Астана күні мерекесі қарсаңында марафоншы Ербол Асқарұлы Қытайдың Шыңжаң өлкесінен елорда төріне жаяу келіп жетті.
Алпыс күнде атажұртқа жеткен
1,086
оқылды

Қандасымыз мамыр айының басында Шоқан деген шағын ауылынан атажұртына аттанған болатын. Ол екі ай уақытта үш мыңға жуық шақырымды тоқтаусыз жүріп өтіп, ерлікке пара-пар сапарды басынан өткерді. Қазіргі заманда бұл қашықтықты ұшақпен 4-5 сағатта, пойызбен 2-3 күнде еңсересің. Ал жаяулап келудің бейнеті қандай екенін біз айтпай-ақ бағамдай беріңіз. Алған бетінен қайтпайтын азамат бабалар мекенін асықпай аралап, әр сайы, әр тауы, әр ауылын көзбен көруді, даласындағы жусанның иісі мен тұмса ауасын жұтуды мақсат тұтқан. Межелеген уақытында Астанаға табан тіреген жиһанкезбен жолығып, сапарының қиын және қызық тұстарын сұрап-білген едік.

– Есбол Асқарұлы, «қазақ еліне бар­сам, Астанаға жаяу аттансам» деген ой қа­шан келді? Әңгімемізді осыдан баста­сақ...
– 2019 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында сол елдің орталық телеарна­сын­да сұхбат берді. Мемлекет басшы­сының қандастар туралы қазақ тілінде айт­қан сөзі мені қатты тебірентті. Шал­ғайда жүріп атамекендегі оң өзгерістер жөнінде көп естіген соң «Қазақстанға барайын» деген ой туды. Алайда көлікті пайдаланбай, қазақтың кең жерін аралап, барлығын көзбен асықпай көріп жаяу жетемін деп өзіме серт бердім. Алайда жоспарланған сапарға коронавирус пандемиясы  кедергі жасады. Дайын­дықты тоқтатпай, бәрібір аттанамын деп күттім. Ақырында арманым ақиқатқа айналып, сәті түсіп, мамыр айында жолға шықтым. Қазір екі мемлекеттің арасын­дағы достық қарым-қатынас жоғары деңгейде әрі шекара да ашылды. Алпыс күнге созылған сапарды тәмамдап, елор­да шетіне іліктім. Межеге жоспарымнан  үш күн бұрын жеттім.

– Осы сапарға қалай дайындалдыңыз? Ақыл үйреткен бапкер, жаттықтырушыңыз болды ма?
– Тұрсын деген марафоншы ағамыз, Әсемтай деген спортшы ағамыздың ақыл-кеңестеріне құлақ түрдім, бірге жаттық­тым. Ол ағаларымыз аудандық, облыстық марафондарда жүлделі орын­дарға ілігіп жүретін. Алысқа жүгіріп үй­ре­ніп, білетінімді жетілдіріп, қажетті жаттығуларды күні-түні жасап, үздіксіз дайындалдым. Күнде таңертең не кешке 10-15 шақырым жүгірдім. Ауданымызда марафондар өткізіліп тұрады, соларға тұрақты қатысып, өзімді сынап отырдым. Қазақ жеріне жетемін деген сапарға екі жылдай уақытымды сарп еттім. Ұзақ әзір­ленгенім өз жемісін берді, ешбір қиындықсыз, аялдап, тоқтап қалмай, Астанаға жеттім. Жалпы ұзақ жолда аяқ талып, жіліктің майы азайып кете ме деген қауіп болды. Сол тапшылықты жою үшін қажетті дәрумендер алып шықтым.

– Енді сапарыңызға тоқталсақ... Қы­тайдан шыққаннан бастап қазақ шека­ра­сына табан тірегенге дейін қандай қиын­дықтар болды?
– Туған жерім, Манас ауданының Шоқан ауылынан сапарға аттандым. Қазақ шекарасына жеткенше жергілікті халық қолдау білдіріп, жәрдемдесті. Жалпы ол жақта халықтың спортқа деген ілтипаты айрықша.  

