Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
ШЫҰ-ның халықаралық беделі жоғары – Қасым-Жомарт Тоқаев
924
оқылды

Беларусь Республикасының Шанхай ынтымақтастығы ұйымына кіру процесі аяқталуға жақын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында айтты.

«Ең алдымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымына Үндістан Республикасының табысты төрағалық еткені үшін Премьер-министр Нарендра Моди мырзаға алғыс айтамын. Сіздің еліңіз ұйымымызды дәйекті дамытуға және оның халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосты. Бүгінгі саммит ашықтық, өзара сенім мен тең құқықтық принциптеріне негізделген жаһандық көпжақты диалогқа тың серпін береді. ШЫҰ қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бұл ұйымның рөлі артып келе жатқанын және көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нығая түскенін білдіреді.

Осы ретте әріптесіміз Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Беларусь Республикасының да біздің Ұйымға мүше атану процесі аяқталуға жақын. Осы жағдайды пайдалана отырып, әріптесіміз Президент Александр Григорьевич Лукашенконы кеше өткен Беларусьтің Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Бауырлас беларусь халқына амандық, бақ-береке тілеймін. Бірнеше күннен кейін Өзбекстан Республикасында президент сайлауы өтеді. Құрметті Президент Шавкат Миромонович Мирзиёевке осы маңызды шараны табысты өткізуге тілектестік білдіремін», – деді Қ.Тоқаев.

Президент атап өткендей, Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық беделі жоғары.

«Бүгінде табысты әрі көпжақты ұйымға айналды. Жер шары халқының шамамен жартысын қамтитын ШЫҰ – күн тәртібінде ауқымды мәселелерді қарастыратын бірегей еуразиялық ұйым. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірі, дүниежүзілік сауданың 15 пайызы біздің мемлекеттеріміздің үлесіне тиесілі», – деді Мемлекет басшысы.