Ақпарат және қоғамдық даму министрі қазіргі ақпараттық технологиялардың өзгерісі туралы пікірін айтты.
Дархан Қыдырәлі: Сайттарды әлеуметтік желі ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр
1,153
оқылды

Оның пайымдауынша, масс-медиа қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерінен әлем күрт өзгеріске ұшырады. Бұл туралы министр Facebook-тағы парақшасында жазды.  

«Масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті.

Мәселен, күні кеше Meta компаниясы Threads әлеуметтік желісін іске қосты. Ықшам мәтін жазуды талап ететін жаңа желі іске қосыла салысымен, бір сағат ішінде оны жүктеп алғандар саны 5 миллионнан асып кетсе, екі тәулікке жетер-жетпес 70 миллионға жуық қолданушы тіркеліпті. Осылайша, Марк Цукербергтің кезекті өнімі бұған дейін әлеуметтік желілерге қатысты рекордтың бәрін жаңартты.

Таяуда, маусым айында Reuters Institute жариялаған «Дижитал жаңалықтар есебі» (Digital News Report) де біраз мәселенің басын ашып көрсетіп отыр. Шартараптың түкпір-түкпіріндегі 46 мемлекеттен жиналған деректер мен жүргізілген сауалнамада масс-медиа саласының жер-жаһандағы даму үдерісі баяндалған. Құжат кейінгі жылдары дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының танымалдығы да, таралымы да, аудиториясы да, оған сенім де азайғанын тағы бір айғақтап отыр. Мәселен, БАҚ-тың ресми веб-сайты немесе қосымшасын қолдану көлемі 32 пайыздан 22 пайызға дейін төмендеген. Ал әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған. Әсіресе, жастар арасында мұндай үрдіс басым. «Дижитал жаңалықтар есебіне» тереңірек үңілсек, масс-медиа саласының қаншалықты өзгергеніне көзіміз жете түседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Facebook әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі атағын ешкімге бермей тұрған-ды. Әсіресе, осы желіден жаңалық оқитындардың қатары қалың болатын. Қазір Facebook-қа ақпарат іздеп кіретіндер саны 28 пайызға дейін төмендеген. Керісінше, WhatsApp, Instagram, YouTube секілді желілердің жаңалық тарату ауқымы артып отыр.

«Дижитал жаңалықтар есебіне» сүйенсек, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, онлайн медиада да жаңалыққа қызығушылық төмендеп барады. Мысалы, әлемде 2017 жылмен салыстырғанда күнделікті жаңалықпен танысуға қызығатындар саны 63 пайыздан 48 пайызға төмендепті. Оған қоса, масс-медиа өкілдеріне жазылым жасау үрдісі де баяулаған. 

Тағы бір назар аударатын мәселе – TikTok секілді желілердің жастар арасында кең танымалдыққа ие болуы. Яғни, бейнеформат арқылы ақпарат таратудың маңызы арта түсті. 

Осы орайда биылғы Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніндегі салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы отандық медиа жаңа кезеңге аяқ басқанын, ақпарат тарату жылдамдығы мен оның мазмұны жылдам өзгеріп жатқанын атап өтіп, «Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет», – деген еді. 

Осы ретте қабылданған «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң осы қажеттілікті реттеп, олқылықтың орнын толтырады деп білеміз. Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қызметтер туралы заңның баламасы іспетті жаңа заң шетелдік әлеуметтік желілердің елімізде тіркелуіне, оларды қазақ тіліне бейімдеуге, модерация және контенттерді монетизациялауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл құжат масс-медианың жаңа заман талаптарына сай бейімделуіне ықпал етеді деп ойлаймыз», – деді Дархан Қыдырәлі.