Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев телеграм каналында жазды.
Атыраудағы атышулы «Шаңырақ» балалар ауылына жаңа басшы тағайындалды
2,921
оқылды

Бүгіннен бастап «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мекемесіне Мұқашев Қасым Хадырұлы конкурстық рәсімдер аяқталғанға дейін директордың уақытша міндетін атқарушы ретінде жетекшілік ететін болады.

«Қасым Хадырұлы  бұған дейін Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы, Дағдарыс орталығы, №1 Жетімдер үйінде ұзақ жыл еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Оған тәрбиеленуші балаларды қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жайлы жағдай қалыптастыру бойынша тапсырмалар жүктедім. Қасым Хадырұлының еңбек жолында жинақтаған тәжірибесі «Шаңырақ» балалар ауылындағы қалыптасқан күрделі ахуалды реттеуге ықпалын тигізетініне сенемін», – деп жазды Жасұлан Бисембиев. 

Еске сала кетсек, «Шаңырақ» балалар ауылына қатысты дау жыл басында шыққан еді. Салдарынан аталған ауылға ұзақ жыл басшылық етіп келген Гүлсара Ботатаева қызметінен шеттетілді. Қазіргі уақытта «Шаңырақ» балалар ауылына қатысты дауға байланысты құзырлы органдар іс қозғап жатыр. Күні кеше «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушісінің ондағы қиын өмірі туралы айтқан даулы видеосы тарады.

Баян Жанұзақова