– Қытайда дүниеге келдіңіз. Ол жақ­тың қаласы, ауылы, алқабы, табиғаты сіз­ге таныс, көзіңіз үйренген. Қазақ шека­расынан өткеннен кейін табиғат, жолдың жағдайы, оның бойындағы елді мекен­дер­ден жаяу адамның көзіне түсетін қандай өзгешелік байқадыңыз?
– Қытай жақта қалалар мен елді­мекендер жиі салынған, барлық қуыс-қалтарысы толық игерілген. Сондықтан үлкен жолға түспей, шағын ауылдар арасымен жүре беруге болады. Ал Қазақ­станға өткенде байқағаным, бергі жақта да керемет екен. Алайда шағын елді мекендердің дамуы кенжелеп қалғаны көзге түседі. Әрі ауылдардың арасы алыс екен. Елсіз, иен жерлер көп, қазақтың территориясы үлкен екені бірден байқа­лады. Ең жақсысы, адам аяқ баспаған, табиғаты тұмса мекендер мол. Сондықтан болар, ауасы саф таза. Өзгермеген, адам қолы тимеген табиғаттың қойнауына кіріп кеткендей болады екенсің.

– Күш сарқылып, шыдам шегіне жеткен тұста «шалғайға бекер аттандым-ау» деген өкініш, дүдәмал көңіл-күй болды ма?
– Жолда көптеген қиындық болды. Алайда жүрген жетеді емес пе?! Шөл жер­лерде, ауыл жоқ тұстарда ұялы бай­ланыс ұстамайды, интернет жоқ болады екен. Көлік кездеспей жалғыз жүрдім. Сусыз қалып қойған кездер көп болды. Жетісу облысының Ақсүйек, Ақши деген ауылдарының тұсында өте ыстық болды. Күн күйіп кетті, 45-50 градус ыстық еді. Күндіз жүріс өнбеген соң жатып, түнгі салқында ғана жүрген кездерім болды. Басымнан күн өтіп кетсе, денсаулығым сыр берсе қайтемін деген ойлар болды. Бірақ жол бойындағы кезіккен халықтың қол­дауы көп күш берді. Сонымен тоқта­май жүре бердім. Тағы бір қорқыныш, шөлді аудандарда демалған жерімде, шаян, жылан және де басқа улы жән­дік­тер өте көп кездесті. Улы жәндік шағып ала ма деп қатты сескендім. Осы қиын­шылық көңіл-күйіме де жайсыз әсер етті. Алайда барлығынан аман-есен өттім.
Көбіне үлкен жолдың бойымен жүрдім. Содан болар, үлкен аң-құс көп кезіктірмедім. Даланың қоңыр аңы адам тұрағынан, үлкен жолдардан бойын алыс ұстайтын болар. Ыңыранып, ауыр жүгін әзер сүйретіп бара жатқан үлкен көліктер зулаған тас жолдың бойында жалғыз жаяу­дың келе жатқаны қызық енді. Алай­да кей тұстарда жолдан шығып, ел­сіз жапан даламен тура тартқан кездерім де болды.

– Қазір экология мәселесі жаһанды алаңдатып отыр. Соның негізгісі – пластик қоқыс. Өзіміз де жолдың шетіне осындай қоқыс көп тасталатынын білеміз...
– Жолдың бойында көліктерден лақтырылған пластик су бөтелкелері ерекше көп. Жолдың екі бетінде басқа да қоқыс көп кездеседі. Халық тұрмайтын­дықтан, мұндай жерлерді қоқыстан тазарту әлі жолға қойылмаған шығар деп ұқтым. Осы мәселеден арылу үшін, та­биғатымызды ластамау үшін тұрғындарға қоқысты бей-берекет лақтырмау, таби­ғатты аялау мәдениетін үгіттеу, түсіндіру керек секілді.

– Астана күні қарсаңында келдіңіз. Осы кездейсоқтық па, әлде жоспарыңыз солай болды ма?
– Астананы көруді армандағаным рас. Сапардағы басты мақсатым – екі елдің достығын насихаттап, Астанаға алыстағы қандастардың ақ сәлемін жет­кізу еді. Сол үшін де елорданың мерей­тойына орай жетуді мақсат еткенмін. Бұл сапарым менің жалынды жастық шағым­ның ұмытылмас бір белесі болып қалады деп ойлаймын. Шалғайдағы жерлес­терімнің атажұртқа сағынышы – ерекше. Мені де асықтырып, қамшылап отырған осы сезім болды. Осы талпыныстың арқасында межелі мерзімнен үш күн бұрын жеттім.

