Шымкент қаласында әлемде ба­ламасы жоқ «Көшпенділер» деп аталатын жиһаз өндіріледі.
Жиһаз-трансформер Шымкенттен шығады
956
оқылды

Жиһаз жиынтықтары арқылы, яғни осынау конструктордан бірнеше жиһаз құрастыруға болады. Аты айтып тұрғандай, 12 бөлшектен тұратын жиһаз көшіп-қонуға өте қолайлы. Бағзы замандағы ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігін еске салатын осы­нау дүние заманауи үлгімен жасалынған.   

Шымкенттік Ерлан Сағынтаев бұл құрамалы жиһазды құрастыруға 3 жыл уақытын cарп еткен. Терең логика мен әрбір бөлшегінің көлемі бір-біріне сай болу үшін жіті математикалық есептерді, ұшқыр ойды талап ететін мұндай затты құрастыру идеясы Ерлан Батырханұлына өз-өзінен келіпті.  Өмірінде ағаш өңдеуге арналған қарапайым балға ұстап көрмеген автор өзінің денсаулығы мазалап жүрген соң әсіресе бүйрегінде кінәраты бол­ғандықтан, сүйеніп жату үшін  қабырғаға көрпешені қалай жапсырып қоюға болады деген ойдың жетегінде болады. «Бастапқыда аяғы бар әрі  қабырғаға да жапсырып қоюға болатын  көрпешені құрау үшін өлшем жұмыстарын жүргіздім. Картон қағаздарды қиған кезде жай­намаздың көлеміндей 120см * 60 см ша­масы болды. Содан белі, аяғы ауыратын ата-апаларымызға  ыңғайлы жұмсақ жайнамаз ретінде де қолдануға болады екен деген оймен мұны одан әрі дамыт­тым. Бір  топтамада 10 адам намаз оқи алатындай бірнеше құралмалы-жинал­малы құрақ  көрпеше жасап шығардым. Бір тылсым күш мені құрастырған көр­пешелерімнен бұдан басқа да түрлі дүние жасауға болатынына жетеледі. 12 бөлшек адамның 12 мүшесі, ал әр құрақтың аяқтары бүгіліп, қайта ашылғанда тура адамның молдас құрып отырғаны сияқты кейіп береді. Қазақтың жігіттері молдас құрып отырады ғой, дәл сол сияқты» деген автор бұл ерекше дүниені бастап­қыда қалай жасап шығарғанын айтып берді.

12 бөлшекті жайып жібергенде өлшемі 2,5*2,5 метр  көлемінде күрес кілеміне де ыңғайлы болады.  Бір-бірімен тығыз, жылжымай жабысатын, өте ұқып­ты іс­телінген көрпеше тектес бөлшек транс­форматор құралмалы болғандықтан, компанияның атауын да  Quraq grup қойыпты. Осылайша, 2016 жылдан бері ойды дамытып, әрбір бөлшегінің адамға  қызмет ету  түріне мән беріліп жасалған құ­ралмалы жиһаз идеясы 2019 жылы пісіп жетілген. 8 үлкен, 4 кіші бөлшектен тұ­ратын құрақтан бүгінде бірнеше жиһаз құрастыруға болады. Тапсырыс берушінің қалауынша қосымша 4 жастығы мен

2 үстелі де бар. Ұлттық ою-өрнекпен бе­зендіріліп, заманауи  стильде жасалынған құрақты құрастыру, бөлшектеу және бір жерден екінші жерге тасымалдау оңай. Сол үшін оның атауын «Көшпенділер» деп қойыпты.  Автор өзінің есептеуімен 20 түрлі жиһаз жасап шығаруға болады дегенімен, сатып алушылар бөлшектерден бұдан өзге де түрлерін құрастырып қойып жатқанын айтады.

Әмбебап жиһаз үйде көп орын ал­майды.  Үй бұрышында бірінің үстіне бірі жиналып тұрғанда  бар болғаны 1,20*60  метр орынды ғана алатын бөлшекті кез келген уақытта кеңейтіп, ұзынынан 12 метрлік диван немесе  қонақ бөлмеге арналған ортасында шай үстел қойылған 2 орындық 1 диван істей салуға болады. Одан бөлек, ортаға шай үстелін қойып, айналдыра көрпеше төсеп тапшан жасасаңыз, тіпті керемет көрінеді.   

