді. Биыл да Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитеті 14 ҮЕҰ-да 11 ортамерзімді және 5 ұзақмерзімді мемлекеттік грант беру­ді көздеп отыр. Жобалар жастарды жұмысқа орналастыруға және оларды кәсіптік бағ­дарлауға жәрдемдесуге, жастарға тегін пси­хологиялық және заңгерлік көмек көрсетуге, жастардың инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдесуге, экологиялық акцияларды іске асыру арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге, жас­тарға отбасылық өмірге дайындалуға жәр­дем­десуге бағытталмақ. Бірақ мемлекеттің бұл мүмкіндігін ауыл мен аудан жастары көре ала ма? Мәселе осында болып тұр. Өйт­кені кәсіптен нәсіп тауып, түрлі жеңілдік ар­қылы жеке іс бастағандардың көбі мем­лекеттік қызметтен біршама хабары бар бұ­рын­ғы қызметкерлер. Өзге жастарға жігер сыйлап, кәсіп бастауына арналған әдемі жобаларымыз ауыл баласына келгенде ақсап жатыр.

Олқылығы көп ортақ бағдарлама

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жастар ресурстық орталығын басқарған Сая Сағынғали «ауылда әлеуметтік жобалар жүзеге асырылмайды» дейді. Статистикаға сәйкес, қазір елде 14-35 жас аралығындағы 6 миллионнан астам адам тұрады. Ал олар­мен жұмыс жүргізу – жастар саясатының маңызды бөлігі. Бір қызығы, қазір жастар сая­сатында тұжырымдама да, заң да болға­нымен, оны жүзеге асыруға атсалысатын бағдарлама нақтыланбаған. Қазір де үкі­меттік емес ұйымдардың жобаларын бақы­лайтын эксперт маман ретінде жұмыс іс­тейтін Сая Сағынғали азаматтық баста­маларды қорғау орталықтарына жылына миллиондаған, миллиардталған ақша бө­лінетінін тілге тиек етеді. Орталық үкіметтік емес ұйымдарға қаражат бөледі. Сөйтіп, жыл сайын жобалардың байқауы өтеді. Яғни, мемлекет өз тарапынан қаражат бөліп жа­тыр. Алайда грантты ұтып алған ұйымдардың жұмысы үйлестірілмеген. «Бізде жастар ұйымдарын атаулы мерекеде, мейрамдарда әкімшіліктің жұмыстарына пайдаланады. Шын мәнінде, жастармен жұмыс істей алмайды. Тағы бір қателік, бұл ұйымдарда жұмыс істейтіндердің көпшілігі костюм, шалбар, галстук киіп алған шенеуніктер. Меніңше, жастармен жұмыс істейтін ұйымдарда әр жастың категориясына сай жоспар, бағдарлама бөлек болуы керек. Бізде барлығына бірдей жоспар. Сондықтан жастарға сай бағдарлама жасау қажет деп ойлаймын», – дейді.

Олқылығы көп ортақ бағдарлама жер­гілікті жерлердегі жұмыссыз жастардың санын өсіруде. Мәселен, ірі мегаполистер мен өндірісі бар аумақтарда жұмыс болуы мүмкін. Бірақ аудан мен ауылдық округтерде кәсіп ашқысы келетін жастар болғанымен, түсіндірме жұмысы да, бөлінген қаражат та жетпейді. Осы себепті де ауылдық жерлердегі жастарды жұмыспен қамту мәселесі тас­бақаның жүрісі секілді баяу. Мемлекеттік гранттың қызығын көретіндер де аз. Өйткені қаражат бөлінген жерде де «аға-көкенің» арқасы, басшылар тарапындағы бюрократия басымдыққа ие.

