Оралға бару көптен бергі арманымыз еді.
Жайраңдап Жайық ағады
762
оқылды

Осынау бір әсем қаланың сұлу келбетіне тамсанып, көрікті кейпіне құмар едік. Суреттен көріп, сүйсінгеніміз болмаса, табанымыз тимеген қала. Сыртынан қанықпыз, ішкі әлеміне үңілмегеніміз бар-ды. Құрманғазы мен Дина шыққан қасиетті мекен ғой. Мәншүктей батыры бар, Жұбан мен Қадырдай ақыны бар бұл өлкеге қалай мақтанса да жарасады.

Оралға келсек, ең бірінші іздей­ті­німіз – Ақұштап Бақты­ге­реева. «Ақжайықтың ақ шағаласы» атан­ған ақын апамның Алатауынан алыс­тап, туған өлкеге, Оралға қайта орал­­­­ғанынан да хабардармыз. Ара-тұра қоңырау шалып, әдебиеттің төңірегінде сырласатынымыз тағы бар.
«Ай, күні бар Жайықтың,
Ақ таңы бар арайлы,
Айдыны бар Жайықтың
Әлдилеген талайды», – деп өмір ­бойы Жайығын жырлап келе жатыр. Ақұш­тап апа елеңдеп, бізді тосып отыр екен. Көлігіне отырғызып алды да, «шу, қа­рақұйрық» деп тартып кетті. Ақұштап апа­ның бір ойлағаны бар шығар деп, үнсіз отыра бердік. Қала сыртына шық­қан соң ғана апам ақтарылып, әңгімесін бас­тады.
«Орал шағын қала ғой. Оны аралау ешқайда қашпас. Сендерді Құрманғазы аталарың жүрген жолмен жүргізгім ке­леді. Өздерің білесіңдер, қазақ даласын ас­қақ күйлерімен тербеген Құрманғазы ата­ларың Бөкей хандығы, қазіргі Жаңа­қала ауданына қарасты Жиделі де­ген жерде дүниеге келген. Әкесі Са­ғыр­бай өнерден алыс, қақ-соқпен ісі жоқ, қарапайым шаруа адамы болатын. Шешесі Алқа адуынды, бірбеткей, ер мінезді кісі болған. Той-томалақта кү­рес­кен палуан әйел атанған. Құр­ман­ғазы аталарың ерте жұрт назарына ілік­кен. Оны күй өнеріне баулыған әрі ал­ғаш­қы ұстазы Ұзақ күйші болатын. Ба­ла болса да, ұстазымен бірге ел ара­лап, талай-талай сайыстарға түсіпті. Сол замандағы небір атақты күйші­лер­мен араласып, шеберлігін шыңдай тү­седі. Аяусыз азап пен сол заманның қи­тұрқы саясатына қарсы болған Құр­манғазыны талай рет түрмеге де сал­ды. Ол кісі жатқан түрме бар осы маңда. Ескі түрменің орны сақтаулы тұр. Сыр­тынан өткен сайын «Құрманғазы жат­қан түр­ме деп ел-жұртқа айтып өтемін» деп бір күрсініп алды апа.

