Соңғы жылдары Түркияның академиялық орта өкілдері қазақ классиктерінің туындылары мен халық фольклорын түрік тілінде жариялап, әдебиетіміз бен мәдениетімізге қызығушылық таныта бастады.
Қазақ әдебиетіне қызығушылығым Әуезовтен  басталды
1,010
оқылды

 Мәселен, Түркиядағы Мугла Сыткы Кочман университеті Әдебиет факультетіндегі қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі, PhD докторы, профессор Экрем Аян қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы туралы баяндайтын бірнеше кітап шығарды. Бұл ғана емес, түрік ғалымы екі ел ғалымдарымен бірге фольклорлық туындыларға зерттеу жүргізіп, «Қазақ эпостары» атты жинақтың жарық көруіне де атсалысты.
Жақында «түркиялық ыбырайтанушы» атанған ғалымнан Абайдың шығарма­шылығын, философиялық, эстетикалық және қоғамдық көзқарастарын зерделеуге, сондай-ақ ағартушылық білімнің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсариннің өмірбаяны және туындыларымен танысуға не түрткі болғанын сұрап-білген едік.

– Сіздің қазақ ағартушы тұлғаларын күллі түркі әлеміне насихаттап жүргеніңізді білеміз. Жалпы, қазақ ғалымдары туралы зерттеу жүргізуіңізге не түрткі болды?

– Университеттің екінші курсында оқып жүргенімізде оқу бағыттарымызды анықтауға тура келді. Түркі тілдерінің жіктелуі бойынша солтүстік-батыс (қып­шақ), оңтүстік-батыс (оғыз), оңтүстік-шығыс (қарлұқ) сияқты бөлімдерге бөліндік. Бірге оқитын группаластарымның көпшілігі оңтүстік-батыс, яғни оғыз тобын таңдады. Себебі ол оңай әрі түрік тіліне ең жақын. Бірақ «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүргеннен гөрі, қиын болса да көп студенттердің тісі батпайтын тапсырманы орындаудан бастайық деп шешіп, топтағы 5 адам Солтүстік-Батыс тобына таңдау жасадық. Қыпшақ тобына татар, қырғыз, башқұрт, ноғай, қазақ халықтары кіреді. Осылардың ішінен қазақ тілі мен әдебиетін таңдадым. Қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығым осы кезден басталды.
Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша алғашқы жұмысым «Қазақтың жануарлар ертегілері» деп аталды. Бұл менің университеттегі дипломдық жұмысым болды. Қазақ ертегілерін түрік тіліне аударудан бастадым. Шамамен, 400 беттен тұратын бұл аударма жұмысы қазақ тіліне деген қызығушылығымды нығайтып, туыс халықтың тілін тереңірек үйренуіме мүмкіндік берді. Осылайша, қазақ тілін үйренуім бакалавриат кезіндегі грамматикалық білім бойынша дипломдық жұмыс жазуымның арқасында келді. Оның кейінгі еңбектерім қазақ және түрік тілдерінің салыстырмалы синтаксисі мен сөйлем элементтеріне арналды. Бұл тақырып бойынша 6 мақала жарияладым. Артынша мақаламдағы жұмысты ары қарай зерттей жүріп, «Қазақ тілінің грамматикасы» кітабын жаздым. Осы жұмыстың тақырыбына деген қызығушы­лық шабытымды ашып, бұдан кейін жазған кітаптарыма мотивация беретін көз болды ғой деп ойлаймын.

Сіз жаңа «Қазақ тілін қалай үйреніп алдыңыз?» деп сұрадыңыз. Кейін Қазақстанда да қызмет ету бақыты бұйырды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет етіп жүрген кезімде де қазақ тілін өз бетінше үйренуге мүмкіндік туды. Бұл кезеңді мен қазақ тілін біржолата меңгеруге мүмкіндік берген уақыт болды деп санаймын. Елге оралған соң Мугла Сыткы Кочман университетінде қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан түрік студенттері үшін қазақ тілін үйрететін курстар аштым. Шыны керек, өзім ашқан курста студенттерім ғана емес, өзім де қазақ тілін одан да терең үйренуге мүмкіндік алдым. Кейін қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық, сөйлемдік ақпараттары туралы кітап шығардым.

– Қазақ ағартушы ғалымдарының ара­сында ең алғашқы зерттеуіңіз кімге түсті?