Қызылорда облысы Қазалы ауданының мәслихат депутаты Есет Табынбаевтың айтуынша, қазір елдегі әрбір ауданда Жастар ресурс­тарын қолдау орталығы бар. Бірақ осы ор­талықта істейтін қызметкерлердің білік­тілігі – бірінші мәселе. «Бұл орталық бай-бағ­лан­дардың балалары, оқуын енді ғана бі­тірген маманды жұмысқа тұрғызатын орынға ай­налған. Соңғы өзгеріске сәйкес, жастардың санаты 14-35 жасқа дейін болып өзгертілді. Қазір кез келген ресурстық орталыққа бар­саңыз, басшы болып 26-27 жастағы ма­мандар отыр. Кеңесшілерінің жасы – 21-22-де. Оқу­ды кеше бітіріп келген балаларға елдегі жастар саясатын сеніп тапсырып отырмыз. Жиырмадан енді асқан жас маман мен 35 жастағы адамның ой-өрісі, интел­лектуалдық деңгейін салыстыруға болмайды. Сондықтан алдыңғы кезекте жастармен жұмыс істейтін мамандарды іріктеп алу керек», – дейді ол. Себебі жастардың өзін үш топқа бөлуге бо­лады. Біріншісі – оқып, тоқыған, азаматтық көзқарасы қалыптасқан тәжірибесі бар жас. Екіншісі – «ақшаң болса қалтаңда, талтаңда­саң талтаңда» дейтіндер. Олар қоғамдағы мәселеге басын қатыр­майды. Үшіншісі – маргинал жастар. Сондықтан әр­түрлі жастағы және түрлі санаттағы жастарға түсіндірме жұмысын жүргізетін маманның өзі көргені мен түйгені мол тәжірибелі ма­ман болуы маңызды.

Сондай-ақ Есет Табынбаев мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі жеңілдік ауылдық округтерге жетпейтінін жеткізді. Себебі, әлгінде айтқандай, түсіндірмелік жұмыс тоқырап тұр. Бөлінген қаражат та жыртыққа жамау бола алмай келеді. Оның айтуынша, кәсіп бастағысы келетін жастар бар. Бірақ мемлекеттің жеңілдігі қаражатқа қызығу­шылық басталмай жатып-ақ бітіп қалады екен. Бір көшенің асфальт емес, гранитін төсеуге 25-30 миллион ақша бөлетіндер ау­данның жастар саясатына 5-6 миллион ақша береді. Бұл 25 мың жасқа жұғым болмайды. Сондықтан ол «Қаражат тапшылығын шеш­пей, құрғақ сөз бен жиындар жастардың вакуумын толтыра алмайды. Елдегі түрлі бағдарлама арқылы жас мамандарды тарту да толық тиімділігін көрсете алмай келеді. Себебі құлайын деп тұрған ауылдарға жастар бармайды. Осының барлығы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіруі тиіс әкімдіктер мен орталықтардың олқылығы­нан туындап отыр. Қазір ауылдық әкім­діктерде жастармен айналысатын маман жоқ. Бұл да жастар саясатын кері тартып келеді», – дейді.


Жұмыс жоспары ойдан шығарылады

Әлеуметтанушы Айдар Хамиттің де өз айтары бар. Оның айтуынша, елдегі жастар саясаты ойдан шығарылған дүние. Себебі қолға алынған жобаның өміршеңдігі тү­бегейлі зерттелмейді, ары қарай жұмыс іс­теуіне толық баға берілмейді. Қолға алынған бағдарламалар белгілі бір деңгейде жастар­дың дамуына, әртүрлі қажеттілігіне ықпал етуі мүмкін. Бірақ жастар арасындағы ай­мақтық, діни, тілдік, әлеуметтік-экономи­калық ерекшеліктер жоспардың жүзеге асуына кедергі келтіреді. Өйткені жастарға арналған жобалар жастар арасындағы ерекшелікті ескермей қабылданады. Ең қызығы, мемлекет жастарды объект ретінде қарастырады. Ал өркениетті елдерде жастар қоғамның белгілі бір мүшесі ретінде субъект болып саналады.