– Жолға қандай заттар алдыңыз? Са­парда қандай заттар керек екен?
– Иен далада су көп. Сондықтан көтере алатын мөлшерде су алып жүрген жөн. Сосын жатар орында жылан немесе басқа да жәндіктер мазаламасын деп өте жеңіл шатыр алдым. Оны арқа қоржын­нан шығарғанда өзі жайылып, құрыла салады. Қоржын үстінде соны салатын арнайы қалтасы да бар. Одан кейін аяқ­тың бұлшық етіне, сүйектің майына қа­жетті дәрумендер алып шықтым. Аздаған жол азығым болды. Жалпы, ауыл кезік­кен жерлерде тамақтан тарыққан жоқ­пын. Халық ілтипат білдіріп, бауырсақ, қымызын ұсынды. Сонымен қатар ма­ған жолай ілесіп, белгілі бір қашықтықты бірге жүрген адамдар көп болды. Солардың қолдауы көп көмектесті. Әр ауыл-ауданның маңында сол жердің бірнеше адамы бірге ілесіп жүрді. «Шетелден келе жатыр» деп қолдауын аямады. Мені жалғызсыратпауға ты­рысты. Олардың дені жаяу саяхатқа, алыс қашықтыққа жүгіруге қызыға­тындар екен. Жанашыр жандар мен Жаркентке жеткенде сонау Алматыдан тамақ жеткізіп жүрді. Ал Алматыдан алыстап кеткенде, өзім бұрын таны­майтын астаналық Есболат деген ағамыз көлігімен келді. Елдімекен жоқ жерлерде түнейтін жерде қасымда болып, тама­ғымды, артық заттарымды көлігімен алып ілесіп отырды. Мен сапарға жалғыз аттанған едім. Сондықтан арнайы ілесетін көлік және адамдар қажет емес деп шештім. Алайда кеңпейіл халқым көмек қолын ұсынды. Мұндай жандар Қытай аумағында, қазақ жерінде де көп болды. Өз ауылының шетінен күтіп алып, келесі ауылға дейін көлігімен еріп отыр­ды. Кейде суым таусылып қалса, солар әкеліп беретін. Сосын кей жағдай­да азық-түлікті солардың көмегімен алып отырдым. Өйткені кідіріп қалмас үшін жол бойында дүкен аралап, базарға тоқтап жүретін уақытым жоқ еді.

– Жол ұзақ болғанда адамның өзі көп нәрсеге зейін қойып, айналасындағы жағдайларға қатысты тоқтам жасап, бір қорытынды шығаратыны анық. «Сырт көз сыншы» емес пе? Сондай түйген ойыңыз болса, айта отырсаңыз?
– Қазақстанның аумағындағы ауыл­дық елді мекендер қазіргісінен де жақсы дамуы керек деп ой түйдім. Сапарымның өн бойында көптеген шалғай ауыл, қыс­тақтардың үстінен өттім. Ірі орталық­тардан қашықта жат­қан ауылдардағы жағдайды көзім­мен көрдім. Ауылдардың дамуы біраз артта қалған. Ішің ашиды, «неге дамы­май қалды, өркениет неге алыс ауыл­дарға жетпеген?» деп ойладым. Солар­ды қазір­гі заманға сай етіп дамы­туға, онда адам қызығып тұратындай етіп жаңғыр­туға талпыну керек.

Ауылды дамыту, табысын арттыру қа­жет. Отандық өнеркәсіп, шағын зауыт­тар осындай ауылдарда ашылып, тұрғын­дардың табыс көзіне айналуы тиіс. Ком­пания құрып, осындай кәсіппен өзім де айналысайын деген ниетім бар. Алайда жеке адам жаңа бизнесті өзі ғана бастауы, алып кетуі қиын. Мыңнан бір адам ғана ондай табысты істі соңына жеткізе алады. Сондықтан  маған осы тұста қолдау болса, көмек берілсе деген үмітім бар. Тағы айта кетер жайт, мен қазақ жеріне біржола келдім. Осында қалып, елімнің көркеюіне бір адамдай үлес қоспақпын. Қазақ жерінің ғажайып табиғатын көр­дім. Соны видеоға түсіріп, әлеуметтік желі­дегі парақшамда ұдайы жариялап келемін. Қытайдағы қандастар арасында осы видео мен суреттер көп қаралып, атажұртымызға барлығы ерекше қызығу­шылық танытып жатыр.