– Талай жылдан бері қазақ тілі пәнінен бөлек, әдебиетпен де айналысып келем. Тіл мен әдебиетті қатар алып, екі жақты жұмыс істеу маған да мотивация береді. Қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымды оятқан тұңғыш қазақ зиялысы. Қазақ әдебиеті мен қазақ мәдениетін зерттеуім Әуезовтен басталды. Бұл зерттеу негізінен Әуезов шығармалары мен «Абай жолы» романының сөздік қорын, тиісінше, қазақ тілінің қаншалықты бай екендігін түрік оқырмандарына дәлелдеуге арналды десем артық емес. «Абай жолы» романынан бұрын алдымен Мұхтар Әуезовтің басқа шығармаларын ерекше ыждаһаттылықпен оқып шықтым. Жазушының әр шығар­масынан қоғамға ой салатын құнды дүние таптым. Оның шығармаларындағы әрбір кейіпкерге берілген суреттемелері тәнті етті. Бұған «Абай жолы» романын оқыған кезде де куә болдым. Тіпті, «Абай жолы» романын оқып отырғанда өзің де сол заманда, сол уақытта жүргендей сезінесің. Салқын желдің соққанын сезіп, бір сәт тоңып кетесің. Мен мұндай жарқын сипаттамаларды ешқашан, ешбір шығар­мадан оқыған емеспін.

Қазақ стилін әуелі аңыз-әңгімелерден, сосын әңгімелерден, ең соңында романдардан үйрендім. Бұл шытырман оқиғада мен қазақ тілінің әдеби шығармаларда қаншалықты сауатты екенін көріп, түрік тілімен тамырлас болса да, қазақ тілін үйренуге ерекше күш салу керектігін түсіндім.

– Көпшілік Сізді «түркиялық ыбырай­танушы» деп таниды екен. Ыбырай Алтын­сариннің қазақ ғалымдары танып білмеген жаңа қырын аша алдыңыз ба? Сіз таныған Ыбырай кім?

– Қазақтан шыққан білім ағартушысын қазақтардың өзінен асып ешкім танып, жаңа зерттеу жасаған жоқ. Бірақ Түркияда Ыбырай Алтынсарин туралы зерттеулерді алғаш рет жасадым. Ол кісі туралы 9 мақала мен кітапты басып шығардым. Осылайша, Ыбырайдың ілімін Түркияда насихаттап келемін. Ағартушының «Мұсыл­маншылық тұтқасы» атты шығарма­сымен танысып, оны әрі қарай зерттеуге қызығушылығым ояна берді. Осы уақытқа дейін ағартушының бірнеше туындысын түрік тіліне аударып, өзімнің зерттеу кітабымды жарыққа шығардым. Ыбырай Алтынсарин білектің емес, білімнің күшімен егемендікті сақтап қалуды үйреткен. Қазақ мемлекетінің іргетасын осындай ағартушылар, алаш­орда­шылар қалады. Негізінен, тәуелсіздік соғыспен келеді. Бірақ Қазақстанның егемендігі Абай, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді тұлғалардың қаламының қуатымен келді. Яғни, қазақтың егемендігі үшін ұрыс қаламмен жасалды. Сол қаламның еңбегімен Қазақстан 91-ші жылы Тәуелсіз ел болды.

Менің қазіргі мақсатым да қазақ ағартушыларының салып кеткен сара жолын, еңбектерін күллі түркі әлеміне әрі қарай насихаттау.

Алдағы уақытта да Ыбырай Алтын­сариннің Ильминскийге, Катаринскийге, Соколовқа, Мозахинге жазған хаттарының мазмұнын бағалауды тұтас кітап етіп шығарамын. Хаттарды түрік тіліне аударуды аяқтадым. Қазір мәтін ішіндегі оқулар мен бағалауларды орындап жатырмын. Ыбырай туралы зерттеу жүргізіп жүргенімде оның қазақ балаларының білім алуы үшін жанын пида еткенін, қандай жағдайда да бұл жолдан тайынбағанын көрдім. Кеңес өкіметінің ең ауыр езгісінде халқының білім алуы, дінін насихаттау, қорғау жолында күрескен ол өз басын да өлімге тәуекел етеді. Түрік тілінде Kelle koltukta gezmek деген идиома бар. Яғни, ұлт жолында басымды бәйгеге тігу деген сөз. Ыбырай да қазақ халқының бойына білім дәнін сеуіп, сол жолда құрбан болуға тәуекел еткен қайраткер.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқып жүргенімде «Шариатул ислам-мұсылманшылықтың Тұтқасы» атты шығарманы оқығанда, автордың ерік-жігеріне еріксіз таңғалдым. Тарихқа көз жүгіртсек, шығарма жазылған кезеңдер кеңестік қуғын-сүргіннің ең ауыр кездері болды. Осындай кеңестің қылышынан қан тамып тұрған заманында қуатты туындыны шығарған Ыбырай Алтын­сариннің еңбегі өлшеусіз. Күні бүгінге дейін ағартушының жазып кеткен еңбек­тері ұрпаққа мол азық.

