Астананы электр қуатымен жабдықтау саласында департамент қызметін реттейтін 2 табиғи монополия субьектісі бар.
Елордада электр қуатының тарифі қымбаттады
1,136
оқылды

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Қанат Құлназаров Астанада электр тарифі 1 шілдеден бастап қалай өзгергенін мәлімдеді.

«Астананы электр қуатымен жабдықтау саласында департамент қызметін реттейтін 2 табиғи монополия субьектісі бар. Бірі – «Астана-РЭК» АҚ, екіншісі – «Астанаэнергосбыт» ЖШС.

«Астана-РЭК» тарифі электр қуатын сату құны 32,7 млн теңгеге артуымен, еңбекақыға жұмсалатын шығын 1,6 млрд теңгеге ұлғаюына, мемлекет меншігінен кәсіпорынға берілген желілерді күтіп ұстау шығындары 98,7 млн теңгеге артуына байланысты түзетілді. Тарифтің өзгеру мәні 64 тиынға тең. 1 Квт/сағ электрдің тарифі 5,38 теңгеден 6,14 теңгеге немесе 29,5% өсті», – деді ол.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС-нің электрмен жабдықтау тарифі энергия көздері мен энергия беруші кәсіпорындардың тарифінің өсуіне байланысты түзетілген.

«Сондай-ақ, еңбекақы төлеу шығындарының артуы да осыған ықпал етті. Тарифтің орта есеппен өзгеруі 2,7 теңгеге тең. 1 Квт/сағ электр құны 20,4 теңгеден 23,1 теңгеге өсті. Жалпы, кәсіпорындар тарифті 27,1 теңге ету туралы өтінім түсірген болатын. Халық үшін тарифтің өзгеру мәні 2,5 теңге болып отыр. 1 Квт/сағ электрдің құны 14,7 теңгеден 17,2 теңгеге ұлғайды. Өтінім 19,2 теңге болды», – деді Қанат Құлназаров.