2023 жылдың қыркүйегіне қарай еліміздің бірқатар білім беру мекемелері базасында алдыңғы қатарлы 7 жоғары оқу орнының филиалдарын ашу жоспарлануда.
Қазақстанда бірнеше шетелдік ЖОО-ның филиалдары ашылады
1,472
оқылды

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстанда ашылатын шетелдік ЖОО филиалдары туралы толығырақ мәлімет берді.

Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында шотландиялық Херриот-Уотт университетінің филиалы ашылмақ. Білім беру қызметі «Компьютерлік инженерия», «Электр энергетикасы», «Мұнай инженериясы және энергия менеджменті» бағыттарында бакалавриат бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Бұл филиалға 300 адамды қабылдау жоспарланған.

Семейдегі Шәкәрім университеті базасында Польшаның Быдгощ қаласындағы Экономика университетінің филиалын ашу көзделген. Онда «қос диплом» бағдарламасы шеңберінде биыл «Мехатроника» (ағылшын тілінде) және «Спорт менеджменті» мамандықтары ашылады. Ал келесі оқу жылы «Экономика» мамандығында 1, 3, 4-курстар - Шәкәрім университетінде, 2-курс – Польша университетінде жүзеге асырылады.

2024 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул Ұлттық ғылым және технология университеті (Оңтүстік Корея) филиалы өз жұмысын бастайды. Онда «Инженерлік бейін» бойынша («Киберқауіпсіздік», «Информатика», «Жасанды интеллект») бакалаврларды даярлайды.

Бұдан басқа, биылғы қыркүйек мынадай ЖОО филиалдарын құру және қос диплом бағдарламасымен оқыту көзделуде:

- М. Дулати атындағы Тараз университеті базасында ресейлік Д. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы;

- І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде түркиялық Хаджеттепе университетінің филиалы. Студенттер 1-2 курсты Жетісу университетінде, ал 3-4 курсты Хаджеттепе университетінде оқиды. Онда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті компонент болады.

- Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде түркиялық Гази университетінің филиалы. Онда «Физика мұғалімдерін даярлау» бағытында, сондай-ақ «Шет тілі: екі шет тілі» бағыты бойынша қос диплом бағдарламасын іске асыру жоспарлануда. Оқу түрік және ағылшын тілдерінде өтеді.

- Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті жанынан неміс жоғары оқу орындарының консорциумдарын (Берлин техникалық университеті, Дармштат техникалық университеті, Берлиннің Еркін Университеті, Гамбур қолданбалы ғылымдар университеті) ашу жоспарланған. Қазіргі таңда консорциумдар жұмысын іске асыру тетіктері қарастырылуда.