Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 78 жыл толды.
Жырақта қалған батыр ұл
11,015
оқылды

Содан бері қанша жыл өтсе де, әлі күнге есімдері аталмай қалған батырлар аз емес. Сондай асыл азаматтардың бірі – кеудесін оққа төсеп, соғыстан кейін де әскери қызметте болып, атағы да, абыройы да жат жерде қалған әкем Дүйсен Ибраимов деп ойлаймын.

Ол 1942 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарабұлақ ауылында онжылдық мектепті аяқтап, 1943 жылы Воронеж майданының құрамына танкист болып қабылданады. Сол жылы «Курск шай­қасы үшін» орденімен марапатталады. Әкем соғыс аяқталғанға дейін ең жауапты екі майданда – Бірінші Украин және Бі­рінші Беларусь майдандарында болғанын айтып отыратын.

Ол бірден соғыстың қайнаған орта­сына түскен екен: майданға бара жатқан­да олардың әскери эшелонын фашистік ұшақтар бомбалап, жанындағы бірнеше жігіт көз алдында қаза тауыпты. Олардың эшелондары Воронеж қаласына келеді. Қаланы қақ жарып ағып жатқан өзеннің бір жағалауында – немістер мен венгрлер, екінші жағалауындағы авиа­ция­лық зауытта Кеңес әскерлері жайғас­қан еді. Сол жерден Гитлер өзінің және одақтас әскерлерін Кавказға және Ста­лин­градқа бұрып әкетті.

Архивтен және есеп карточкасынан алынған мәліметтерге сәйкес, подпол­ковник Д.Ибраимов ең басында 1-гвар­диялық танк армиясының танк бригадасы 11-танк полкіне қабылданады, онда ол Воронеж қаласы үшін болған шайқастың соңына дейін қатысады. 1944 жылға де­йін ол Польшада, Сандомир плацдар­мында ауыр жарақат алады. Госпитальдан емделіп шыққан соң Орынбор команда­лық зениттік-артиллериялық училище­сінде оқиды. Содан кейін офицер Ибраи­мов Берлинді басып алу үшін болған шайқаста артиллерия командирі ретінде соғысады.

Берлин үшін шайқаста ол Сталин­градты қорғаған армия генералы Василий Чуйковтің басшылығымен 8-гвардиялық армияның 24-атқыштар дивизиясы 168-атқыштар полкінің құрамында шайқасады және «Германияны жеңгені үшін» жауынгерлік медалімен марапат­талады.

Жеңістен кейін Германияда әртүрлі офицерлік лауазымдарға, сонымен қатар Силезиядағы көмір шахтасын күзету бастығы болып тағайындалады. 1948 жылы әкемді Қытай Халық Респуб­лика­сының Қызыл армиясына көмектесу үшін жапон милитаристеріне қарсы соғысқа қатысуға Шығысқа жіберілді. Әскери білімі бойынша зениттік коман­дир болғандықтан, ол әуе колоннасының әуе қорғанысы бастығы болып тағайын­далады. Колонна Қазақстаннан шекара арқылы, одан әрі Суарға және Қытайдың шалғайында шоғырланған жерлеріне қарай жылжиды екен. Әкемнің айтуын­ша, сол кездері Қытай аумағында 600 мың қазақ, 10 мыңнан астам орыс және т.б. ұлттар өмір сүрген.

Әкем Германиядан 1953 жылы орал­ды. Осыдан кейін ол Алматыда замполит кавалерия полкінде қызметте болды. 1958 жылдың қыркүйегінде Ленин атындағы №1 Ленинград кешкі мектебіне оқуға түсті. Ал 1960 жылы маусымда Ленин­град педагогикалық институтына Тарих факультетіне түсіп, 1964 жылы сәтті бітірді. 1963 жылдың желтоқсанында жетілдіру курстарына жіберілді, ал 1955 жылдың 20 желтоқсанында Тәжік­станның Чкаловск қаласына аттанды.

Үнемі әскери қызметте болғандықтан, ол соғыс туралы сөйлескенді ұнатпайтын, тек оны мектептерге, әртүрлі ұйымдарға кездесуге шақырғанда ғана еске алатын. Мен әкем Қырғызстанда әскери қызметте болғанда, Майлы-Сайда дүниеге келіп­пін. Әкем тау жотасында орналасқан уран кендерін игеру ауданының әуе қорғанысы бастығы болды. Содан кейін олар ұзақ уақытқа Тәжікстанның Чкалов­ск қалашығына көшіріліпті. Ол 30 мыңға жуық халқы бар жабық қала еді, уран өндірісімен айналысатын. Қала Мәскеу­дің қарамағында болған, тіпті балмұздақ­тың өзі Мәскеуден әкелінетін. 1968 жылы әкем Ташкенттегі Армия штабына ауыстырылды.

1970 жылдың 31 мамыры – әкемнің дү­ниеден өткен күні, бұл – менің өмірім­дегі ең қаралы күн. Әкем жүрек талма­сынан қайтыс болды. Жерлеу кезінде мен ұлыма оның есімін беретінім­ді түсіндім. Өз елінде туып, жат жерде қыз­мет қылған әкемнің денесі 1970 жыл­дың 5 маусы­мында Тәжікстан жеріндегі Чкаловск қаласында жер қойнауында тапсырылды.

Міне, менің жадымда қалған әкемнің жарқын да батыл бейнесі осындай.

 Естелік жазған ұлы Юрий Ибраимов