Жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы және альпинизм федерациясынан 4 альпинист іздеу жұмыстарына жіберілді.
Түркістан облысында таудан құлаған адамды іздестіріп жатыр
1,680
оқылды

3 шілдеде Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің аумағында 3 адамнан тұратын топ теңіз деңгейінен 4236 метр биіктікте орналасқан Сайрам шыңына шықты.

1967 жылы туған ер адам таудың басынан түсіп келе жатқанда арқан үзіліп, турист мұз бойымен домалап, еңіске құлаған.

Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 шілдеде ауа райының қолайсыздығына байланысты іздестіру жұмысын жаяу жүру арқылы да, авиатехниканы тартумен де жүргізуге мүмкіндік болмады. 

Хабарлама келіп түскен сәттен бастап Қасқасу кемпингінде Түркістан облысы Полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД, Шымкент қаласы Альпинизм және спорттық туризм федерациясы қызметкерлерінен штаб ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданды.

6 шілдеде таңғы сағат 6:30-дан бастап ТЖД Жедел-құтқару жасағының 8 құтқарушысы және альпинизм федерациясынан 4 альпинист іздеу жұмыстарына жіберілді.

Құрылған штабтан оқиға орнына дейінгі жалпы арақашықтық 15 км құрайды. Тау шатқалдарының тік орналасуына және табиғи кедергілердің көп болуына байланысты құтқару-іздестіру жұмыстары созылуы мүмкін. Іздестіру жұмыстарына қосымша Сайрам-Өгем ұлттық паркінің орманшыларынан ат патрульдері тартылатын болады. Құтқарушылар альпинистік құрал-саймандармен, спутниктік телефондармен, радиобайланыс құралдарымен және 3 тәулікке жететін азық-түлікпен қамтамасыз етілді.