Соңғы үш айда «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында Жамбыл облысында бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылып, ел игілігіне берілді.
Атап айтқанда, екі медициналық нысан басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Олар – Тараз қаласындағы 200 орындық онкологиялық диспансер мен 250 орынға шақталған Байзақ аудандық емхана.
Сонымен қатар Қордай және Меркі аудандарында 180 орындық мәдениет үйлері де ашылып, жұмысын бастады. Бұдан өзге, облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды.
Сайлауалды бағдарламада туризмді дамытуға баса көңіл бөлінген. Осы орайда Жамбыл ауданында құны 720 миллион теңге болатын Almaly resort этнотуристік демалыс орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы арқылы 45 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын да айта кеткен жөн.
Сондай-ақ Тараз қаласында автобус паркіне қосымша 38 дана жаңа автобус сатып алынды. Бұл да партияның сайлаушылар алдында берген уәделерінің бірі болатын.
Еске сала кетейік, осыған дейін «AMANAT» партиясы алдағы 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасының Жол картасын бекіткен еді. Ол ел аймақтарының экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Нәтижесінде, тұрғын үй және жол инфрақұрылымының өзекті мәселелері шешіліп, медициналық қызмет көрсету, білім беру және басқа да салалардың сапасы жақсарады.