Ағартушы ғалымның Илминскиймен жақын қарым-қатынасын түсінбейтіндер болуы мүмкін. Меніңше, бұл толық қателік. Өйткені Алтынсарин қазақ даласында мектеп ашу, сол мектептерде оқытылатын кітаптарды жазып, басып шығару үшін Илминскиймен жақсы қарым-қатынаста болған болуы керек. Мұны мен қатты желден аман қалу үшін тербелген ағаш сияқты дер едім.

– Қазақтың ұлы ойшылы Абайға аударма жасаған екенсіз. Абайды оқу арқылы не түйдіңіз?

– Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде түрік тілі мен әдебиеті кафедрасы болды. Осы жерде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп жүргенімде «Абайдың қара сөздерін түсінбейміз» дейтін қазақ достарым болды. Сол кезде қазақ тіліндегі жазуды түсінбейтін қазақтарды түсіне алмадым. Абайдың қара сөздерін оқып, қиындығы негізінен араб, парсы сөздерінің болуынан деп ойладым. Бірақ бұл ақын жан дүниесін түсіне білген адамға қиын емес болатын. Себебі Абай ойының тереңдігі, оның философиялық сөздері тәнті етті. Абай – қазақ халқының ең құдіретті ойшылы екенін түсіндім. Осы тұрғыдан мен Абай Құнанбай туралы зерттеуді жөн көрдім. Абайдың қара сөздерін, барлық өлеңдерін түрік тіліне аудардым. Осылайша, Абай туралы ең іргелі зерттеулерді жасадым. Абайдың барлық шығармаларын түрік тіліне аударып, Түркиядағы ең беделді баспалардың бірі – Түрік әдебиеті қорынан шығардым. Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай Қазақстанда, Түркияда және көптеген елдерде түрлі мерекелік шаралар өтті. Сонымен қатар Абай шығармаларын 10 түрлі тілге аудару жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып, үлкен табыспен аяқталды. Осы жоба аясында Абайдың барлық шығармаларын түрік тіліне аудардым. Осы арқылы қазақтың Абайын қазір түрік оқырмандары біліп, оқып жүр. Абай атындағы мектеп­теріміз, көшелеріміз бар. Түркияның бірнеше қаласында Абайдың монумен­талды мүсіндері бар. Абайдың ұлы ойшыл екенін күлі халыққа таныстырып, «елім» деп еңіреп өткен ақынның еңбегін ел-жұрт білсе екен деймін.

– Осы уақытқа дейін қазақ әдебиетіне қатысты қанша зерттеу кітап жаздыңыз? Алашордалықтар туралы қалам тербеп, зерттеу жүргізіп көрдіңіз бе? Әсіресе, бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат Мұстафа Шоқайдың Түр­киядағы өмір жолы түркиялық ғалымдардың еңбегінде көрсетілді ме?

– «Заман айнасы Абай Құнанбай және қара сөздер», «Абай (барлық шығарма­лары)», «Қазіргі қазақ әдебиетінің көсемі Ыбырай Алтынсарин», «Яңқы (Ғалым Жайлыбай өлеңдерінен бөлімдер)» атты кітаптарым жарық көрді. Сонымен қатар «Қазақ эпосы» атты еңбегім кітап болып шықты.

Алаш қозғалысының қайраткері Мұстафа Шоқайға қатысты жобалық жұмысым бар. Бұл жобада «Шоқай» баспасынан шыққан «Яш Түркістан» журналы талқыланды. Араб әліпбиімен 117 нөмірмен жарық көрген бұл журналда Мұстафа Шоқайдың мақалалары латын әріптеріне аударылып, түрікше аударылды. Журналдың негізгі мақсаты – Түркі Одағын құру және Түркістанның тәуелсіздігін алу. Мұстафа Шоқайдың журналдағы мақалаларында қолданған тіл ортақ түрік тілі зерттеулерінің алғашқы үлгілерін құрайды. Бұл менің жұмысымның маңызды нәтижелерінің бірі болды.

