Біз – жұдырықтай жұмылған күшпіз

Астанада өткен аптада AMANAT партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті.

Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысса, олардың 2,5 мыңы, яғни еліміздегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 77%-ы – жергілікті өкілді органдардың аманаттық депутаттары. Соның ішінде Ақмола облысының мәслихат депутаты Құралай Джұмабекова форумда көтерілген  мәселелерге байланысты пікірін білдірді.

 –  Өз басым форумға қатысқаныма қуаныштымын, өзара тәжірибе алмасып, көп нәрсені білдік, түйдік. Айтарым, өзім "Аналар үйі" ресурстық орталықтың кординаторымын. Әлеуметтік мәселе бойынша жұмыс істеп жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Сондықтан бүгін форумда ведомствоаралық ұйымдардың өзара келісімге келуі, оның ішінде әкімдіктер, мәслихат, AMANAT партиясымен бірлесе жұмыс істеуінің арқасында көп мәселе шешіліп жатыр. Соның бірі – жәрдемақы мөлшерінің ұлғаюы. Әсіресе, әлеуметтік мәселелер партияның ғана емес, үкіметтің назарында.  

Бүгінде мүгедектігі бар ересек жандарға ғана емес, мүгедектігі бар балаларға да көмек көрсетіліп жатыр. Өзім көпбалалы ана ретінде он екі бала өсіріп отырмын. Шүкір, алла көп көрмесін! Арасында асырап, бауырыма басқан балалар да бар. Өз басым жетімдердің балалар үйінде өскеніне қарсымын. Әрбір бала жанұяда, бауырларының ортасында өсуі керек. Шыны керек, қазір жетім балаларға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетілуде. Тегін білім ала алады, пәтерге кезекке тұра алады. Мұның өзі үлкен көмек. Әрине, әлі де шешілуін күтіп тұрған мәселелер көп. Қазір біз ойланып, не істейміз, не істеу керек деп ойға батып отырғанымыз жоқ. Қазір біздің мақсатымыз – айқын, нысанамыз – анық, енді тек іске көштік. Осы  мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумында партияның алдында нақты тапсырмалар қойылып, стратегиялық жоспар құрылды. Соны біз орындаудамыз. Біз жұдырықтай жұмылған күшпіз. Сондықтан бізге сеніп, үміт артқан халықтың, әсіресе балалардың сенімін ақтауымыз керек. Өйткені біздің болашағымыз сол келешектің қолында, ал біздің келешегіміз – балалар, – дейді Ақмола облысының мәслихат депутаты Құралай Джұмабекова.