Мұндай құралмен балық аулау – браконьерлік қылмыс.
Электрлі қармақпен балық аулаған браконьерлер ұсталды
1,875
оқылды

Жамбыл облысының полицейлері браконьерліктің тағы бір дерегін анықтады.

Байзақ аудандық полиция бөлімі табиғатты қорғау тобының қызметкерлері Ақжар ауылындағы Талас өзенінің маңында  Volkswagen Golf маркалы автокөлігін тоқтатады. Тексеру кезінде автокөліктің багажы мен салонынан жалпы салмағы шамамен 20 келі болатын балық салынған қапшық, резеңке қайық, балық аулау құралдары, терең металл тор, электр сымдары, электрлі қармақ аппараты, аккумулятор табылады.

«Аталған дерек бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі, яғни балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі уақытта істің егжей-тегжейлі мән-жайларын анықтау үшін барлық қажетті тергеу-жедел іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жамбыл облысының Полиция департаменті электрлі қармақпен балық аулау заңсыз екенін және мүлдем тыйым салынғанын ескертеді. Мұндай құралмен балық аулау – браконьерлік қылмыс. Электрлі қармақты қолданудың зияны орасан зор, тек балық ресурстарын ғана емес, сонымен бірге тоғандағы басқа да су жануарлары жойылады. Электрлі қармақты бір рет қолданғаннан кейін су қоймасының қалпына келуі ұзақ уақытты алады.