– Жолда есте қалатын оқиғалар кез­десті ме?
– Нұрлы деген ауылдың тұсынан өтіп бара жатқанда, ауылдың тұрғыны менімен сөйлесіп, мақсатымды біліп, «бауырым екенсің» деп қуанып қалды. Үйіне жүгіріп барып, бір жәшік бүлдірген алып келді. Осындай ыстық ықыласқа риза боласың. Көңілі қалмасын деп бір уыс бүлдірген жеп, алғысымды айттым. Өте қажетті заттан басқа ештеңе арқалап жүрген жоқпын. «Мынаның бәрін алып кет» деп жәшігімен ұстатқан жемістен бас тарттым.

– Жергілікті әкімдіктер тарапынан қолдау болды ма?
– Қолдап жатыр. Кейбір үлкен елді­­­мекендерде арнайы күтіп алды. Ондайда халық қошеметтеп қарсы алып, оркестр ұлттық ән-күйді төгіп тұрды. Қарағанды облысында моңғолиялық депутат апайымыздың бастамасымен бір қауым жұрт қала шетінде күтіп алды. Ал елорда шетіне жеткенде біраз белсенді азамат күтіп алып, Алматы ауданындағы Достық үйіне дейін жаяу ілесіп келді. Достық үйі алдында қауым жұрт сапарым­ның соңғы нүктесі қойылған сәтте қоше­мет білдірді. Ақын бауырымыз сапарым­ды жырға қосып, арнау айтты. Оркестр ха­лық күйлерін ойнап отырды. Осы жиын­да Астана қаласы әкімінің орын­басары Есет Байкеннің алғыс хаты табыс етілді.  Сонымен қатар «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басшылығының қабылдауында болдым. Аздап тынығып алған соң қала­ның көрікті жерлерін аралап, тама­шалай бастадым.   
Жалпы осы үлкен арманымды іске асыруға көп адам көмек қолын созды. Сондай жандарға басымды иіп алғыс  айтамын. Бәрінің атын атап шығу мүмкін емес. Манас ауданынан атажұртына қоныс аударған жерлестерім көмектеріне аямады. Сосын жергілікті аумақтық әкім­шілік тараптарынан да қолдаудан елеусіз қалып жатқан жоқпын.

– Өзіңіз туралы айтып берсеңіз?
– Мен 1997 жылы 1 мамыр күні Қы­тай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Санжы аймағы Манас ауданында Шоқан деген ауылда дүниеге келдім. Әке-шешем кішкентай кезімде дүниеден өткен. Үш жасымда нағашымның қолында қалдым. Ол кісі өз баласынан кем қылмай өсірді. Мек­тепті бітірген соң Қытайдың ең солтүстік провинциясының астанасы – Хар­вин қаласындағы жоғары оқу орнын­да білім алдым. Экономика саласына қатысты мамандық алып шықтым.

Қытайда туысқандарым бар. Олардың тұрмыс-тіршіліктері жақсы, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Қазақстанда жама­ғайын туыстарым бар, қазір соларға аял­да­дым. Олар да өзінің туған баласындай қарсы алды.

Болашақта елде қалып, кәсіп бастап іс жүргізгім келеді. Мұнда мемлекеттің кәсіпкер жастарға қолдауы айрықша деп естиміз. Осы бастамама қолдау жасалса деген ойым бар. Отандық өндірістің дамуына серпін берілсе, қазақ өзі тұтынатын тұрмыс затын елде жасап шықса деген ниетім бар. Сыртта жүргенде «барлық тауар шетелден тасылады» деп естіп қалып жатамыз. Сондықтан шағын зауыт, өндіріс орындарын көптеп ашуға ден қойылса... Сонда біз секілді жастар осындай кәсіпті игеріп, халықтың сұранысына сай дүниені жасап беруі тиіс.
Сондай-ақ, барлық қазақстандық­тарды Астана күнімен құттықтаймын!
– Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан Жәнібек АМАНГЕЛДІ