Біздің елде Мұстафа Шоқайды негізі­нен тарихшылар зерттеген. Алаш қай­раткері туралы докторлық диссертациялар дайындалды. Бұл еңбектердің ең маңыз­дысы Дархан Қыдырәлі мен Әбдуақап Қараға тиесілі. Мұстафа Шоқай туралы айтқанда, есіме түсетіні: «Әр түркінің екі отаны бар, біріншісі – туған жері, екіншісі – Түркия».

– Өзіңіз секілді қазақ әдебиеті мен мәдениетін, алашордалықтар туралы зерттеу жасап жүрген түрік жазушыларынан кім­дердің есімін атар едіңіз?

– Соңғы жылдары бауырлас қазақ халқы­ның тарихы, әдебиеті мен мәде­ниетіне қызығушылық танытып, қалам тербеп жүрген түрік ғалымдары бар. Түрік қазақ тілі, әдебиеті, ассорданттары бойынша жұмыс істейтін зерттеушілер мен жазушылар арасында Нергис Бирай, Ахмет Буран, Мұстафа Өнер, Орхан Сөй­лемез, Наджие Йылдыз, Гүлжанат Эржи­ласун, Кенан Коч, Джемиле Кынажы, Эрджан Петек, Лайык Алтынмакастың есімін ерекше айтар едім.

– Қазақ қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеген екенсіз. Осы аралықта екі елдің әдебиетіне тән қандай ортақ құндылықты байқадыңыз? Алаштың арманы мен мұраты түрік халқына қаншалықты жақын екен?

– Қазақ халқы мен түрік халқы – өз тәуелсіздігін сүйген бауырлас халық. Олар бұл үшін майдан даласында да, кітап бетінде де күресті. Бұл тұрғыда ақындардың тәуелсіздікті қорғауға, алуға қосқан үлесі зор болды. Бұл тұрғыда Мехмет Акиф Ерсой, Мұхамбет Өтемісұлы, Мағжан Жұмабаев, Ариф Нихат Ася сияқты ақындар салыстырмалы түрде зерттеліп, жарық көрді. Алаштың мақсаты – тәуелсіз, мәңгілік Отан құру. Бұл тұрғыда алаш қайраткерлерінің еңбегі зор. Алаш қаламгерлері халық арасындағы ұлттық құндылықты дәріптеп, елі мен жерін қорғаудың алғышартын ұсынды. Осы арқылы ұлтты қауіптен сақтандырып, ынтымақты болуға шақырды. Қазақ пен түрік ағартушылары халықтың санасын ояту мақсатында шығармалар жазды. Ол – өз кезеңінде халық арасында бірлік пен ерліктің отын жаққан адамдар. Бұл екі жақта да болды. Біздің елде де батырлар жыры жазылған. Егемендік үшін күресте ақын-жазушылар мешіттерге барып уағыз айтып, халықты тәуелсіздік жолындағы күрестің айналасына шақырды.

– Қазіргі кезде қазақ студенттерінің Түркияда тәжірибе алуына мүмкіндік жасап, дәріс өткізетініңізді де естіп білген едік. Бұл жоба өзіңіздің идеяңыз ба?
– Бүгінде білім беру халықаралық сипатқа ие бола бастады. Сондықтан университетімізге қазақ жастарының көптеп келуіне күш салып жатқаныма қуаныштымын. Осы күні Мугла Сыткы Кочман университетінің Түрік тілін оқыту орталығының (TÖMER) директорымын. Қазақстаннан университетімізге оқуға келетін ағайындарымызға жағдай жасап, университетіміздегі қазақ студенттерінің санын көбейтуге тырысамын. Түркияда жүрсе де өз елінде жүргендей сезінсе дей­мін.

Қазір университетіміздің Түрік тілін оқыту орталығының қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері кафедрасы­ның меңгерушісімін. Біздің бөлімде түркі халықтарының тілдері, әдебиеті және қысқаша тарихы оқытылады. Біздің бөлімді бітірген әрбір студент түрік әлемінің географиясын біледі және қызығушылық танытқан тілде сөйлеуге жеткілікті білім алады. Кафедрамызда қазақ, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түрік­мен, татар тілдері мен әдебиеті оқытылады. Біздің басты мақсатымыз – шәкірттерімізге тамырлас халық екенімізді үйрету. Осы санамен түркі бірлігіне қызмет етуін қам­тамасыз ету. Бұл жолда еңбек етіп жатқа­ным мен үшін үлкен абырой.
– Әңгімеңізге рахмет!    

Сұхбаттасқан Жадыра МҮСІЛІМ