Ұлыбританияда өтіп жатқан теннистен Уимблдон–2023 турнирінің үшінші айналымында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жеңіске жетті.
Елена елді қуантты
536
оқылды

Былтырғы чемпион атағын қорғап жатқан қазақстандық спортшы қарсы­ласы Ұлыбританияның 1-ракеткасы Кэти Бултерден басым түсті, екі сет бойынша есеп: 6:1, 6:1. Бұл қос спорт­шының алғаш­қы кездесуі еді. К.Бултер өз елінде өнер көрсетіп жатқандықтан бұл матчта бар өнерін көрсететіні әрі жергілікті жан­күйер­лердің оны жақтай­тыны түсінікті бо­латын. Лондонда тағы да жаңбыр жау­ған­дықтан, орталық корт­тағы матч уақы­тынан кешігіп басталды. Бірінші партияда брейк жасаған Елена 3:1 есебімен алға шықты. Тағы бір брейк – 5:1. Сосын өз геймін қиналмай алды – 6:1. Қазақстандық теннисші екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Ақыры, матчты кезекті брейкпен тә­мам­дады – 6:1. 56 минутқа созылған бәсе­кеде Рыба­кина 7 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Ал оның бри­тандық қарсыласы ойын ба­ры­сында брейк-поинтқа бірде-бір рет жете алмады.

Әлемнің 3-ракеткасы спорт басы­лымдарына Уимблдонның 1/16 фина­лындағы жеңісі туралы пікір білдіріп, бұл ойынға көңілі толғанын айтты.

«Бұл айналымда басынан аяғына дейін белсенді әрі сенімді ойнадым. Қарқынды матч болды. Сондықтан ойын көңілімнен шықты. Келесі қарсыласым өте мықты ойыншы. Бірнеше рет кортта кездескенбіз. Беатрис Хаддад-Майяның әртүрлі ойын айласы бар, сақ ойнайды. Ол да солақай болғандықтан, жеңіс оңайға түспейін деп тұр. Тартысты бәсеке болатыны анық. Қолымнан кел­ген­нің бәрін жасап, ойынға жақсы дайын­дықпен шығуға тырысамын. Биыл­ғы нәтижелерім өте жақсы, Аус­тра­лияда «Үлкен дулыға» турнирінің фина­лы­на дейін жеттім. Әрине, мұнда да жеңіске жеткім келеді. Басты мақсатым – осы, оның қалай жүзеге асатынын кө­реміз», – деді теннисші.

Айта кетейік, Елена Рыбакина жеке­лей сында америкалық Шелби Роджерсті (49-орын) 4:6, 6:1, 6:2, француздық Ализе Корнені (74-орын) 6:2, 7:6 және бри­тандық Кэти Бултерді (89-орын) 6:1, 6:1 есебімен жеңіп, 240  мың еуро көлемінде жүлде алды.

Елена Уимблдон алаңында осымен оныншы рет жеңіске жетіп отыр. Былтыр аталмыш турнирдің чемпионы атанған теннисші жеті рет өзгеден оза шауып, жеңісті ойын көрсеткен еді. Ал биыл үш кездесуін өз пайдасына аяқтады. Рыба­кинаның былтырғы Уимблдонның фина­лында тунистік Онс Жаберді ұтып, чем­пион атанғаны белгілі. Биылғы жеңісінен де үміт зор.

Бет қатталып жатқанда: Елена Ры­ба­кина 1/8 финалдағы бәсекесін өткізіп, ширек финалға өтті. Оның қарсыласы – WTA әлемдік рейтингінде 13-орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад-Майя ойынды соңына дейін жеткізе алмады. Матчтың төртінші ойынынан кейін Беатрис денсаулығы сыр бергенін айтып, медициналық үзіліс алды. Физио­терапевтің тексерісінен кейін ойынды жалғастыруға тырысып бақты. «Беатрис көзіне жас алды, ойынды жалғастырып жатыр. Жеңіс үшін соңына дейін күре­суде», – деді тікелей эфирде матч ком­ментаторы. Алайда бұл соңғы гейм болды, 4:1 есебімен жеңіс қазақстандық спорт­шының пай­дасына тиді. Е.Рыбакина үшін бразилия­лық теннисші өте қолайсыз қар­сы­лас еді. Бұл екі теннисші биыл қос кез­десу өткізген еді. Абу-Дабидегі (БАӘ) жа­рыста Беатрис үш партияда басым түсті: 3:6, 6:3, 6:2, ал Шт­ут­гарттағы (Германия) додада қазақ­стан­дық спортшы 6:1, 3:1 есебімен басым тұрғанда, бәсекені жалғастырудан бас тарт­ты. Әлемдік БАҚ өкілдері осы көр­сеткіштерді алға тартып, Хаддад-Майяға жеңіс тілеген еді. Десе де, қазақстандық спортшының жолы болды.

Асыл ТҰМАР