Жайықты жағалай ұзыннан-ұзақ жол жатыр. Айнала көк­майса, жайқалып тұр. Биыл Жайыққа су мол жиылған секілді. Мал да қоңды көрінді.
«Жайығымыз толып, көңіліміз мар­қайып қалды. Су болса, шаруаның да жайы түзеледі ғой» деп, ары қарай Құр­манғазы туралы әңгімесін қайта жал­ғады. «Құрманғазы аталарың не көр­меді дейсің. Алты рет абақтыға қама­лып, босап шыққан. Бір күні түрмеде жатқан Құрманғазыға анасы Алқа ке­леді. Баласының түрмеде езілген түрін кө­ріп, ұлының жағынан бір тартып жі­беріпті. «Мен ұл тудым ба десем, ез ту­ған екенмін ғой. Мына қас дұшпан­дарыңның алдында оныңды көрсетпе» деп, қапаста жатқан ұлына жігер беріп­ті. Сол кезде күйші қолына домбырасын алып, «Қайран, шешем» деп күмбірлете жөнелген деседі».
«Кісен ашқан» күйі де осы түрмеде туса керек. Ол туралы Ахмет Жұбанов­тың жазғаны бар. Онда өнер зерт­теу­шісі: «Күндердің бір күнінде Құр­ман­ғазы амалдың жоқтығын біліп, қалайда қашуды ойлайды. Айсыз қараңғы бір түнде жұмыстан қайтып келе жатып, аяғы ауырып, тіпті жүргізбеген болып, Құрманғазы тұтқындар тобынан кейін қала береді. Қапысыны тауып, конвой­дың біреуін қағып түсіріп, қаша жөне­леді. Қараңғыда күйшінің ізін жоғалтып алған конвойлар түрмеге қайтады. Оның алдында күндіз жұмыс үстінде Құр­манғазы баяғы Лавочкиннің шеше­сі берген болат араны ұлтарағының асты­нан суырып, кісеннің бір жағын ке­сіп, жай орнына байлап қойған бола­тын. Қашарда бір жағын қолына алып, адым­дай жөнеледі. Қаладан алысырақ бір сарайға барып, кісеннің екінші ба­сын да кесіп, сол араға лақтырып тас­тай­ды. Біреулердің айтуынша, Құрман­ғазы қашар тұста кісенді жұлып аламын дегенде өзінің майөкшесінің бірін жұлып алады да қаша береді. Ол күні қа­лың шөптің арасынан ешқайда шық­пайды. Кісен қиған жерлерін көйлек-дамбалынан жыртып алып орайды. Кеш бата Құрманғазы Жайықтың бойын төмен қуа жүре береді. Таң ата бір ауыл шетіндегі малшының үйіне ке­ліп, өзінің мән-жайын айтады. Ол үй­дің иелері Құрманғазыны тамақ­тан­дырып, басқалардың көздерінен таса­лап, тығып ұстайды. Жарасына сормақ­та тартып, жақсылап байлап береді. Кішкене тыныққан соң, Құрманғазы дом­быра алдырып, бірнеше күй тарта­ды. Ең соңғы күйінде қайғының үні шы­ғады. Айналадағыларға Құрманғазы бұл күйдің «Кісен ашқан» екенін айта­ды»...
Жайықты бойлап, көлігіміз жүйт­кіп келеді. Дәл осы жол­да Құрманғазы атамыз абақтыдан жаяу-жалпы қашып шықты-ау деген ой келеді. Кісен қажаған, кісенді жұ­лып аламын деп, еті қоса жұлынған, қан сорғалаған аяғын сүйретіп, безіп бара­ды. Қайда барады, бағыт-бағдары да белгісіз. Бастысы, тор қапастан аман шықты. Тән жарасы жазылар, жан жа­ра­сын емдей ала ма? Соңында бар қай­­ғы­сы, түрме азабы күй боп төгілді. Күй боп өрілді. «Кісен ашқан», «Түрме­ден қашқан» күйлері – соның дәлелі.


