Активтерді қайтару ісі бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүргізетін болады.
Жаңа заң жобасы халықаралық тәжірибеге негізделген – Ерлан Саиров
937
оқылды

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару туралы» Заңға қол қойған болатын. Осы ретте Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Ерлан Саиров аталған заңның қалай жұмыс істейтінін түсіндіріп берді.

Депутаттың айтуынша, бұл Қазақстанның қоғамдық қатынастардағы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырудағы маңызды Актілердің бірі.

«Бір жылдан бері Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп келеді. Нәтижелер бар. Бірақ одан әрі жұмыс істеу үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек деген түсінік қалыптасты. Осы Заң жобасы арқылы біз заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жаңа құралдар жинағын аламыз. Жаңа заң жобасы халықаралық тәжірибеге, активтерді азаматтық тәртіппен ерікті немесе мәжбүрлеп қайтаруға негізделген жаңа рәсімдерді көздейді», – деп түсіндірді ол.

Заң жобасын әзірлеу кезінде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Канада, Аустралия және басқа елдердің қылмыстық іс жүргізуден тыс, яғни азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде азаматтық тәркілеу арқылы мүлікті тәркілеу тетіктерін қолданатын тәжірибесі зерттелген.

Ерлан Саировтың сөзінше, активтерді қайтаруға қойылатын халықаралық стандарттардың  талаптары қарапайым: бәрі заңға негізделуі тиіс, тиісті процесс болуы керек, сот тарапынан бақылау болуға тиіс және қоғам үшін ашық болуға тиіс.

Мәжіліс депутаты аталған заң қолданылатын адамдардың тізіміне де тоқталып өтті.

Бұл тізімге қазіргі уақытта жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқарып отырған және бұрын атқарған адамдар кіреді. Оларға Конституцияда көрсетілген барлық лауазымдар жатады. Сонымен қатар «олигархтар» деп аталатын неғұрлым ірі кәсіпкерлер және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшылары мен басқарушылары да осы тізімге енеді.

«Осы Заң жоғарыда аталған субъектілермен аффилирленген белгілі бір адамдар тобына да қолданылады. Бұл туыстарына, достарына, жақын қарамағындағыларға, яғни нақты емес, номиналды иелеріне ресімделген активтер мен заңсыз алынған мүлікті анықтауға мүмкіндік береді.

Адал мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге және инвесторларға қорқатын ештеңе жоқ. Заң ұрлыққа қатысы бар сыбайлас жемқорлар мен олигархтарға қарсы жасалған», – деді ол.

Заңсыз сатып алынған активтерді ерікті түрде қайтару ұғымы мен белгілі бір қағидалары енгізіледі. Ерікті тәртіп тұлға мен уәкілетті орган арасындағы келісім негізінде активтерді мемлекетке өтеусіз беруді көздейді.

Егер субъект активтерді өз еркімен қайтармаса, онда азаматтық процесс шеңберінде сот шешімдері негізінде мәжбүрлеп тәркілеу қолданылатын болады. Бұл ретте, активтердің пайда болуының заңдылығын дәлелдеу ауыртпалығы өзіне қатысты мәселелер бар және арнайы тізілімге енгізілген адамдарға жүктеледі.

Активтерді қайтару ісі бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүргізетін болады.

Мәжіліс депутаты  Facebook парақшасында жариялаған жазбасында комиссия жұмысы жайлы да түсіндіріп өтті.