Маусым айында Қазақстанда айлық инфляция деңгейі 0,5% болды, ал маусымдағы жағдай бойынша жылдық есепте баға 14,6%-ға өсті. Кейбір өнімдер бір жылда бір жарым есеге жуық қымбаттады.
Инфляция бой бермей барады: күріш бір жылда 48 пайызға қымбаттады
1,567
оқылды

1 шілдеде Ұлттық статистика бюросы маусым айында елде қандай тауарлар мен қызметтер бағасы өскені туралы мәлімет жариялады.

Ведомствоның мәліметінше, жылдық есептегенде инфляция 14,6 пайыз болды. Азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 14,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 15,8%-ға, ақылы қызметтер бағасы 13,3%-ға өсті. 2022 жылғы маусыммен салыстырғанда кеңсе тауарлары  – 67,7%, қияр – 33,4%, кір сабын – 42,1%, ыдысты жууға арналған құралдар – 41%, қантсыз қоюландырылған сүт – 42,9%, күріш – 47,6%, күндізгі стационарлық емдеу – 40,8%, шақпақ қант 32,2% қымбаттады.

Тұтыну бағаларының индексі өткен айда баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы – 0,7%, ақылы қызметтер – 0,6%, азық-түлік тауарлары 0,2% өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде маусымда баға жиhаз бен үйге қажетті заттарға 2,6% өсті, шабадандар, жол сөмкелері – 1,4%, велосипедтер – 1,2%, жеке қолданатын заттар бағасы 1% қымбаттады. Мамырмен салыстырғанда маусымда құрылыс материалдары – 0,8%, киім және аяқкиім, фармацевтика өнімдері – әрқайсысы 0,7%-дан өсті. Бензин АИ-95/96 – 1,1%, баллондағы сұйытылған газ 0,7% қымбаттады.

Бағаның өсуі әуе жолаушылар көлігі қызметтеріне – 9,6%, кешенді демалыстарды ұйымдастыруға – 8,8%, санаторий қызметтеріне – 6%, тұрғын үй-жайларды жөндеу және қызмет көрсету бойынша қызметтерге – 1,6%, қоғамдық тамақтандыру қызметіне – 1,4%, денсаулық сақтау қызметіне 0,9% өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында картоп бағасы – 9,9%, жүзім – 4%, лимон – 3,9%, алма 3,1% өсті. Бағаның өсуі минералды және ауызсуға, салқындатылған сусындарға 2,4%-дан, жеміс және көкөніс шырындарына 1,8% байқалды. Банан – 10,6%, жаңа жиналған көкөніс – 8,8%, жұмыртқа – 5,9%, күнбағыс майы – 4,2%, қарақұмық жармасы  4,1% арзандады.

"Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында – 0,9%-дан (орташа республикалық деңгейден 0,4 п.т. жоғары), ең төменгі – Ақтөбе облысында 0,1% тіркелді. Тұтыну бағаларының индексі бір айда Шымкент қаласында 100% құрады", – делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан хабарламада.

Өңірлер бойынша ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Ұлытау облысында – 1,3%, азық-түлік емес тауарлары Астана қаласында – 1,3%, ақылы қызметтер Солтүстік Қазақстан облысында 1,4% өсті.