Сынаққа сынбаған жан

Ақжайық ауданы. Бұрынғы Чапаев ел­ді мекені. Ақұштап апа туған мекен. Біз­ді бірден аудандық орталық­тан­ды­рылған кітапханаға алып келді. Есік ал­дында еңселі ескерткіш орнатылған. Ол ескерткіш қазақтың көрнекті ақы­ны Сағынғали Сейітовтің 100 жыл­ды­ғына арнап қойылған. Жұбан ақын мен Са­ғынғали Сейітовтің арасындағы ру­хани байланыс пен терең сыйластық талай жанға үлгі болды. Аудандық тари­хи-өлкентану музейінде С.Сейітовтің тұтынған заттарынан жасақталған жеке ка­бинеті ашылған. Музейде қалам­гер­дің жылдар жүзінде жарық көрген кі­тап­тары, фотосуреттері, жеке заттары, ең­бегі мен қазақ кеңес әдебиетін да­мытуға қосқан үлесі үшін алған гра­мо­талары, медальдары қойылған.
Айтқандай, біз барған уақытта елге белгілі кәсіпкер Ләззат Сейткерееваның мерейтойын атап өтіп жатыр екен. Тура той­дың үстінен түсіппіз. Ләззат апай Ақ­суат ауылында тұрады. Орал – Аты­рау тас жол бойындағы «Саланг» дәм­хана­сы жергілікті жұртшылыққа жақсы таныс. Ләззат апайдың қиын тағдырын естіп, көзімізге жас үйірілді. Нағыз қай­сар рухты жан. Жолдасы екеуі ал­ғаш кәсібін 1999 жылы бастаған екен. Күре жолдың бойында жаман вагонды сүйреп әкеліп, шағын дәмханасын аша­ды.
«Айналада дым жоқ. Зулап жатқан кө­ліктер. Бос жатқан кең дала. Тіпті жарық та орнатылмаған. Халықтың кеңдігі шығар. «Мынау жаман вагон ғой» деместен, асханаға соғып, дәм та­тып кететін еді. Шамның жарығымен жолаушыларға тамақ беретінбіз. Жол­дасым Ауған соғысының ардагері болғандықтан, жолдастарын еске алып жү­рейін деп, дәмхананың атын «Са­ланг» қойды. Алланың сынағы болар, 2008 жылы жолдасым жол апатынан көз жұмды. Екі ұл, бір қызымды жетіл­ді­рейін, жылап-сықтап отырғаным жара­мас деп, қайта кәсібімді жалғап кет­тім. Арада он бір ай өткенде жиырма жас­тағы үлкен ұлымнан айрылдым. Екі жыл өткенде екінші ұлымды да көлік қа­ғып кетті. Жолдасымнан бір айы­ры­лып, екі ұлымнан тағы айырылып, пү­шәйман халге түстім. Тіпті өмір сүр­гім келмеді... Күйреп, құлап жат­қа­ным­да ата-анам сүйеу болды. Қолтығымнан де­меді. Бұл да маған берген Алланың сы­нағы шығар. Анам өмірбақи мұғалім бол­ған адам. «Қызым, өмір – күрес. Бұл күрес­те сен жеңуің керек. Қызыңды ойла» деп, тұңғиықтан алып шықты. Қа­зір жұбанышымды еңбектен таба­мын. Осы ауылда тудым, осында өстім, осы жерде есейіп келе жатырмын. Ауы­лым­ның әр тасы, әр адамы – қымбат. Сол ауылды сақтап қалғым келеді» дей­ді Ләззат апай.
«Басқа түссе – баспақшыл» дейді, сон­шама қиындықтарға қарамастан, өмір үшін күресте сынып кетпей, қайта бас түзеген кәсіпкердің қайсар рухына тәнті болмасқа амалың жоқ. Тіршілік қазанын қайнатып, жолдасынан қалған кәсібін ары қарай дөңгелетіп әкетті. Шағын дәмханадан басталған жұмысы ары қарай кеңейіп, ауылдағы ағайынды жұмыспен қамтып отыр.

Кеудеме өлең нұрын құйып өткен...

Ақжайыққа барған жан Жұбан ор­талығына соқпай кетпейді. Есімі алты алаштан асып, «Мен – қазақпын!» деп жар салған ақынның есімі ұмытылмай­тыны сөзсіз. Академик Зейнолла Қаб­долов: «Жұбан – қазақ поэзиясындағы, әде­биетіміздегі ірі құбылыс. Ол – Орал­­­­дың ғана емес, қазақтың Жұбаны» де­ген екен. Сол қазақтың Жұбанына ар­нап, туған мекенінде орталық ашқа­ны­на да көп бола қойған жоқ. Бұл ғи­марат Жұбан Молдағалиевтің 100 жыл­дығына арнап, кәсіпкерлердің тарт­қан сыйы екен. Жұбан орталығы төрт бөлмеден тұрады: кітапхана, руха­ният залы, ақын кабинеті, музей бөл­месі. Музейдің ішінде Жұбан ақынның қол­данған заттары, кітаптары, кітап­ханасы әкелінген. «Мені білгілеріңіз келсе, менің жыр-дастандарыма үңіл» де­ген ақын болмысын оның шығар­ма­ларынан табарымыз хақ.
Көзі тірісінде елге келгенде үнемі Сая­сат дейтін ақсақалдың үйіне тоқ­тай­ды екен. Сол кезде өзі пайдаланған керуеттің қасындағы кілемше мен күн­тізбелікті кейін Саясат атаның ұлы ор­талыққа табыс етіпті. Көне жәдігер­лерімен қатар, бес фото альбом да тұр. Бұл альбомдар кезіндегі Орал өңірінің тари­хынан сыр шертеді. Мұның бәрін жи­нақтаған – ауыл тұрғындары.
Орталықта Ақұштап апа Жұбан аға ту­ралы әдемі естеліктерін бөлісті. Әй­гілі Желтоқсан оқиғасы кезіндегі Жұ­бан ағаның ерлігі туралы да айтып өтті.
«Жұбан ақынның ерлігі туралы «Ер­лікті көзбен көрген күн» атты өлеңім­де жазғанмын.
– Ұрпағыма халім бар не дер енді,
Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.
Қыздарымды сүйретіп бұрымынан
Ит таласын деп пе едім немеремді?

