Жаңа дүниелерді оқуға және білуге деген қызығушылықты ояту үшін әркім өзінен бастауы керек.
«AMANAT»: Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады
795
оқылды

Ол үшін «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясында Bookcrossing Club-тың кезекті отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде атап өткендей, смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Оның айтуынша, шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Осыған байланысты Президент ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығарудың маңызды екенін атап өтті. 

 

«Қазір қазақ тіліндегі контент танымал бола түсуде. Соңғы мәліметтер бойынша қазақстандықтардың 90%-дан астамы мемлекеттік тілді меңгерген. Интернет пайдаланушы жас буын контентті негізінен қазақ тілінде құруды және тұтынуды жөн көреді. Бүгін біз отандық әдебиеттің негізгі трендтері мен даму жолдарын талқыладық», – деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.

Буккроссингтің қонағы «Ұлттық аударма бюросы» қорының басшысы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Рауан Кенжеханұлы болды. Ол қатысушыларға қазіргі әдебиетті қазақ тіліне аударудың ерекшеліктері туралы айтып берді.

«Аударма ісі – бұл лингвистердің, тарихшылардың, редакторлардың және басқа да сарапшылардың қатысуын қажет ететін көп қырлы процесс. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» әлемнің жетекші университеттерінің тарих, философия, әлеуметтану, психология, антропология, мәдениеттану және т.б. бойынша үздік оқулықтары қазақ тіліне аударылды. Қазір біз KITAP мобильдік қосымшасын жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, онда қазақ тіліндегі электронды кітаптар мен аудиокітаптар орналастырылады. Әлемдік трендтерден қалыс қалмауға, танымал басылымдарды қазақ тіліне уақтылы аударып, оқырмандарды қуантуға тырысамыз», – деді ол. 

Іс-шараға қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, оқыған кітаптары туралы әсерлерімен бөлісті. Bookcrossing Club отырысы тұрақты негізде өткізіледі.

 

Айта кету керек, «AMANAT» сайлауалды бағдарламасы аясында еліміздің әдеби игілігін цифрландыру үшін бірыңғай кітапхана платформасын құру жоспарлануда. Сонымен қатар, мәдениет, мұрағат және кітапхана қызметкерлерінің жалақысы екі есеге артады. Осы жылдың өзінде 44 мәдениет нысаны салынып,  250-інде жөндеу жұмысы жүргізіледі. Олардың ішінде театрлар, кітапханалар, білім беру және демалыс орталықтары бар.