7 шілде күні елордада Астананың туған күніне орай BAURZHAN foundation қоры және Астана қаласы әкімдігінің «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» МКҚК қолдауымен Kitap Fest фестивалі өтеді.
Биылғы  Kitap Fest  фестивалі астаналық қауымға арналады
853
оқылды

 «Нұр Әлем» павильонының алдындағы EXPO аумағында өтетін шараға кез келген жан қатыса алады. Қала жұртшылығына арналған шараның бағдарламасымен танысу мақсатында   Kitap Fest  фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжановамен аз-кем әңгімелестік.

– Бүгінде елімізде жыл сайын өтетін  Kitap Fest  кітап фестивалі дәстүрлі шараға айналды. Былтырғы тақырып балаларға арналса, биыл несімен ерекшеленбек?

–  Kitap Fest кітап фестивалі – Қазақстанда 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан ең ірі мәдени-бұқаралық іс-шара. Осы 9 жыл ішінде бұл фестиваль шығармашылық ортаның басқосу алаңына айналып қана қоймай, отбасылық мерекеге айналды. Мысалы, өткен жылдың өзінде қазақстандық авторлар мен баспалардың қатысуымен 300-ден астам кітап жұртшылыққа таныстырылды.

Осы жолы елорда күніне орай қала әкімдігінің қолдауымен бұл кеш астаналықтарға арналмақ. Фестивальдің Астана қаласында өтуі – екінші рет. Алғаш 2019 жылы өткізілген еді. Жалпы, өзіміз жыл сайын фестивальдің бағдарламасын ұлғайтуға тырысамыз. Сондықтан осы жолы да жаңаша бағдарлама болады деп сенеміз. Мысалы, Астананың кітапсүйер қауымына арналған үлкен көрме ұйымдастырылады. Ол жерде оқырмандар жазушылармен кездесіп қана қоймай, олармен еркін сөйлесіп, әңгімелесе алады. «Офлайн шатырында» блогерлер мен қоғам қайраткерлері, жазушылармен бас қосып, кітап жайында сөз қозғалады. Оның ішінде: Үнзилә Мыңбай, Ұларбек Нұрғалым, Мирас Асан, Перизат Мырзахмет, Серікбол Хасан және тағы басқалары бар.

– Дәл сол күні кітап жәрмеңкесінде көптеген кітап дүкені, баспагерлер және интернет-дүкендері өз өнімдерін көрмеде ұсынатыны белгілі. Тіпті, фестиваль барысында қалаған әдебиетті 20%-ға дейін жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік туады. Дегенмен келген қонақтар кейбір шығарма авторларымен жүздесе ала ма?

– Сол күні 30-дан астам дүкен, баспа мен интернет-дүкендер тұтынушыларға фестиваль аясында арнайы жеңілдікпен ұсынатын кітап жәрмеңкесіне қатыса алады. «Жазушылар» шатырында отандық жазушылар өз кітаптарын таныстырып, пікір алмасады. Ал «Қазақ қаламгерлері» шатырында қазақтілді жазушылардың Қазақстан әдебиетінің дамуы туралы баяндамалар баяндалады. Жалпы, жас жазушылардың еңбектерімен таныстыру мақсатында біраз кітаптың тұсаукесері де ұйымдастырылады. Байқасаңыз, соңғы 3-4 жылда жазушылық сала ақырын-ақырын дамып келеді. Мұны жазушылар мен баспа үйлерінің көбейіп жатқаны көрсетеді. Міне, соларға арналған семинар және лекциялар деген шатырын  қостық. Онда баспа ісінде жүрген мамандар сөйлеп қана қоймай, авторлық құқық, баспадан жаңа шыққан кітапты қалай танытуға болатыны, жас жазушылар мен баспагерлерге кітаптарды насихаттау құпиялары туралы семинарлар мен дәрістер өткізіледі.

–  Kitap Fest  фестивалі жыл сайын жазушылар мен кітап авторлары ғана емес, осы салада қалам тербеп жүрген жандардың басып қосқан шара. Соның арасында оқырман қауымға жылда жаңа есіммен таныстыру дәстүрге айналды деуге келеді. Осы жолы кімдерді атай аласыз?