Ақынша айтсам, «ұлы елдің» бұл мазағын
Менің далам көтерді күллі азабын.
Тың жерімді игерген бауырларың
Тракторге таптатты қыр қазағын.

Оныңа да шыдады халқым менің,
Берді емес пе билігін, алтын кенін.
Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,
Түсінбейсің замандас, салтын елдің.

Бір еместей өзіңмен жолым бүгін
Мен айтпасам паш етер сорымды кім,
70 жылдай, құрбым-ау, келесіңдер
Пайдаланып қазақтың момындығын.

Деп үйреттің мәңгүртсің; бәрің надан,
Тіл мен діннен айрылды елім, бабам,
Кеше алаңда сабаған — сенің тегің,
Ал таяқты жегендер менің балам...

Бірақ сол сәтте Жұбан ақынның сол залда сөйлеген сөзін ешкім жаз­ған жоқ. Газеттердің өзі «сылап-си­пап» беріп жатты.
«Біздің тілімізді алды. Оған да көн­дік. Сенімімізден айырды. Оны да кө­тер­дік. Менің халқымнан тағы не қа­лай­сыңдар?» деп ашық айтты. Батыр­лық қой. Мәскеу жіберген адамға олай сөй­лейді деген ешкімнің ойында жоқ. КСРО депутаты жастарды қаралап сөй­лейді деп ойлаған ғой. Одан мұндай сөз­ді ешкім күткен жоқ. Колбин қып-қы­зыл болып кетті. Зал тегіс тынып қал­ған. Қол соғуға да қорқып тұрмыз. Үп еткен жел жоқ. Төбеден жай түскен­дей біз отырмыз. Бір сәтте біреу ақырын жерді тепкілеп, дыбыс шығара бастады. Барлығымыз жан-жақтан еденді теп­кілей жөнелдік. «Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етіп, ұйқысынан бар қазақ оян­ғандай». Әскер қарап тұр, үш әріп тағы бар.
Сонда Жұбан ақынның жасы 68-де. Солай тіп-тік қалпы, тайсалмай сөйле­ген ақын арада бір жыл өткенде ауру­ха­наға барып, қалай өліп қалады?» деп ауыр күрсінді ақын апа.
Жұбанның жұмбақ өлімі туралы ақын Қадыр Мырза Әлі де жиі айтатын. «Әй, Қадыр, мен бұл жерден тірі шық­паймын-ау», – дейтін еді… Жұбан Мол­дағалиев тұтас советтік әміршіл-әкімшіл жүйеге ашық қарсы шыққан адам. Оның «тірі жүргені» сол жүйенің өктем, озбыр билігіне қауіпті болатын, – деген Қадыр ақынның сөздері күмән­ді күшейте түсе­тіндей…
«Ерлікті көзбен көрген күн»... Өлең жүректі тілгілеп жатты. «Желтоқсанның көргенше он алтысын, бір күн бұрын батсамшы батар күнмен»... Қайран, Жұбан ақын! Сіз тұтынған әр жәдігер бізге қымбат! Сіз жазған әр шығарма бізге құнды! Сіз қаймықпай, кеңестік империяға қарсы шыққан сол бір тарихи сәт мәңгі ұмытылмайды...

P.S.
«Ақ Жайыққа барамын алып-ұшып,
Жас жүректің жарқылы жалын құшып.
Сырым туған далаға сәлем айтад(ы)
Жанарымнан тамшы жас ыршып түсіп».
Біз Жайықтан көрсек деген дүние көп еді. Соның бірі – Жұбан ақын туған мекенге ат басын бұру болатын. Ол арманымыз да орындалғандай. Ақжайық ауданын Жайық өзені жарып өтіп жатыр. Бір кездері Чапаев атанған мекеннен жалғыз Чапаев ескерткіші қалыпты. Оның өзі тал астында жасырынған. Есесіне, Молдағалиев ескерткіші қасқайып тұр. Кеше мен бүгіннің бейнесі секілді...
Біз осылай Жұбан туған мекенге барып бас иіп, тағзым етіп қайттық.

 

Гүлзина БЕКТАС