Қызылорда қаласында сол жағалаудан жаңа автовокзал ғимаратының іргетасын қаланды.
Қызылордада жаңа автовокзалдың құрылысы басталды
4,136
оқылды

Жалпы құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи автовокзал ғимаратының құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жалпы барлық стандарт талаптарына сәйкестендірілген заманауи үлгідегі жаңа кешен жолаушыларға сапалы қызмет етіп, жол қатынасының реттелуіне негіз болмақ. Мұнда ірі сауда және тамақтану орындары, тұрмыстық қызмет, қоймалар, көлік жөндеу цехтары жұмыс жасайтын болады.

 

«Ел Президенті мен Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында аймақта тың жобалар өркен жайып, жаңа нысандар салынуда. Оның ішінде, көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да ауқымды жоспарымыз бар. Біз өткен жылдан бері аймағымыздың негізгі қақпасы саналатын әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал инфрақұрылымын дамытуға басымдық бердік. Соның нәтижесінде әуежай алаңы жаңарып, жаңа автовокзалдың құрылысы басталды. Осы жылдың наурыз айында ел ағаларымен бірге жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 15 млрд теңге болатын «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалының іргетасын қаладық. Бүгінде терминал құрылысы қарқынды жүруде. 2024 жылдың мамыр айында ел игілігіне табыстаймыз», – деді ғимараттың іргетасын қалау рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңа автовокзал пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейс бойынша 55 автобус маршруты  ұйымдастырылмақшы. Мұнан бөлек, Ташкент қаласына 1 халықаралық рейс, 46 ауданаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка), Ақтөбе және тағы басқа қалаларға  8 маршрут жолға шығады. Нысан жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге ыңғайластырған.  

Осы орайда айта кеткен абзал, Сыр өңірінде жолаушылар тасымалының сапасы жылдан-жылға артып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы қайта жаңғыртылып, аймақ экономикасының өркендеуіне оң ықпал етті. Көлік инфрақұрылымына деген сұраныс та артып, өткен жылы облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдау қызметін жақсарту үшін заманауи 150 жаңа автобус сатып алынды. Биыл да шаһардағы қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу мақсатында қосымша 150 автобус әкелінбек.

Рәсімде жерлестерін Жалағаш ауданы және Қызылорда қаласының құрметті азаматы Қожахмет Баймаханов құттықтап, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорғанбек Қайруллаұлы бата берді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы