Қазақстанға жолбарыстың күшіктерін заңсыз әкелмек болған азамат ұсталды

Оларды қазақстандық жеке хайуанаттар бағына сатуды жоспарлаған.

Ресей кеденшілері үш айлық жолбарыс пен арыстан күшіктерін Қазақстанға заңсыз әкетуге кедергі жасады.

Аң күшіктерін Астрахан облысындағы «Қараөзек» өткізу бекетінде жолаушылар көлігін тексеру кезінде байқап қалған. 60 жастағы көлік жүргізушісі оларды көліктің артқы орындығындағы пластик тасымалдағышпен алып шықпақ болыпты.

Оның рұқсат құжаттары болмаған. Күшіктерді Шешенстан Республикасынан сатып алып, қазақстандық жеке хайуанаттар бағына сатуды жоспарлаған.

«Жануарлар тәркіленіп, қолайлы жерде уақытша ұстауға беріледі. Контрабанда фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр», – деп хабарлады РФ Федералды кеден қызметі.