 «Күндіз қонақ бөлме жиһазы, түнде жатын бөлмеге  арналған диван бола ала­тын бұл трансформердің адамға көр­сететін қызметі  көп.  Атқаратын қызметі тек қазақтың емес, кез келген түркі  ха­лық­тарына тән. Бір шетте жиналып тұрған бөлшектерді кішкентай балалар да көтеріп кете алады. Бір топтама бір жеңіл көлікке түгеледей сыйып кетеді. Оны таза ауаға серуенге алып шықсаңыз, төсе­ні­шіңіз де, жатын орныңыз да бола береді. Мысалы, келіндер үй жинағанда дивандар мен столдарды жылжыта алмай жатады ғой. Ал бұл жиһаз өте жеңіл, бір шетте еш­кімге кедергі келтірмей тұра береді. Әсіресе, көпқабатты үйдің 1 бөлмелі пә­терінде тұратын жандар үшін де тап­тырмас дүние. Барынша минимализм үлгісінде жасалған жиһаз-конструкторды қыз жасауына да алып жатқандар көп. Қыздың дүниесіне арналған жиһаздардың бірнеше бөлігінің қызметін атқарады. Қазір адамдар минимализмге ауысып жатыр», – дейді Quraq grup компания­сының негізін қалаушы Ерлан  Батыр­ханұлы.

Топтамасы 375 мың теңге тұратын жиһаз-трансформерге үйін ерекше стильде безендіретін қалталы азаматтар тарапынан да сұраныс артқан. Олар пай­даланылатын материалдардың қымбат түріне тапсырыс береді екен. Оның ба­ғасы 660 мың теңге көлемінде болады. Бүгінде Шымкент қаласының тұрғында­рынан бөлек Алматы, Астана, Ақтөбе жұрты  да қызығушылық танытып жатыр. Әрбір миллиметрі үлкен есепті қажет ететіндіктен, автор маңызды бөлшектерді өзгертіп алмас үшін тапсырысты әзірге ұлымен бірге істеп беріп отырған. Бір жиын­тықты 3 күнде бітіреді. Алайда соңғы кездері тапсырыстың артуына орай шеберлерді тартуды ойлап отыр. «Бұл жобаның келешегі зор. Бұдан әрі де кеңейтіп, дамытамын деген ойдамын.  Бізге мемлекет тарапынан көп қолдау жасалды.  Шымкент қаласының әкімдігі республика бойынша бізде ғана өндіріс паркін ашып берді. Жұмыс істемей тұрған үлкен зауыт иесімен келісім жасап, ар­найы бағдарлама құрып, біз сияқты ерекше әрі болашағы бар кәсіппен айна­лысатындарды жинап, осында орналас­тырды. Жоба бойынша алғашқы жылы цехтың  жалға алу құнының 75 пайызын, екінші жылы 50 пайызын, үшінші жылы 25 пайызын төлеп береді. Шүкір, бір жылдан бері отырған ғимаратымыздың жалға алу құнының 75 пайызын төлеп берді. Сонымен бірге қажетті құрылғылар мен шикізатты алу үшін  5 млн теңге қай­тарымсыз грант алдым.  Осындай керемет мүмкіндіктерді жасап бергені үшін алғы­сымыз шексіз. Енді тек жұмыс істеп, мем­­лекет бюджетіне де өз үлесімізді қо­суы­­мыз керек», – деп мемлекеттің қам­қор­­лығына ризашылығын білдірді кәсіп­кер.  

Осы төсенішті бастау идеясына дейін балға ұстап көрмеген автор мұндай ұста­лық қасиеттің нағашы жұртында болға­нын кейін естіпті. Анасының ата-баба­ла­ры күмістен аттың егерін жасаумен ай­на­лысқан екен. Жиһаз-трансформердің сал ауруына шалдыққан балалар үшін де тиім­ділігі жоғары. Сондықтан кәсіпкер кейде осындай науқастағы балаларға қайырымдылық есебінен жиһаз беріп тұрады.  
«Ел іші – өнер кеніші» дегеніміз  осы шығар...

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы