Қыш құмыра жасаудың тарихы тым тереңде жатыр.
Құмыра жасаудың құпиясы
1,777
оқылды

Қазір де қолөнердің осы бір түріне қызығушылық танытатындар көбейді. Әсіресе, жастар қыш құмыра жасаудың тың тәсілін меңгеріп, мұны қажеттіліктен бұрын хобби деуге келетіндей. Ерекше кәсіпті меңгерген елордалық Ақерке Айткелдімен сұхбатымыз осы турасында өрбіді.  

– Ақерке ханым, бізді басқа-басқа, қыз баласының қыш құмыра жасау кәсібін меңгергені қызықтырды.  Сіз қыш құмыра жасауды қалай меңгердіңіз?
– Қыш құмыра жасаушыларды алғашқыда әлеуметтік желіден көріп, қызығып жүретін едім. Көп ойланбай Алматы қаласындағы құмыра жасайтын Dala crafts орталығына барып, құмыра жасап көрдім. Мен  бұл кәсіптің жүрегіме жақын екенін сездім.  Себебі мен бала кезімнен сурет салғанды жақсы көретінмін. Осыдан соң маған құмыра жасау арқылы қазақ қолөнерін дамыту туралы ой келді.    Dala Crafts құмыра жасау орталығының басшысынан сұрастырғанымда олар мұндай орталықтың Астана қаласында жоқ екенін айтты.  Осы кәсіпті Астана қаласында ашуға бел будым.  Осылайша, 2022 жылдың 29 қыркүйегінде  Dala crafts Astana құмыра жасау орталығын аштым.
Менің негізгі мамандығым – есепші. Бұған дейін өз мамандығым бойынша жұмыс істедім. Бірақ шыны керек, уақыт өте жалақыға жұмыс істегім келмеді. Астана қаласынан құмыра орталығын ашамын деп шешкен соң құмыра жасаудың шебері Бекзат Бахтиярұлынан дәріс алдым. Енді, міне бүгінде өзім де шеберге айналдым.  
– Қазір қыш өнері сұраныста ма?
–Қыш өнерінің тарихы тереңде жатыр.  Оның жасалу технологиясы да жылдан-жылға күрделене түскен. Қазір бұл өнерге сұраныс жоғары деп айтуға келмейді. Қыш құюмен айналысатын шеберлер де көп емес. Алайда елімізде қыш құмыра жасайтын орталықтар жыл сайын артып келеді.
Негізі, қыш құмыра жасаудың денсаулыққа пайдасы зор. Әсіресе, онкология, аутизммен ауыратын балаларға қол моторикасын дамытуға, бала бойындағы ойлауды, тепе-теңдікті ұстауда үлкен пайдасы бар. Ми жұмысын дамытуға ерекше ықпал етеді.
– Қыш ыдыстар қалай жасалады?
– Құмыра әртүрлі техникамен жасалады. Оған су, арнайы тазалайтын құрал, темір және қыш ыдыстың сыртын тегістеп алатын құрал қажет болады. Құмыра жасау үшін арнайы дайындалған саз керек. Біз оны Д.Қонаев қаласынан алдыртамыз.  Бұл өнер  шеңбердің орталық бөлігі маңызды. Ең басында саз балшықты  шеңберге ұстату үшін кішкентай ғана сазды шеңбердің ортасына қою керек. Одан кейін шеңбердің ортасына сазды бар күшіңізді салып жапсырасыз. Саз-балшық қатты жабысуы керек. Жұмыс кезінде, шеңбер айналған кезде саз балшық дұрыс жабыспаса, сіздің жасаған затыңыз дұрыс шықпайды. Құмыра жасау барысында үнемі суды қолданып отыруыңыз керек. Өйткені саз құрғап кетпеуі қажет. Саз балшықтың биіктігін көтеріп, қалаған пішінге келтіріп аласыз.
– Сонда бір қыш ыдысты жасауға қанша уақыт кетеді?
– Бір құмыра жасауға жарты сағаттай уақыт кетеді. Бұдан соң дайын болған ыдыстың сыртын ангоб бояумен әрлеп, дайын болған ыдыстарымызды күн түспейтін жерде, қалыпты температурада кептіреміз.
 Қыш құмыраны «бір көріп алсам, жасай  беремін» деу қателік. Оған машықтану үшін көп тер төгу қажет. Бұл өнер адамның жүйкесін тыныштандырады. Сосын шыдамдылыққа, ыждағаттылыққа үйретеді. Егер адамның өзінің бұл салаға деген құштарлығы болмаса, үйреніп кетуі қиын болады. Десек те, бізді Астана қаласындағы тұрғындар қыш ыдыс жасауға деген қызығушылығы шабыттандырды. Бүгінде мұнда 4 жасар баладан бастап зейнеткерлікке шыққан қариялар да көптеп келіп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Жанель ҚҰТТЫБАЙ