Аппақ биші қайыңдар мен басы көк тіреген көктеректер Көкше өңірінің көркі екені рас.
Қайыңдыда құрт қаптап...
823
оқылды

 Дегенмен соңғы уақытта жаппай көбейіп кеткен орман өртімен қоса, қалың нуды түрлі жәндіктер басып қурап, тіпті мүлде шіріп кетіп жатқаны алаң­датады. Ондаған гектар қайыңды орман алқаптарын түкті қырықбуын құрттардың жаппай жайлап кеткені жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Алайда құзырлы органдар әзірге түйінді мәселенің шешімін табуға қауқары жетер емес. Тиісті мемлекеттік органдардың мәліметін­ше, өңірдегі мемлекет қорындағы 3633,1 гектар орман алқабын қазір құрт басып ауруға шалдыққан.  

Түбінен бастап ұшар басына дейін жаппай жайлап кететін түкті қырықбуын құрттар ағаштың жапырақтарын түгелдей жеп, жасыл желекті тұтастай жалаңаштап кетеді. Бұдан соң бойына ешқандай қажетті құнарлы дәрумендер мен минерал­дарды ала алмаған ағаштар бірден қурап шіри бастайды екен. Мұның соңы табиғи экологиялық апатқа ұрындыруы мүмкін деген тұрғындар құзырлы органдардан түйінді жағдайға дереу арада назар аударуды сұрап отыр. Олар жер өкпесі саналып, оттегін бөлетін ағаштардың осындай жағдайға ұшырауына жергілікті билік пен қоса құзырлы органдардың сылбыр әрекеті жағдайды одан сайын құлдыратып қайың мен теректі ормандар­дан көз жазып қаламыз ба деп қауіптенеді.

«Тұтастай орман алқаптарын қырық­буын түкті құрттар басып барады. Бұл алдағы болашақта үлкен қатер төндірмек. Біз Сандықтау ауданында тұрамыз. Жан-жағымыздың бәрі қалың ағаш. Бірақ орман ішінде көп бөлігінде қайың ағаш­тарын осы қырықбуын құрттары жайпап барады. Жапырақтарының түгін қоймай жеп кетеді екен. Қазір ағаштар қыстыгүні сияқты мүлде жалаңаштанып қалғандары жиі кездеседі. Құрғақ ыстық ауа райында олар еш әрекет қылмаса, одан сайын көбейе түсетін көреді. Ал бұлай жалғаса берсе жағдай одан сайын ушыға түспек. Орманымыз өртпен қоса осылай құрттан зардап шексе, экологиялық апаттың болатыны анық», – дейді Сандықтау ау­данының тұрғыны Александр Троценко.

Тақырыпты талдау барысында орман алқаптарына тек Сандықтау ауданында ғана емес өңірдің бірнеше аймағында жаппай таралып кеткенін білдік. Мұны Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясы да растап берді. Ведомствоның мәліметінше, өңірдің бірнеше ірі орман шаруашылықтарында қазір қырықбуын құрттардың көбейіп, ағаш­тарды шірітуі күрделі мәселеге айналған. Әсіресе, жасыл желегімен қоса, тұмса табиғаты көптің көзайымы болған Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Ерейментау аудандарында жағдай аса ушыға түскенге ұқсайды.

– Биыл расында да, мемлекеттік орман қорының 3633,1 гектар алқабында түкті қырықбуын құрттардың жаппай көбейіп, ағаштарды шіріте бастағаны байқалды. Өңірдегі ірі орман шаруашылықтарындағы жағдай күрделі болып тұр. Атап айтқанда, Маралды – 215,5 гектар, Отрадненское – 898,8 гектар, Бұқпа – 450 гектар, Ақкөл –14,2, Үлкен Түкті – 62,3, Ерейментау – 137, Кіші Түкті – 505, Ұрымқай – 46,4, Сандықтау – 463, Бурабай МҰТП – 100, «Көкшетау» МҰТП-ның Зеренді филиалы – 94,4, Орманды бұлақ филиалы – 621,9, Ерейментау ауданындағы Бұйратау филиалы орман шаруашылықтарында 24,6 гектар қалың орман алқаптарында жаппай түкті қырықбуын құрттар жайлап кеткен. Осы маусым айында әсіресе қайың мен көктерек ағаштарының жапырақтарын жеп кеткен. Карантиндік фитостани­тариялық сараптама қорытындысына сәйкес, аталған жәндік ерекше қауіпті зиянкестердің тізіміне кірмейді әрі карантинді нысан болып табылмайды, – дейді Ақмола облысының орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі ау­мақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.

Құзырлы орган қазір ағаштарды жаппай жайлап кеткен зиянкестерден қорғау мақсатында химиялық өңдеу шараларының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Инспекция басшылығының мәліметінше, бүгінге дейін 1403,8 гектар орман алқа­бында оның ішінде «Отрадненское» 898,8 және Кіші Түкті орман шаруашылығының 505 гектар орман шоқтарында «Флекс Эксперт» инсектицидімен әуе химиялық өңдеу шаралары өткізілген.

Инспекция мәліметінше, қазір қы­рықбуын дернәсілдерінің қуыршақтану уақыты басталған. Зиянкестердің жаппай таралуының алдын алу мақсатында алдағы жылдың мамыр және маусым айларында әуеден инсектицидтермен өңдеу қажет.

– Мұнымен қоса, алдағы күзде об­лыстың орман шаруашылықтарымен бірлесіп, ағаштағы зиянкестердің жұмырт­қаларын қырнап түсіру және жанар-жа­ғармаймен ағаштың діңін өңдеу бойынша механикалық шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде орман күзет­шілері республикалық фитосанитариялық диагностика және болжам әдістемелік орталығымен бірлесіп қырықбуын құрт­тар­ға тұрақты мониторинг жүргізуде. Ормандардың санитарлық жағдайына инс­пекция тұрақты бақылау және қада­ғалау шараларын жүзеге асырып отыр, – деп толықтырды Лашынтай Жасқайратұлы.

Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу бас­қармасы да орман зиянкестерімен күрес шараларының жүргізіліп жатқанын баян етті. Басқарма мәліметінше, ормандардағы аталған зиянкес жәндіктермен күреске бюджеттен қыруар қаражат бөлінген.

– Орман зиянкестерін әуе әдісімен жою мақсатында бюджеттен 24,8 миллион теңге бөлінді. Бұланды ауданының Отрад­ненское орман шаруашылығының 900 гектар алқабына және Зеренді ауданының Кіші түкті орман шаруашылығының 500 гектар алқабында өңдеу жұмыстары жүргізілді. Қазір Зеренді ауданында Бұқпа орман шаруашылығында 150 гектар және Сандықтау ауданының Маралды орман шаруашылығында 200 гектар орман алқабында жұмыстар жүргізілуде, – дейді басқарма басшысы Руслан Әубәкіров.

Өрттің мыңдаған гектарды жалмап кеткеніне ішіміз удай ашыған. Оған түкті қырықбуын құрт жәндіктерінің қосылуы жағдайды одан сайын ушықтыратыны мәлім. Бұлай жалғаса берсе, шынымен де экологиялық аса ірі қауіптің болуы ғажап емес. Сондықтан құзырлы органдармен қоса, Үкіметтің және министрліктердің мәселеге бейжай қарамай, шұғыл арада тиісті шаралар қабылдау қажет деген ойдамыз.


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы