Қостанайда CyberPol қызметкерлері тұрғындардан 20 миллион теңге жинаған алаяқты анықтады. Бұл туралы Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алты тұрғыннан «Сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасына түсті» деген дәстүрлі схеманы пайдалана отырып, оларды алаяқтар алдағаны туралы арыз келіп түсті. Шығын сомасы 20 миллион теңгеден асты.
Барлық өтініш бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Зардап шеккендердің көпшілігі егде адамдар, оларға үй телефонына қоңырау шалып, белгісіз адамдар туыстарының апатқа ұшырағанын хабарлаған. Алаяқтар қолда бар ақшаны беруді сұраған. Ізін жасыру үшін жасанды шаш ауыстырып отырған. Қара көзілдірікті және әртүрлі баскиімдерді қолданған.
«Алаяқ Қостанайдағы қонақүйдің люкс нөмірінде ұсталды. Одан 800 мың теңге сомасында ақша алынды. Ол қалған қаражатты қымбат телефон, заттар мен ойын-сауық құралдарын сатып алуға жұмсаған», – деді CyberPol қызметкері Олжас Магыпаров.
Күдікті ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібімен уақытша ұстау изоляторына қамалды.