Биыл бакалавриатқа 73 мың грант бөлініп отыр.
Қандай облыстардың түлектері арнайы грантқа ие болады?
3,345
оқылды

Биыл ЖОО-да білім алуға грант конкурсына қатысу үшін түлектердің өтініштерін қабылдау науқаны 13-20 шілде аралығында өтеді. Алыс өңірлерде тұратын талапкерлерге ыңғайлы болуы үшін eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылданады, сонымен қатар дәстүрлі түрде ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Сондай-ақ ЖОО-да виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейтін болады.

Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді.

«Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Мысалы, Атырау, Маңғыстау облысының әрқайсысына 1 500 грант, Ұлытау облысына – 300, Жетісу облысына – 300, Абай облысына – 500, Шымкент қаласына – 400 және Түркістан облысына  500 арнайы гранттар бөлінді. Яғни, бұл гранттар педагогикалық, инженерлік, ІТ мамандықтар мен жаратылыстану ғылымдарына бөлінген.

Биыл педагогикалық квотаға 47% грант бөлінген. Сондай-ақ алғаш рет ауыл шаруашылығы мен инженерлік бағыттарды қолдау мақсатында пилоттық режимде бөлінген арнайы гранттар өңірлік университеттерге берілген.

Айта кетерлігі, білім беру гранттары  иегерлерінің тізімі жылдағыдай 10 тамызға дейін жарияланады. Сонымен қатар тамыздың 25-іне дейін де тиісті құжаттар тапсырылып, әр университет тиісті бұйрықты қабылдайтын болады.