Жалпы, «AMANAT» партиясы Halyk bank-пен бірге халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алғаны баршамызға белгілі.
«Қарызсыз қоғам»: халық игілігі
766
оқылды

 Осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам азаматымыз оқытылды. Жобаның алғашқы кезеңінде бас-аяғы 80 мың адамды оқыту жоспарланған.  Бүгінде Қазақстанның 8 өңірінде 16 мыңнан астам тұрғын қаражатын тиімді жоспарлауды, отбасы бюджетін қалыптастыруды, несие алу мен қайтару ережелерін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын және табысты бизнес құруды үйренуде.

Бұған дәлел – Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ ауылдық округтің тұрғындары. Олардың айтуынша, бес күнге созылған оқудан алары көп болған.

– «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша өткен сабаққа қатысып, көп нәрсеге көзіміз ашылды. Тіпті, ауылды жерде тұрып та ақшаны үнемдей білу жолын көрсетті. Келешекті осыдан білген-түйген дүниемді өмірлік тәжірибемде қолданбақпын, – дейді Қайнарбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман іс-жүргізуші Дана Шоманова.

Ал жергілікті әкім аппаратының әлеуметтік мәселелер бойынша бас маман қаржылық саладағы білікті сарапшылардың ауыл-аймаққа келіп, тұрғындардың сауатын ашуға көп ұмтыла бермейтінін сөз етті.

– Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Біріншіден, қаржылық сауат жөнінде қазақ тіліндегі контент өте аз. Әрине, қазір әлеуметтік желіде өзін маманмын деп таныстырып, курс өткізетіндер көп. Бірақ оның көбісі өз аяғымен шалғайдағы ауыл-аймақтарды аралап, тұрғындармен пікірлеспейді. Екіншіден, білікті деген сарапшылардың көбісі қалада тұрады. Ал олардың ешқайсысының ауылға барғысы жоқ. Сондықтан ондай білімнің халыққа берері де аз. Ал партияның «Қарызсыз жоба» бастамасында осының бәрі ескерілген. Қаржылық салада жүрген сарапшылардың ақыл-кеңесі, бізге берген білімі еш кетпеді, – деді Сәрсенкүл Төлендиева.

Жалпы банктердің, қаржылық институттардың мәліметінше, осындай қаржылық білімге негізінен оңтүстік пен батыс аймақтардың мұқтаждығы байқалған. Сол үшін де осы жолғы оқыту курсы 8 өңірдің төртеуі батыс, үшеуі оңтүстік облыстар және Солтүстік Қазақстан облысында өткізілу жоспарланған.

– Шыны керек, қала тұрғындары осындай курстың түр-түріне жазылып, қатысуына мүмкіндік көп. Ал бізге, яғни ауыл тұрғындарына ондай қайдан болсын! Біріншіден, әлеуметтік желінің дұрыс істемеуі қол байлау болса, екіншіден – онлайн сабақта көбіне кері байланыс бола бермейді. Бес күндік сабақта біз мамандардың пікірін тыңдап қана қоймай, қаржы тақырыбында біраз сұрақтарымызға жауап ала алдық. Міне, осындай сабақтардың нәтижесі де бар, – дейді курьер Ақбота Қашқынбайқызы.  

Ал курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласуға болады. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

фото:turkistan.today