Бұл каналдардағы су шығынын азайтуға және суды үнемдеп тұтынуға мүмкіндік береді.
Су үнемдеу технологиясын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі керек – Әлихан Смайылов
975
оқылды

Суды үнемдеу технологияларын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

«Егіс алқаптарына жіберілетін судың біраз бөлігі ескірген каналдардың салдарынан ысырап болып жатқанына тоқталған Үкімет басшысы: «Негізінде, жаз айларында судың шығыны 10-15 пайыздан аспауы тиіс. Ол үшін барлық суару каналдары мен су қоймаларын жөнге келтіру қажет. Ондағы барлық процестерді міндетті түрде автоматтандырып, цифрландыру керек. Әсіресе, суды барынша ұтымды пайдалану мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, дақылдарды әртараптандыру жұмыстарын күшейтуі қажет», – деді.

Оның айтуынша, суармалы егіс алқаптарындағы су тарифтеріне қатысты мәселе көп.

«Мемлекет басшысы қолданыстағы тарифтер суды үнемдеп жұмсауға ынталандырмай отырғанын баса айтты. Сондықтан бұл саладағы тарифтік саясатты қайта қарап, адамдардың суға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру қажет. Жалпы Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңір әкімдіктері вегетациялық кезеңде белгіленген барлық жоспарларды орындау бойынша жұмысты күшейтуі тиіс», – деді Премьер-министр.

Осы орайда ол министрліктерге бірқатар тапсырма берді.

«Біріншіден, Экология, Сыртқы істер министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, су дипломатиясы бойынша нақты позицияны айқындап, оны үкіметаралық комиссиялар аясында біздің мүдделерімізді ескере отырып қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Экология министрлігі мен әкімдіктер су шаруашылығы объектілерін салу және күрделі жөндеу жобаларын, сондай-ақ суды есепке алудың цифрлық жүйелерін енгізу жұмыстарын жалғастыруы керек. Екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі суару тәсілдеріне байланысты Субсидияларды саралау ережелерінің тез арада қабылдануын қамтамасыз етуі қажет. Яғни, суды үнемдеу технологияларын қолданған фермерлерге ғана субсидия берілуі тиіс. Суды тиімді пайдалануға ынталандыру, оның ішінде үнемдеу және тамшылатып суару технологияларын енгізу мен жаңбырлатып суару қондырғыларын пайдалану бойынша жұмысты күшейту қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Мұнымен қоса облыс әкімдіктеріне «Қазсушар» филиалдарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын кезекпен суаруды ұйымдастырып, қайтарымды суларды қайта пайдаға жаратуы жүктелді. Бұл каналдардағы су шығынын азайтуға және суды үнемдеп тұтынуға мүмкіндік береді.