БҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, аталған ауылда он шақты адам 10-15 күн ішінде емес, биылғы қаңтар айынан бері қайтыс болған.
БҚО-да 10-15 күнде он  шақты  адам көз жұмды  деген ақпарат тарады
1,186
оқылды

Әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында соңғы 10-15 күн ішінде оншақты адам аяқ астынан, белгісіз жағдайда дүние салды деген ақпарат тараған болатын. Осыған орай БҚО Денсаулық сақтау басқармасы түсінік берді.

БҚО Денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, аталған ауылда оншақты адам 10-15 күн ішінде емес, биылғы қаңтар айынан бері қайтыс болған.

«Биылғы алты айда Хан ордасы ауылында 14 адам (өткен жылы осы мерзімде – 13) көз жұмған. Мысалы, маусымда 4, мамырда 2, қаңтарда 4 адам өмірден өткен. Атап айтқанда, біреуі жол-көлік оқиғасы салдарынан мерт болды. Төртеуі артериалдық гипертензия, біреуі ұйқы безі қатерлі ісігімен диспансерлік есепте тұрды. 1 адам тамақтану кезінде тұншығып қалған. Біреуі іздестіруде болып, Атырау облысы аумағында белгісіз жағдайда қайтқан. Біреуі 2003 жылдан бері Ресейде тұрып келген, оны туыстары биыл наурыз айында Хан ордасына ауыл халде жеткізген. Үш адам жүректің созылмалы ишемиялық ауруына шалдыққан, олардың біреуі далада мал баққандықтан, медициналық тексеруге келмеген. Тағы біреуі бауырдың алкогольдік циррозымен есепте тұрып, тексеруден өтіп жүрген. Артериалдық гипертензиямен және қант диабетімен ауырған бір тұрғын арақ ішіп, қан қысымы көтерілгендіктен, медициналық жәрдем бригадасымен облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. 13 күн ем алғанымен, беті бері қарамады. Бөкей ордасы ауданындағы ауылдардағы барлық медициналық мекемелерді аралап, қызметімен танысқан БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов ақпаратты таратқан Хан ордасының тұрғынымен жеке жүздесіп, мәселенің мән-жайы бойынша әңгімелесті», – деп хабарлады бүгін ведомстводан.