Сондай-ақ әлеуметтанушы жастар ресурсы орталықтарының жүктемесі көп екенін айтады. Мысалы, оңтүстік аймақтар­дағы орталықтың 10 қызметкерінің орташа алғанда 500 мыңдай жасты қамтуға қауқары жетпейді. Орталықтағы мамандардың жүк­темесі көп болғандықтан белгілі бір санат­тағы жастарға қызмет көрсету кемшін қалып келеді екен. «Біз қазір Финляндия, Эстония секілді батыс елдерінің мысал­дарына жү­гінгенімізбен, толық жұмысын тәжірибеде қол­дана алмай келеміз. Бұдан бөлек, Аза­маттық бастамаларды қолдау орталығы – мемлекеттік гранттардың операторы. Жылда олар азаматтық секторларға мемлекет та­рапынан ұсынылатын қаражатты бөледі. Оның ішінде жастар мәселесімен айна­лысатын үкіметтік емес ұйымдар бар. Алайда олардың жұмыс нәтижесін бағалау қиын. Жалпылай алғанда, әлеуметтік-экономи­калық әсерін бергенімен, кемшілік те көзге ұрып тұр. Мәселен, қала мен ауыл арасын­дағы айырмашылық бар. Кейбір жобалар орыстілді сарапшылардың бағалауы бо­йынша жүзеге асып отыр. Әйтпегенде, қазақтілді ҮЕҰ-дың жобаларын бағалауға қатысты сұрақтар жылда көтеріледі. Де­мографиялық ерекшелік те ескерілмейді. Ауыл баласы қалаға келсе де түрлі кедергіге тап келеді. Мысалы, қалаға оқуға келген жас­тың пәтер жалдау құны қымбат. Осы қажеттілікті өтеу үшін студенттер жұмыс істейді. Бұл сапалы білім алуына кедергісін тигізеді. Сол үшін қазіргі жастарда маман болу мақсаты жоқ. Кәсіби бағдарға қатысты сұрақ көп. Яғни, саналы түрде таңдаған мамандығына қызмет етіп жатқан жастар өте аз. Өкінішке қарай, өз кәсібі бойынша жұмыс істейтін жастардың үлесі 40 пайызды ғана құрайды», – дейді Айдар Хамит. Айталық, «Серпін», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы» бағдарламасының бір қайнауы ішінде қалды. Қазір бұл бағдар­ламаларға өзгерістер мен толықтырулар керек. Өкінішке қарай, елдегі жүзеге асқан жобалардың өміршеңдігіне зерттеу жа­салмайды. Сәйкесінше, заманға сай қайта жаңартылмайды.


Шикі шешім шектеу қояды

Жастармен жұмыс істейтін маман даяр­лауға да көңіл бөлетін уақыт жетті. Әлеу­меттанушының сөзінше, басқа елдерде жас­тармен жұмыс істейтін арнайы маман­дарды оқытатын факультет бар. Бізде жастармен жұмыс жүргізетін маман тапшы. «Ал жастар мәселесін зерттеу мемлекеттік тапсырма ретінде ғылыми орталықтарға бөлінген. Яғни, байқаусыз және тендерсіз өткізіледі. Тағы бір мәселе, жастар саясатын­да қолға алын­ған кейбір жобалар мемлекеттің көз­қарасына кереғар келеді. Мысалы, Мәжілісте жастарға квота берілген. Кадрлық резерв бар. Осындай квотаның болуының өзі біраз жастарға шектеу қояды. Екіншіден, квота Президент айтып жүрген меритокра­тиялық принципке қайшы келеді. Білімі мен білік­ті­лігі тұрғысынан жастар саясатындағы кадр­лық резервке де қатысты даулы сұрақ көп», – дейді Айдар Хамит.

Мәжіліс депутаты Айдарбек Ход­жаназаров қолға алынған жобалардың жемісті жүзеге асқанын жастар арасындағы теңсіздік мәселесі түбегейлі шешілгенде ғана көруге болады деп санайды. Өкінішке қарай, әлі де елдегі жастардың ресурстарға қолжетімсіздігі ала-құла. Әсіресе, ауыл мен қала арасындағы теңсіздік жер мен көктей. Қала жастарының білім алуынан бастап кәсіп таңдауына дейін мүмкіндік мол. Ал ауыл баласы атқа қонып, жоғары жалақысы бар жақсы жұмысқа тұру үшін қала баласына жасалып отырған жағдайға қолжетімділігін арттыру маңызды. Оның айтуынша, қазақтілді және орыстілділер арасындағы теңсіздік те бар. Мысалы, орыстілді жастар қажетті дүниелерді ресейлік каналдардан қарай алады. Ал қазақтілді контенттер қазақ тілін тұтынатындардың қажеттілігін толық қанағаттандырмайды.

Қорыта айтқанда, жастарға қатысты саясаттағы олқылықтар әлеуметтік жіктелуді тереңдете түсуі мүмкін. Сондықтан есеп беруге емес, жастарға арналған жобалардың жемісін бергеніне көбірек көңіл бөлінгені керек-ақ.

 

Жадыра МҮСІЛІМ