– Осы жолы оқырмандарымызға әртүрлі саланы қамти отырып, биылдыққа шыққан жаңа шығармалармен ғана емес, жаңа есімдермен де  таныстырмақпыз. Мәселен, әйелдерге арналған кітаптың авторы Динара Болат, не болмаса балалар әдебиетінде Диана Батышеваны атауға болады. Ол кітапты  8 жасар баласымен бірге жазған. Яғни, баласының айтылған оқиғалар желісінде шыққан кітап. Соның тұсаукесері де өтеді. Зәуре Төрехан өз еңбегін түрік тіліне аударып, түркі халқының оқырманына ұсынған. Негізі ол кісі түркі тіліне  көптеген кітапты аударған. Сондықтан қазақстандық жазушылардың шетелдік аудиторияға шығып жатқаны біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені елдегі он жазушының біреуі ғана шетелде кітабы шығуы мүмкін. Онда да үлкен қаржылық демеу қажет. Қазір шетелде баспа үйлері бұрынғыдай қаржылық көмек көрсете алмайды. Сондықтан әрбір жазушы өз еңбегін өзі таратады.  Оның үстіне, шыққан басылымының тиражы толығымен сатылып кетуі де сирек.  Әлеуметтік желіде, ел ішінде танымал болса ғана кітабы өтуі мүмкін. Әйтпесе, көбіне кітап шықса да өз қаржысын ақтай алмауы мүмкін. Сол себепті де отандасымыздың басылымы шетелде шығып, оқырманға таралуы баршамызға үлкен серпіліс береді.  

– Балалар мен фестивальді қызықтап келген қонақтарға тағы не дайындадыңыздар?

– Негізі бұл фестиваль кітапсүйер қауымға ғана емес, кітап саласында жүрген жас мамандарға пайдалы. Себебі биылғы тақырып – ұлттық әдебиет, ұлттық әдет-ғұрып. Мәселен, биылдың өзінде көптеген жазушылардың мерейтойы өтіп жатыр. Соларды еске алу мақсатында көрме ұйымдастырылады. Сонымен қатар  Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасымен бірлесіп сирек кездесетін кітаптарды, алғашқы басылымдарды көрсету мақсатында «Оқырман ұлттың ұрпағымыз» көрмесі өтеді. Мұнда негізінен мұрағаттық жазушылар мен ақындардың фотосуреттерінен құралған фотоколлаж.

Ал ең кішкентай келушілерді тегін ойын-сауық бағдарламасымен бірге,  «Алдар көсе» спектаклінің сахналық қойылымы көрсетіледі.  Түрлі ойындар, квесттер, шеберлік сыныптары, аниматорлар, тегін бет бояуы ұйымдастырылады.

– Фестиваль барысында «Ауылға кітап» акциясын өткізіп жатасыздар. Мысалы, былтыр қанша кітап жиналды. Оны қай мектептің кітапханасына тапсырдыңыздар?

Біздің «Ауылға кітап» деген әлеуметтік жобамыз бар. Фестиваль аясында барлық жиналған кітапты ауылдық мектептерге жібереміз. Мысалы, былтыр 500-ден астам кітап жиналды. Оны Алматы облысындағы мектеп кітапханасына жібердік. Шыны керек, шалғай ауыл-аймақтардағы мектеп кітапханаларында соңғы жылдарда шыққан жаңа кітаптар мүлдем жоқтың қасы. Сондықтан ауылдық кітапханаға да көңіл бөлгіміз келді. Ал бұл жобаға кез келген оқырман өз кітабын тапсырып, Қазақстанның ауылдық кітапханаларына титтей де болсын үлесін қоса алады.

Сонымен қатар  қонақтар оқыған кітаптарын әлі оқымаған кітаптарына айырбастай алады. Сөйтіп, «Кітап оқы және досыңмен алмас» кітап алмасуы сөрені әртүрлі жанрдағы қызықты, қызықты кітаптармен толықтырудың бірегей мүмкіндігі туады. Қарапайым кітап алмасудан басталған әрекет мәдени-ағартушылық іс-шараға айналып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне ие болды.