Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде биыл бірінші жартыжылдықтағы қызмет қорытындысы бойынша ведомствоның жұмыс отырысы өтті.
Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіледі – Дархан Жазықбаев
889
оқылды

Отырысқа Агенттік, оның аумақтық бөлімшелері, ҚР Президенті жанындағы МБА және Мемлекеттік қызмет персоналын басқару жөніндегі ұлттық орталықтың басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

МҚІА төрағасы Дархан Жазықбаев Агенттіктің барлық бастамалары Мемлекет басшысының адамға және оның қажеттіліктеріне бағдарланған мемлекеттік аппараттың «халық үніне құлақ асатын», сервистік моделін қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қызметті жаңғырту бойынша қойған міндеттерін іске асыруға бағдарланғанын атап өтті.

Дархан Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізілуде. Биыл мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасына ерекше назар аудара отырып, қаржы, сауда салалары қызметтеріне талдау жүргізілуде.

Бизнес-қоғамдастық, Агенттіктің аумақтық департаменттері және мүдделі мемлекеттік органдар, аккредиттелген ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткізілген фокус-топтар аясында мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту бойынша 1000-нан астам ұсыныс түсті.

Агенттік мемлекеттік қызметке кіру кезінде артық «кедергілерді» жою бойынша кешенді жұмыс жүргізді. Мәселен, өткен 4 айдың ішінде «Е-қызмет» базасында жаңа іріктеу жүйесі бойынша мемлекеттік қызметке 88 адам қабылданды, бұл ретте қатысқан адамдардың жалпы саны 646 адамды құрады. Сондай-ақ, осы бағыт аясында жоғары оқу орындары мен Мемлекеттік басқару академиясының үздік түлектерін конкурстан тыс тағайындау практикасы енгізілді.

Адами капиталды ілгерілету мемлекеттік қызметті дамытудың маңызды векторы саналады. Бүгінде Агенттік жеке сектордан мамандарды тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Конкурстан тыс тағайындау бойынша жаңашылдықтар аясында «Б» корпусының жоғары мемлекеттік лауазымдарына Агенттікпен келісім бойынша еліміздің 12 өңірінде 95 кандидат тағайындалды. Статистикаға сәйкес, барлық тағайындалғандардың әрбір үшіншісі немесе 33%-ы – жеке немесе квазимемлекеттік сектордың мамандары.

Д. Жазықбаев мемлекеттік қызметте қолайлы жағдай жасау бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты. Мәселен, басқа өңірлерге ротацияланатын мемлекеттік қызметшілерге тұрғын үй жалдау үшін ротациялық төлемдер енгізілді, икемді кестені қолдану және қашықтықтан жұмыс істеу қағидалары бекітілді.

Отырыста мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау шаралары да айтылды. Осы жылдан бастап Агенттік ҚББЖ-жүйесін қашықтықтан талдау және мемлекеттік органдардың ғимараттарына бару арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізеді.

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау мәселелері туралы айта келе, Агенттік басшысы қызмет алушылардың құқықтарының бұзылуына проактивті мониторинг жүргізу тәжірибесіне тоқталды. Жыл басынан бері 137 көрсетілетін қызметті алушының құқықтары негізсіз бас тарту және толық емес жауаптар фактілерін анықтау жолдарымен қорғалған.

Бірінші жартыжылдықты қорытындылау барысында Дархан Жазықбаев аумақтық бөлімшелердің басшыларына өңірлердегі бизнес-процестерді бюрократиядан арылту, заңнамалық бастамаларды сапалы іске асыру, Әдеп жөніндегі уәкілдермен бірлесіп әдеп құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.